Жолаушының үйінен шығып, қайта оралғанға дейінгі әдептері:
1. Кісі ақысын қайтару.
Сапарға шығатын адам алдымен кісі ақысын, қарыздарын қайтарып, тіршілігіне жауапты адамдардың нәпақасын қамтамасыз етуі керек. Өзі мен жолдастарына жететіндей мөлшерде жол азығын тек халал және таза нәрселерден дайындауға міндетті.
Абдулла ибн Омар (р.а.): «Сапарға жақсы және халал азық алу адамның мәрттігінен», – деген. Сапарда жақсы сөз айту, жанындағы жолдастарына тамағынан беру және олармен жақсы қарым-қатынаста болу шарт. Сапар іштегі жасырын мінезді сыртқа шығарады. Жолаушылап жүргенде жолдастарымен жақсы қарым-қатынаста болғандар басқа кезде де жолдастарымен жақсы қарым-қатынас жасай алады. Адам кейде ел ішінде жүргенде жақсы жолдас болса, сапар кезінде дәл сондай жолдастық таныта алмай жатады. Сондықтан «Ол адамды елде сауда жасасқан кісілері мен сапарда жолдас болған кісілері бар болса, одан күмәнданбаңдар» – делінген.
Сапар жолаушыға салмақ салып, мазасыздандыратын себептердің бірі. Осындай мазасыз кезде де мінезі көркем болған адам көркем мінезді саналады. Әйтпесе, көңілі тыныш, барлық нәрсе ойындағыдай болып тұрған кезде, адамның жаман мінезін көрсетуі өте сирек кездеседі. Үш кісінің мазасыздығы үшін айыпталмайтыны айтылған. Олар: ораза ұстаған кісі, науқас және жолаушы.
Жолаушының көркем мінезі – ат-көлігіне жанашырлықпен, қамқорлықпен қарауы, қолдан келгенше жолдастарына жәрдемдесуі, жолда қалғандарды көлік, азық-түлікпен қамтамасыз ету арқылы жанашырлық көрсетуімен толық болады. Ол (көркем мінез) бұдан да толық болу үшін арсыздық пен күнә болмайтындай дәрежеде көңілдерін көтеру мақсатында анда-санда жолдастарымен әзілдесуі керек. Осылай ету арқылы жолдың қиындығы мен машақатын ұмытуға болады.
2. Жолдас таңдау.
Сапарға шығатын адам әуелі жолдас тауып, сосын барып аттануы керек. Жолға жалғыз шыққан дұрыс емес. Алдымен жолдас іздеп, тапқан соң іске кіріскен мақұл. Таңдаған жолдасы дін істерінде өзіне жәрдемдесетін адам болғаны абзал. Бір нәрсені ұмытып кетсе, есіне түсіретін және үнемі қолғабыс ететін адам болуы керек. Адам досының дінінде болады. Әр адам досы арқылы танылады.
Алла елшісі (с.а.с.) сапарға жол серіксіз, жалғыз шығуға тыйым салған. Және: «Үш кісі болуы керек», – деген. Сондай-ақ: «Егер сапарда үш кісі болсаңдар, біріңді басшы етіп сайлап алыңдар», – дегенді де айтқан. Сахабалар солай істеген және «Ол – Пайғамбарымыз (с.а.с.) бұйырған басшымыз» – дейтін.
Сайланған басшы көркем мінезді, жолдастарына жанашырлықпен қарайтын, өзгелерді өзінен артық көретін және сөзге тоқтайтын ұстамды адам болуы керек.
Сапар кезінде басшы аялдайтын орын, жол таңдауда келіспеушіліктің алдын алу және жолаушылық істерін реттеп, бағыт-бағдарды қадағалап отыру үшін қажет болады. Себебі әркімнің көзқарасы әртүрлі. Ал бір ғана басшы болса, шешімді сол қабылдайды. Бірлік бар жерде ғана жүйе болады. Бұзақшылық көпшіліктің әртүрлі көзқарасты алға тартуынан орын алады. Мына ғаламның жүйесі де басшысының жалғыз болуында. «Егер де жер мен көкте Алладан басқа да құдайлар болғанда, шүбәсіз, ондағы тепе-теңдік пен жүйе бұзылып, астан-кестеңі шығар еді». («Әнбия», 21/22). Басқарушы жалғыз болған кезде істер жүйелі болады.
