Ғұбада ибн Самит (р.а.): «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл туралы былай деді», – деп риуаят етті:
«Кімде-кім түнде оянып: «Лә иләһә иллә-л-лаһу уахдаһу, лә шарийка ләһу, ләһу-л-мулку уа ләһу-л-хамд уа һуа ғала кулли шайин қадир. Әл-хамду ли-л-лаһи уа субхана-л-лаһи уа лә иләһә иллә-л-лаһу уа-л-лаһу акбар уа ләхаула уа ләқууата иллә биллә».
Мағынасы: «Алладан басқа тәңір жоқ, оның жалғыз өзі ғана бар. Оның серігі жоқ, барлық мүлік оныкі, барша мақтау оған лайық және барлық нәрсеге құдіреті жетуші! Алла Тағалаға мақтаулар болсын! Алладан өзге тәңір жоқ, Алла ең ұлық! Алланың қалауынсыз еш нәрсе болмайды») деген дұғаны оқып, одан соң «Иләһи, мені кешіре гөр!», – десе, дұғасы қабыл болады. Кейін дәрет алып намаз оқыса намазы қабыл болады», – деді.
Әбу Хурайра (р.а.): «Абдулла ибн Рауах әлбетте, жаман (дұрыс емес) сөзді айтпайды», – деп төменгі қиссаны (бәйітті) айтып берді:
Әрқашан Алланың кітабын оқыр Расулулла,
Қап-қара түнді сейілткен (шуақты) таң куа.
Көрсетіп бізге тура жол, хақ жолына бастады.
Бихамдилла, соқыр көздер ашылды,
Мүшріктер денесіне мамық төсек батқанда,
Расулулла астында қатты төсек түн бойы».
Ибн Омар (р.а.) риуаят етті: «Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) заманында түс көрдім. Түсімде қолымда жібек матасының бір паршасы бар екен. Сол бір парша мата жәннаттың қай жеріне ұшып барса, менде сол жерге баруды қалаймын. Бір кезде екі кісі келді де мені ұстап тозаққа алып бармақшы болды. Жолда бір періште жолығып маған: «Қорықпа!», – деді. Кейін, оларға қарап: «Қоя беріңдер!», – деді. Мен түсімді Хафса апайыма айтқан едім. Ол кісі болса Расулуллаға айтып беріпті. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Абдулла өзі қандай жақсы жігіт, бірақ-та түнде тұрып намаз оқыса еді!», – депті.
Нафиғ (р.а.): «Содан кейін-ақ Абдулла түндерде тұрып намаз оқитын болды», – деді. Бір күні сахабалар Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) көрген түстерін айтып, мәнісін сұрасты. Рамазан айының соңғы 10 күндігінің 7-ші кеші (Қадыр түні) еді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Байқаймын, барлықтарыңның түстерің Рамазанның соңғы 10 күніне тура келіп қалыпты. Кімде-кім Қадыр түнін күтіп алмақшы болса, Рамазанның соңғы 10 күнінде күтсін!», – деді.
материал «Сахих әл-Бұхари» кітабынан алынды,
ummet.kz