Әуретке қатысты мәселелер мен үкімдер:
1. Әуретті жабудағы мақсат – дененің айналасынан қарағанда көрінбейтіндей жабық болуы, яғни дененің астынан немесе жоғары жағынан қарағанда жабық болуы шарт емес.
2. Денені жауып тұратын киім терінің түсін көрсетпей тұруы керек. Егер киген киім жұқа болып, оның астындағы терінің түрін ажыратуға болатын болса, ол киім деп есептелмейді және онымен намаз оқуға болмайды. Ондай киіммен оқылған намазды қайта оқу – парыз. Себебі әуретті жабу – намаздың шарттарына жатады. Ал намаздың бір шарты үзірсіз орындалмаса, намазды қайта оқу керек. Сондай-ақ терінің түсін жауып тұрғанымен, денеге жабысып тұратын киіммен намаз оқу мәкруһ болады.
3. «Намаз үстінде әурет ашылып кеткен жағдайда не болады?» деген жайтқа байланысты «Намазды бұзатын істер» тарауында баяндалған.
4. Егер тұтқында немесе сол сияқты қиын жағдайға тап болып, нәжіс киімнен басқа киім таппаса, нәжіс киіммен намаз оқуға рұқсат және оқыған намазын қайталап оқымайды. Ал бар киімі әуретін жабуға жетпесе, тек екі ұятты жерін ғана жауып намаз оқуға болады. Сол сияқты бір жағдайлармен ешқандай киімсіз, яғни тыр-жалаңаш қалса, отырып, екі аяғын бір-біріне айқастырып, барынша әуретін жабуға тырысып, рукуғ пен сәждені басын изеп оқиды және бұл намазды да қайта оқымайды.
5. Нәжіс киімді екіге бөліп қарастырады:
– Егер киімнің өзі нәжістен тігілген, мысалы, шошқаның терісі немесе тазалауға келмейтін нәжіс зат тиген киім болса, жалаңаш күйі намаз оқу керек. Себебі бұл киімдерді намазда киюге тыйым салынған. Мәлики мазһабында ондай киіммен намаз оқиды және намаздың уақыты шыққанға дейін таза киім таппаса, намазын қайта оқымайды. Ханбали мазһабында тазалауға келмейтін нәжіс тиген киіммен намаз оқиды, бірақ міндетті түрде таза киім тапқаннан кейін намазын қайта оқу керек. Ал нәжістен тоқылған не тігілген киіммен намаз оқымайды, ол кезде жалаңаш намаз оқиды және ол намазды да қайта оқымайды (Китәб әл-фиқһ алә әл-мазаһиб әл-арбаға, 111-бет).
– Егер өзі таза, бірақ сыртқы себептерге байланысты киюге тыйым салынған, мысалы, ер кісілер жібектен тоқылған киімнен басқа киім таппаған жағдайда, зәру есебінде ол киіммен намаз оқуына болады және ол намазды қайталамайды.
6. Мәлики мазһабында жалаңаш кісі жарықты сөндіруге шамасы келсе, міндетті түрде жарықты сөндіріп намаз оқуы керек. Мұны ғалымдар қараңғылықтың өзі әуретті жауып тұрады деп түсіндіреді.
7. Егер жалаңаш адамның намаздың уақыты шыққанға дейін әуретін жабатын киім табуға үміті болса, намазды соңғы уақытына дейін кешіктіруі керек.
8. Имам Ахмадтан жеткен бір риуаятта тартып немесе ұрлап алынған, яғни адал жолмен таппаған киіммен намаз оқу – харам, яғни харам жолмен табылған киіммен намаз оқыған адамның намазы дұрыс емес деген. Көпшілік ғалымдардың пікірінше, ондай адамның намазы дұрыс, бірақ үстіне киген киімін адал жолмен таппағаны үшін күнәкар саналады.
9. Кейбір ғалымдар намазға қатысты киімді жәиз (рұқсат), фадила (абзал), мәкруһ (ұнамсыз) және харам (тыйым салынған) деп төртке бөлген.
– Жәиз. Басқа киім таппаған жағдайда әуретті ғана жабу.
Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын): «Бір кісі Алла елшісінен (с.а.с.) бір киіммен намаз оқу туралы сұрады. Аллаһтың елшісі (с.а.с.): «Сендердің әрбіріңде екі киім бар ма!?» – деп жауап берді», – деген (1).
Бұл жерде Пайғамбарымыз (с.а.с.) әуретін жабуға ғана жететін киімі бар адам сол киіммен намаз оқи береді деген үкім айтқан.
– Фадила. Екі не одан да көп киіммен намаз оқу.
– Мәкруһ. Киімді толық кимей, қолын жеңінен шығармай, иығына іле салып намаз оқу. Екі киімі бар адамның бір ғана киіммен намаз оқуы.
Абдуллаһ ибн Бурайданың әкесі (Алла оған разы болсын): «Алланың елшісі (с.а.с.) жамылғысының белбеуін байламай және көйлексіз, тек шалбармен намаз оқуға тыйым салды», – деген (2).
– Харам. Шариғат бойынша харам саналатын киім екі түрлі болады: Біріншісі – заты нәжіс (шошқаның терісінен не басқа да нәжіске жататын материалдардан жасалған) киімдер. Ондай киімдермен немесе ондай киімнің үстінде намаз оқуға тыйым салынады.
Екіншісі – тек ер кісілерге тыйым салынған киімдер. Оған жібектен тоқылған, алтынмен зерленген киімдер жатады. Басқа киім таппаған кезде бұл киімдермен намаз оқуға болады. Егер киім матасының құрамында жібектің құрамы өте аз болса, онымен намаз оқуға рұқсат етіледі.
Әбу Осман ән-Нәһди: «Утба ибн Фарқадпен Әзірбайжанда болған кезімізде бізге Омардың (Алла оған разы болсын) хаты келді. (Ол хатта) Алланың елшісі (с.а.с.) жібектен мынадайдан басқасына тыйым салынады деп бас бармақтан кейінгі екі саусақпен ишарат етті. Біз оны ою-өрнек деп ойладық», – деген (3).
__________________________________________________________
1 Сахих әл-Бұхари, Китәб әс-салаһ, 345.
2 Сунән Әбу Дауд, Китәб әс-салаһ, 541.
3 Сахих әл-Бұхари, Китәб әл-либәс, 5380.
материал «Фиқһ әл-ғибадат» кітабынан алынды,
ummet.kz