3. Сапарға шықпас бұрын истихара намазын оқу.
«Намаз» тақырыбында айтып өткеніміздей, сапарға шықпас бұрын истихара намазын, ал жолға шығатын кезде екі рәкат сапар намазын оқиды. Әнас ибн Мәліктің (р.а.) риуаяты бойынша, бір кісі Алла елшісіне (с.а.с.) келіп:
– Мен жолға шығуға шешім қабылдадым. Өсиетімді жазып қойдым. Оны кімге берейін? Ұлыма ма әлде бауырыма ма әлде әкеме ме? – деп сұрайды. Алла елшісі (с.а.с.):
– Адамның артындағы бала-шағасына қалдыратындарының Алла дәргейіндегі ең қайырлысы – жолға шығар кезде үйінде әр рәкатына «Фатиха» мен «Ықылас» сүресін қосып оқыған төрт рәкат намазы. Намаздан кейін: «Уа Алла Тағалам, бұл намазды сенің разылығың үшін оқыдым. Менің отбасым мен мал-мүлкімді қорғай гөр!» – деп айтуы. Міне, осы намаз ол қайта оралғанға дейін артында қалған мал-дүниесіне қорған, дәнекер болады», – дейді.
4. Есіктен шығар кезде дұға оқу.
«Уа, Алла Тағалам! Сенің атыңмен қолдауыңа сиынып, сапарға шығып барам. Барлық күш пен құдірет тек қана Сенің қолыңда. Уа, Раббым! Адасудан, адастырылудан, қор болудан және қорлыққа ұшыраудан, залымдықтан және зұлымдыққа тап болудан, ұмыт болудан және ұмыттырылудан Саған сиынамын», – дейді.
Жолға шығып, жүріп бара жатқанда: «Уа, Алла Тағалам! Сенің жәрдеміңмен жолға шықтым. Саған сеніп, Саған тәуекел еттім және Саған бет бұрдым. Уа, Алла Тағалам! Бар сүйенішім мен үмітім Өзіңсің. Барлық кезде, әрбір қиындыққа тап болғанда және Өзіңе аян барлық жағдайда мені қолдай гөр! Даңқың ұлық. Сенен басқа Құдай жоқ. Уа, Алла Тағалам! Маған тақуалықты азық қыл, кемшіліктерімді кешіре гөр! Мені әрдайым жақсылыққа бағыттай гөр!» – дейді. Бұл дұғаны әр жерге қонып, аттанған сайын айтады.
Көлігіне мініп жатқанда: «Алланың қасиетті атымен және Алламен бастаймын! Алла ең ұлық. Оған тәуекел еттім. Барлық күш пен құдірет тек қана ұлық және шексіз болған Алламен бірге. Ол қалағанын жасайды. Қаламағанын орындамайды. Оны пәктеп, мадақтаймыз. Бізді бұған Өзі бағыттады. Негізі, біз өздігімізден оған шешім қабылдамадық. Біз тек қана Раббымызға қарай бет бұрдық» – деген дұғаны оқиды.
Көлігіне жайғасқаннан кейін: «Барша мадақ атаулы Аллаға арналады. Ол бізді тура жолға салды. Егер Алла бізді тура жолға салмағанда, өздігімізден ол жолды таба алмас едік. Уа, Алла Тағалам! Мені бұл көлікке мінгізген де, әрбір ісіме жәрдемші болған да Өзіңсің», – дейді.
5. Жолға ерте шығу.
Әзірет Жабирдің (р.а.) риуаяты бойынша, Алла елшісі (с.а.с.) Тәбук жорығына бейсенбі күні ерте жолға шыққан және: «Уа, Алла, үмбетімнің істі ерте бастағандарына береке бере гөр», – деген.
Сапарға бейсенбі күн шыққан дұрыс. Абдулла ибн Кағб ибн Мәлик әкесінен: «Алла елшісі (с.а.с.) сапарға көбінесе бейсенбі күні шығатын еді» – дегенді риуаят еткен.
Әнас ибн Мәликтен (р.а.) риуаят етілуінше: Алла елшісі (с.а.с.): «Уа, Алла Тағалам, сенбі күні ерте жолға шыққандардың ісін берекелі қыла гөр» – деп дұға жасаған.
