Асуад (р.а.) Жүндуб (р.а.) мына төмендегі хадисті риуаят еткен екен: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) науқас болып қалды. Сонда түнгі уақытта оқылатын намазды орнынан тұрмай, (отырып) оқыды», - деді.
Жүндуб ибн Абдулла (р.а.) риуаят етті: «Жебірейіл ғ.с. Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) бір мұнша уақыт келмей қалды. Құрайыш тайпасының бір әйелі: “Шайтан оның алдына келмей қойды”, - деп сөз таратты. Сонда, “Уа-д-духа уә-л-ләйли иза сажа ма уаддағака раббука уа ма қала”, - деген аят нәзіль болды. Мағынасы: “Сәске уақытында, Тым-тырыс түнге ант. Раббың сені тастамады да кейімеді» («Зуха», 1–3 аяттар) - деді.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) түнгі және нәпіл намаз оқуға мәжбүрлемей үндегені; Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) (қызы) Фатиманы және (күйеу баласы) Әлиді (р.а.) есікті тықылдатып, түнгі намазға оятқаны туралы Умму Сәлама (р.а.) риуаят етті: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір күні түнде оянып: “Субханалла, бұл түні қандай бүліктер мен (қайғылы) жамандықтар нәзіль болды екен?! (яғни, кімдерге азап, ал кімдерге рахмет нәзіль болды екен?!). Кім бөлмелерде ұйықтап жатқандарды оятады! Ей Раббым, бұ дүниедегі киімділер о дүниеде жалаңаш болады!”, - деді.
Хазреті Әли ибн Әбу Талиб (р.а.) риуаят етті: «Бір күні түнде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мені және қызы Фатиманы есікті тықылдатып оятты-да, “Намаз оқысаңдар болмайды ма?”, - деді. Сонда мен: “Я Расулулла, жанымыз Алла тағаланың қолында, егерде бізді оятуды қаласа, өзі оятады”, - деген едім, маған бір ауыз сөз айтпады. Бірақ кетіп бара жатып қолдарын санына ұрып: “Адам әуел бастан бері сондай айтысқақ еді”, - дегенін естіп қалдым», - деді.
Айша анамыз (р.а.) риуаят етті: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) адамдарға парыз болып қалмағынан қорқып өзі ұнатқан кейбір амалдарды қылмайтын еді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) “Зуха” намазын оқығанда, әлбетте менде бірге оқитынмын», - деді.
Айша анамыз (р.а.) риуаят етті: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір күні түнде мешітте намаз оқыды. Ол кісіге ілесіп бір қанша кісілер де оқыды. Ертеңгі күнгі түнде адамдар одан да көбейді. Үшінші және төртінші түндер болса адамдардың қатары тіптен көбейіп кетті. Келесі түнде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мешітке шықпай қойды. Таң намаздан соң: “Тарауих намазын оқимын, деп қылған істеріңді көрдім. Сендердің алдарыңа шығуыма еш нәрсе кедергі болған жоқ. Бірақ та, түнде намаз… оқу сендерге парыз болып қалуынан қауіптендім», - деді. Бұл оқиға Рамазан айында болған еді».
материал «Сахих әл-Бұхари» кітабынан алынды,
ummet.kz