Әнас ибн Мәлик (р.а.) риуаят етті:
«Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мешітке кірсе, мешіттің екі тіреуіне арқан тартылып қойған екен. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Бұл не қылған арқан?» - деп сұрады. Сахабалар: «Бұл Зейнеп анамыздың арқаны. Намаз оқып жатқанында соған тартылып қиямға тұрады», - десті. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Бұлай қылмаңдар, әркім өзінің күш-қуатына қарап намаз оқысын, қиямға тұра алмаса, отырып оқысын!» - деді.
Айша анамыз (р.а.) риуаят етті: «Бәний Асад тайпасына қарасты бір әйел менің жанымда отырған еді. Сол кезде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) үйге кіріп келіп: «Бұл әйел кім?» - деп сұрады. Мен: «Бұл, түндерде ұйықтамай намаз оқып шығатын сол әйел», - дедім. Содан соң аталмыш әйелдің қалай намаз оқуы туралы сөйлестік. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Бұлай қылмаңыз, жақсы амалдарды шамаңызға қарай орындаңыз, қанша құлшылық қылсаңыз да, Алла Тағалаға ауырлық келмейді-ғой, бірақ-та өзіңізге қиыншылық түсіп қалмасын!» - деді.
Абдулла ибн Амр (р.а.) риуаят етті: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) маған: «Ей Абдулла, пәленше сияқты іс істеме! Ол түндерде тұрып құлшылық қылатын еді. Ал енді болса, еріншектікті әдет қылыпты», - деді.
материал «Сахих әл-Бұхари» кітабынан алынды,
ummet.kz