Алла елшісі (с.а.с.) әскерді жорыққа аттандыратын болса, таңертең ерте аттандыратын болған. Әбу Һурайраның (р.а.) риуаяты бойынша, Алла елшісі (с.а.с.): «Уа, Алла Тағалам, бейсенбі күні ерте жолға шыққан үмбетімнің ісін берекелі қыла гөр» – деп дұға жасаған.
Абдулла ибн Аббас (р.а.) та: «Бір кісіде жұмысың болған кезде, оны түнде барып сұрама, таңертең ерте барып сұра. Себебі мен Пайғамбарымыздың: «Уа, Алла Тағалам! Үмбетімнің істерін ерте бастағандарының ісіне береке бере гөр» – дегенін естідім», – деген.
Жұма намазын тәрк етіп, күнәһар болмау үшін, жұма күні таң атқаннан кейін сапарға шықпау керек. Күн таң атқаннан кейін есептелетіндіктен, таңғы уақыт жұма күннің парыз болуына сәйкес келеді. Жолаушыны шығарып салу – сүннет.
6. Жол жүргенде күн әбден ысығанға дейін тынықпау.
Бұл – сүннет. Жолдың көбін түнде жүрген дұрыс. Себебі Алла елшісі (с.а.с.): «Таң атарға жақын жолға шығыңдар!» – деген. Өйткені түнде жүріп өткен жолды күндіз ыстықта жүріп өту қиын.
Бір жерге аялдаған кезде: «Уа, жеті қат көк пен оның астындағылардың, жеті қабат жердің астында болғандардың, шайтандар мен олар адастырғандардың, жел мен ол ұшырып әкелгендердің, өзендер мен олар ағызғандардың Раббы болған Алла Тағалам! Сенен қонатын мына орын мен онда мекендеушілердің жақсы болуын тілеймін және олардың жаманшылықтарынан Саған сиынамын! Олардың жаманшылығынан мені қорғай гөр!» – деу керек.
Аялдап, түнейтін кезде екі рәкат намаз оқып: «Уа, Алла Тағалам! Сенің бүкіл ілтипат сөздеріңнің құрметіне жаратқандарыңның жаманшылығынан Саған сиынамын» – деу керек.
Түн болған кезде: «Уа, жер! Сенің де, менің де Раббым – Алла! Сенің астыңда болғандар мен сенің бетіңде жыбырлағандардың жамандығынан Аллаға сиынамын! Жылан, шаян, арыстан және осыларға ұқсас зиянды жануарлардың кесапатынан Аллаға сиынамын. Бұл елдің тұрғындарынан, туған және туылғандардың жамандықтарынан Аллаға сиынамын» деп; «Түн мен күндізді паналаған барлық нәрсе бір Аллаға тиесілі. Ол – Самиғ (бәрін естуші), Алим (бәрін білетін шексіз ілім иесі)» («Әнғам», 13) деген аятты оқу керек.
Сапарда әр жолы биікке шыққан сайын: «Уа, Алла Тағалам! Әрбір абыройдың үстіндегі абырой Сенікі. Қай кезде де және қандай жағдайда да барша мадақ тек Саған арналады» – деу керек.
Төмен қарай түскен кезде тәсбих айтып, «Субханалла» деу керек.
Сапарда жалғыз қалып қорыққан кезде: «Періштелер мен рухтың Раббы болған және түрлі кемшілік сипаттардан ада, мінсіз болған Алланы пәктеп, дәріптеймін! Жәббар Алланың ұлылығы және асқақтығымен көктер көтерілген», – деу керек.
7. Сақтық шарасын жасау.
Кісі күндіздің өзінде өзін дұрыстап қорғай білуі және керуеннен бөлініп, жалғыз жүрмеуге тиіс. Өйткені адасып кету немесе бұзақылардың қолына түсіп қалу қаупі бар.
Түнгі ұйқы кезінде сақ болған дұрыс. Алла елшісі (с.а.с.) сапар кезінде түннің алғашқы бөлігінде ұйықтаса, қолдарын созып тастап, жайланып жататын. Ал түннің соңғы бөлігінде, таңға жуық ұйықтайтын болса, басын алақанына қойып, шынтақтап жататын. Мақсаты таңғы намаз кезінде ұйықтап қалмау болатын. Кісінің сапарда жоғалтқаны іздегенінен көп болып кеткені дұрыс.
материал «Ихия улумид-дин» кітабынан алынды,
ummet.kz