20 Қараша 2026, Жұма 10 Жумад ас-сәни 1448 һ.
Намаз уақыты
Күн 07:34
Бесін 12:05
Екінті 14:38
Шам 16:25
Құптан 17:58

Алла әбестікпен сұралған дұғаға «иә» демейді

Алла әбестікпен сұралған дұғаға «иә» демейді

Бір күні «Аят сырлары» курсыма келетін әйелдер тобынан былай сұрақ қойылды:


– Бізге, мұсылмандарға армандауға, сосын армандаған нәрсені сұрауға бола ма?

– Әрине.

– Мысалы, өзіміз ұнатқан көлікті дұғамыздың ішінде сұрасақ?

– Иә, одан да үлкенін сұрауға болады.

– Ой, қандай жақсы! Мысалы, үлкен үйді де ме?

– Иә, неге болмайды? Одан да үлкен нәрсені сұрауға болады.

– Мысалы, арал сұраса да бола ма?

Олардың аралды сұрауға бола ма дегендерінен олардың Алладан арал сұрай қалса да, бұл өздерінің қалағаны еместігін білді. Кейбір адамдар өзгелердің сұрайтын нәрсесін білгенде немесе оларда не бар болса, солардан қалып кетпейін деп, Алладан бұрын өзінде арман болмақ түгілі ойына келіп көрмегенді сұрайды. Сұрайтын нәрсеміздің өзі өмірімізде қандай мәнге ие, беріле қалғандай болса, тіршілігімізде қандай рөлге ие екенін білмесек, оны сұраудың өзі әбестік болады. Алла әбестікпен сұралған дұғаға «иә» демес.

– Иә, болады. Одан да үлкенін сұрауға болады емес пе?

– Сонда одан үлкен не бар енді?

Сонда мен оларға: «Аралдан да үлкен нәрсе, мысалы, адам өзінің қолымен ас жей алмаса, өзі ыдыстағы суын өз қолымен іше алмай, біреудің ішкізгеніне мұқтаж ауру немесе мүгедек, сал болып қалса, өз аяғымен әжетханаға кіріп-шыға алмай қалған күйге түссе, ол жағдайдан құтқар деп немесе ондай ауыр хәлге душар етпе деп сұрауға болады ма, әрине! Ендеше біздің өз қолымызбен алып тамақтануымыз бен ешкімнің жәрдемінсіз өз аяғымызбен әжетханаға кіріп, қажеттігімізді өтеп шығу нығметіне ие екендігіміз қандай үлкен, сұлу аралдан үлкен сыйлық емес пе? Егер сіздерге: «Ешкімнің өзіңізді тамақтандыруына қаратпайтын қол, ешкімнің сізбен бірге әжетханаға кірмеуі үшін, өзіңіз ғана кіріп-шыға алатын мүмкіндік беретін екі аяқ керек пе әлде арал немесе ең жақсы ауданда орналасқан зәулім үйді берейін бе?» десе, қайсыны таңдайсыздар?» – дедім.

Олар: «Иә, иә, шынымен сондай екен ғой?!» – десті.

Біз, біздің Алладан сұрайтынымыздың тіршілікте маңызды рөлге ие болатын нәрсе ретінде саналуы маңызды. Бәлкім, дұғамыз сонысымен «салмақты» болады. Дұғаның «салмақты» болуы деген не? Осыны ашықтау үшін бейнелі мысалдар келтірейік. Сен Алладан өзіңе шындығында керексізді сұрайын дейік. Алла сенің жағдайыңды және сұрағаның саған дәл қазір керек пе, жоқ па, оны сенен абзал біледі. Сондықтан ол сұрағаныңды бермейді. Сұрағаныңның саған берілмеуі саған АУЫР келеді. Ал бұл АУЫРЛЫҚ саған қайдан келеді? Сенің ҚИЫННАН қашуыңнан келеді.

Бұл деген не? Түсіндірейік, сен Алладан сұрамас бұрын сол сұраған нәрсең өзіңе шын қажет пе, жоқ па, соны есептеп алудан қаштың. Бұл – ҚИЫНДЫҚТАН қашу. Шын қажет пе, керек емес пе, ол жайлы ойланып отырғың келмеді. Егер саған берілсе, онымен не істемекші едің? Және беріле қалса, пәлен етер едім деп отырғаның шындығында жақсы іс пе, ол үшін өзіңе есеп беруге еріндің. Сөйтіп тұрса да, жұрттарда бар ғой, бәрі солай етіп жатыр ғой деп сұрай салдың. Демек, біз ҚИЫННАН қашқанда АУЫРЛЫҚ келеді. ҚИЫНДЫҚ деген – іс үстінде, жұмыс барысында болатын жағдай. Мысалы, енсіз, қолының икемі жоқ адамға жүннен жемпір тоқу қиын. Алайда ол соны жалғастырған сайын қолы үйренеді. Демек, ҚИЫНДЫҚТАН СОҢ уақыт өте шеберге айналады. Сол жемпірді тоқып болған соң қызыма кигізем немесе бауырыма сыйлаймын деп отырғанда, оны жоғалтып немесе ұрлатып алсаң, ішің ашып, АУЫРЛЫҚ сезінесің.

