Әбу Һурайрадан (Алла оған разы болсын) жеткен хадис: Алла Елшісі (с.ғ.с) айтты: «Сендердің қайсыбірің сәжде жасағанда түйе сияқты шөкпесін. Қолдарын тізелерінен бұрын қойсын». Бұл хадисті Әбу Дәуіт, Нәсәи және Тирмизи риуаят еткен.
Хафиз Ибн әл-Қайим айтты: Ал жоғарыда келген Әбу Һурайра хадисіне келсек, оны Бұхари, Тирмизи және Дарақутни әлсіз деп сынаған.
Имам Бұхари: «Мұхаммед ибн Абдулла ибн Хасан бұл хадисті жалғыз жеткізген, оған ешкім ілескен жоқ. Сондай-ақ: «Оның Әбу Зинадтан естіген-естімегенін білмеймін», - деген.
Тирмизи былай деген: «Бұл – ғариб хадис. Біз оны Әбу Зинадтан осы жолдан басқа түрде білмейміз». Дарақутни былай деген: «Бұл хадисті әд-Дарауарди жалғыз өзі: Мұхаммед ибн Абдулла ибн Хасан әл-Алауиден, ол Әбу Зинадтан жеткізген.
Сондай-ақ хадистің басы соңына қайшы келеді. Себебі түйе шөккенде алдымен алдыңғы аяқтарын (қолдарын) жерге қояды, артқы аяқтары тік тұрады. Ал тұрғанда алдымен артқы аяқтарымен тұрады да, алдыңғы аяқтары жерде қалады. Міне, Пайғамбар (с.ғ.с) тыйым салған нәрсе осы, әрі соның керісінше істеуді бұйырған. Оған қарсы келетін сөз – «қолдарын тізелерінен бұрын қойсын» дегені.
Тирмизи кітабының түсіндірмесінде былай делінген: Хадистің басы соңына қайшы екені анық. Өйткені адам қолдарын тізесінен бұрын қойса, түйенің шөккеніндей болады. Бұл мәселе жайлы толық талқылауды «Иғламус-Сунан» кітабынан қараңыз (3/25–29).
Әбу Исхақтан риуаят етіледі: Мен Бәра ибн Азибтен сұрадым: «Пайғамбар (с.ғ.с) сәжде жасағанда жүзін қай жерге қоятын еді?» Ол: «Екі алақанының арасына», - деп жауап берді.
Имам Тирмизи бұл хадисті риуаят етіп: «Бұл тақырыпта Уаил ибн Хужр мен Әбу Хумайдтан да риуаяттар бар. Ал Бәраның хадисі – хасан, сахих, ғариб хадис», - деген.
Уаил ибн Хужр (р.а.) былай дейді: «Ол Алла Елшісінің (с.ғ.с) намазға кірген кезде қолдарын көтергенін көрді». Сондай-ақ: «Сәжде жасағанда, екі алақанының ортасына сәжде жасайтын еді», – делінген. Муслим, Ахмад риуаяты.
материал «Пайғамбар (с.ғ.с) намазының көрінісі» кітабынан алынды,
ummet.kz