24 Қыркүйек 2026, Бейсенбі 13 Рабиғ әс-сәни 1448 һ.
Намаз уақыты
Күн 05:58
Бесін 12:11
Екінті 16:17
Шам 18:14
Құптан 19:40

«Сен үшін қайсы құлың сүйікті?»

«Сен үшін қайсы құлың сүйікті?»

Айша (р.а.) анамыздың риуаят етуінше, Алла елшісі (с.а.с.) бірде:


– Араларында пайғамбарлар сияқты амал ететін он сегіз мың адамы бар ел Алланың азабына ұшыраған, – дейді.

Тыңдап отырған сахабалар:

– Уа, Расулалла, бұл қалай болды?! – деп сұрайды. Сонда Алла елшісі (с.а.с.):

– Себебі олар күнәларды көргенде Алла үшін ашуланбайтын. Жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыймайтын, – деп жауап береді.

Уруа (р.а.) әкесі Зүбәйрден (р.а.) риуаят етуі бойынша: «Мұса пайғамбар бірде:

– Уа, Раббым! Сен үшін қайсы құлың сүйікті? – деп сұрайды. Алла Тағала:

– Құс олжасына асыққанындай менің разылығыма да жылдам, асығып жүретіндерді және анасының омырауына жабысқан сәби сияқты менің ізгі құлдарыма ілесетіндерді, харам істерді көрген кезде арыстан сияқты ақыратындарды жақсы көремін, – деп жауап береді.

Әбу Зәррдің (р.а.) риуаят етуінше, Әбу Бәкір (р.а.) Алла елшісінен (с.а.с.):

– Уа, Расулалла, мүшріктермен соғысудан басқа соғыс бар ма? – деп сұрайды. Алла елшісі (с.а.с.):

– Иә, бар, Әбу Бәкір, – дейді де сөзін жалғап, – Алла Тағаланың жер бетінде сондай мұжтаһид құлдары бар. Олардың дәрежесі шейіттерден де жоғары. Олар тірі, жердің үстінде жүреді. Ішіп-жейді. Алла Тағала көктегі періштелерге оларды мақтан тұтатынын айтады. (Алла елшісінің жары) Үммі Сәләманың Алла Елшісі (с.а.с.) үшін сәнденгеніндей, жаннат та осылар үшін сәнденеді, – дейді.

Әбу Бәкір (р.а.):

– Уа, Расулалла, олар кімдер? – деп сұрайды. Алла елшісі (с.а.с.):

– Олар адамдарды жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыятын және біреуді Алла үшін жақсы көріп, Алла үшін жек көретіндер, – дейді.

Сосын сөзін жалғап:

– Жаным құдіретті қолында болған Аллаға ант етейін, бұлар шейіттердің сарайларының үстіндегі сарайда болады. Ол сарайдың әрқайсысының жақұттан және жасыл зүбаржаттан жасалған үш жүз мың есігі бар. Әрбір есіктің үстінде бір нұр болады. Әрқайсысы күйеулерінен басқаға көз салмайтын үш жүз мың қор қызына үйленеді. Қай кезде олардың біріне ілтипат етіп қараса, дереу оған дүниедегі пәлен уақытта жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыйған кезі есіне салынады, – дейді.

материал «Ихия улумид-дин» кітабынан алынды, 

ummet.kz