Тағы бір мысал, сен ақшаның шығынын есептейтін дәптер керек екенін білесің. Алайда дәптер арнамадың, шығынды тіркемедің. Қысқасы қажет іске отырғың келмеді. Өзіңе есеп беріп, «Әттеген-ай, қажетсіз нәрсеге ақша жұмсаппын-ау!» – деп өкінуден қорықтың. Есептеп отыру саған ҚИЫН деп ойладың. Бірақ, соның себебінен ақшаң есепсіз жұмсалды. Ақшаны нағыз қажеттігіне жеткізе алмай қалдың. Бұл ессіздігіңді ойлау саған АУЫРЛЫҚ болып келді. Демек, АУЫРЛЫҚ жағдай көбінесе біздің ҚИЫНДЫҚТАН қашуымыздан пайда болады. Сонда мынадай формула шығады:

Ақша шығынын тіркеу

▼

қиын (ойыңдағы, алайда ол іс жүзінде қолайлы)

Істен қашу

▼

жеңіл (саған, алайда, ол шын мәнінде ауырлыққа апарады)

ҚИЫНДЫҚТАН қашу - АУЫРЛЫҚ

Ендеше, біз Алладан сұрап жүрген нәрсеміз бар. Оны қиын санап, шындығында керекті, керексіздігін есептеп алғымыз келмейді. Егер керексіз болса, Алла Өзінің рақымшылығынан оны бізге бермейді. Ал оның берілмеуі бізге (ойымызша) ауыр тиеді. Ол негізінде жеңілдік (шын мәнінде). Енді осы жерден тұжырымдайық: Кейбір адамдар өзгелерді жұбатып: «Бәрі жақсы болады, ауырлықтан кейін жеңілдік келеді. Алла солай деген,» дейді. Жоқ, Алла олай деген жоқ. Дұрысы Алла: «Қиындықпен бірге қолайлық (келеді),» («Шарх» сүресі, 5-аят) - деді. Өйткені аяттағы »العسر« сөзінің қазақшасы «қиындық», көпшіліктің айтып жүргендей «ауырлық» емес! 

Кейбір адам өздеріне келген ауырлық жағдайында «енді жеңілдік келеді» деп өздерін жұбатады. Бірақ, одан кейін де сол сияқты ауырлықтар жалғаса береді. Көпшіліктегі жағдай осы. Өйткені ауырлықтан шығатын қиын істі істегісі келмейді немесе білмейді. Нәтижесінде не болды? Ауырлықтан соң тағы ауырлық келеді. Өйткені ауырлық қолайластырудың, оңайластырудың немесе ендігі жағдайдың жеңіл болуының кепілі емес. Жоқ, қиындықтан соң жеңілдік те, қолайлық та бар. Жеңілдіктің мысалы, егер жемпір тоқудың қиындығына шыдасаң, шебер боласың. Келесі жемпірлерді тоқу саған хобби, ал хобби- тән мен жанға оңай, қолайлы келетін істер. Ешкім өзіне қиын келетін істі хобби етпейді. Ал егер жемпір тоқып сататын болсаң, саған жеңілдік келеді. Өйткені қосымша табыс көзі болады. Сол сияқты істерді осы мысалмен салыстыра берейік.

Тағы бір мысалмен аша түсейік. Студенттердің көбісі тапсырманы орындағысы, қайталағысы, пысықтағысы келмейді. Мұны қиын санайды. Сосын соның себебімен ауырлыққа кездеседі. Ол сынақтан құлауы, курсқа көшпеуі, шәкіртақыдан, гранттан айырылуы. Демек, қиындықтан қашу адамға ауырлық әкеледі. Егер студент: «Менің қазіргі жағдайым ауыр. Келесі жағдайым жеңіл болуы керек» - десе, бірақ сабақты пысықтап, тапсырманы орындамаса, ол деген сөз өзгермеу. Ендеше қиындықтан қашу - жағдайды немесе өзіне қатысты істі өзгертпеу. Олай болса, студент өзіне қатысты еріншектікті өзгерткісі келмесе, ол сол жауапсыз күйінде қалады. Ал оның жазасы сынақтан өтпеу, білім алмау, шәкіртақыдан қағылу, оқуды тастау. Ендеше біздің кейбір сұрауларымыз, өзіміздің ойымызша, тұрмысымызды жеңілдететіндей.

Ал ол берілсе, бізді өсірмейді. Өсірмейтін іспен біз ауырлыққа тап боламыз. Сондықтан Алла ол сұрағанымызды өзінің рақымшылығымен бермейді. Біз: «Маған және балаларыма қам берме, баладай уайымсыз ет» дейміз. Ал бала болсаң, қандай жетістік пен жеңілдікке, табысқа жете аласың? Сондықтан Алла кейбір істерді бізге береді. Оны қиын санап, күреспейміз. Артынан ауырлық келе береді. Ал ол іске дұрыс қарап, күресуге дайын болсақ, онда жеңіл жағдайлар келеді.

материал Құрманғазы Садыбаевтың «BIL» кітабынан алынды,

ummet.kz