24 Шілде 2026, Жұма 10 Сафар 1448 һ.
Намаз уақыты
Күн 04:23
Бесін 12:26
Екінті 17:49
Шам 20:18
Құптан 22:17

Имамның артында тұрған адам Құран оқи ма?

Имамның артында тұрған адам Құран оқи ма?

Нафиғтен риуаят етіледі: Абдулла ибн Омардан: «Имамның артында тұрған адам Құран оқи ма?» – деп сұралғанда, ол: «Егер біреуің имамның артында намаз оқыса, оған имамның қырағаты жеткілікті. Ал егер жалғыз намаз оқыса, онда өзі оқысын», – деді.


Және (бір риуаятта): Абдулла ибн Омар имамның артында Құран оқымайтын еді (Мәлик 93/1).

Ата ибн Ясардан риуаят етіледі: ол Зәйд ибн Сәбиттен имаммен бірге (яғни имамның артында) Құран оқу жайлы сұрады. Сонда ол: «Имаммен бірге оқыған кісі еш нәрсені қырағат етпейді», – деді. Муслим 5/75, Нәсәи 951.

Жәбир ибн Абдулладан (Алла екеуіне разы болсын) риуаят етіледі. Пайғамбар (с.ғ.с) айтты: «Кімнің имамы болса, имамның қырағаты – оның қырағаты».

Ибн Әбу Умар әл-Мақдиси әл-Ханбали айтты: «Бұл – сахих, жалғасқан иснад. Оның жеткізушілерінің барлығы сенімді» (Муснад Ахмад 14643; Ибн Қудама – әш-Шарх әл-Кәбир 4/305). Абд ибн Хумайд та бұл хадисті риуаят еткен.

Әл-Бусайри: «Бұл хадис Муслимнің шарттарына сай», – деген.

Ибн Аббастан (Алла оған разы болсын) риуаят етіледі: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с) намаз оқығанда, жамағат та бірге қырағат жасаған еді, артынша аят түсті: «Қашан Құран оқылса, оған құлақ салып тыңдаңдар да үндемеңдер» (Ағраф сүресі, 204-аят). Табарани тәпсірінде риуаят еткен.

Әбу Һурайрадан (Алла оған разы болсын) риуаят етіледі: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с) былай деді: «Имам ұю үшін тағайындалған. Егер ол тәкбір айтса, сендер де тәкбір айтыңдар. Ал Құран оқыса, үнсіз тұрыңдар» (Муслим, 1/304).

Ата ибн Ясир хабар береді: ол Зәйд ибн Сәбиттен (Алла оған разы болсын) имаммен бірге қырағат ету жайында сұраған еді. Ол: «Имамға ұйыған кезде қырағат етілмейді», – деп жауап берді. (Муслим, 1/406).

Абдулла ибн Масғудтан (Алла оған разы болсын) риуаят етіледі: «Имамның артында қырағат қылған кісінің аузы топыраққа толса ғой!» (Тахауи «Шарх Мағани әл-Асардың» түсіндірмесінде келтірген).

Мұса ибн Ұқбадан риуаят етіледі: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с), Әбу Бәкір, Омар және Осман (Алла оларға разы болсын) имамға ұйыған кісінің қырағат етуіне тыйым салған» (Абдурраззақ риуаят еткен 2/139).

Осы хадистер мен сахабалардың амалдары имамға ұйыған кісінің қырағат етпейтінін анық көрсетеді. Бұл – сахабалар мен табиғиндерден кеңінен жеткен амал. Осыған сәйкес, имамның қырағаты жамағатқа жеткілікті болады.

материал «Пайғамбар (с.ғ.с) намазының көрінісі» кітабынан алынды,

ummet.kz