Қажылық пен ұмрада жасауға тыйым салынған істер:
1. Көйлек, шалбар, басқа сәлде орау, аяқ киім сияқты кез келген тігісі бар киімді киюге тыйым салынған. (Көлеңкесі басқа түспейтін жоғарыдан ұсталған қол шатырдың зияны жоқ). Изар мен рида (изар – белден төмен қарай, рида – белден жоғары қарай жабатын сүлгі немесе мата) киеді. Яғни жоғары мен төменгі жаққа бір-бір мата немесе сүлгімен кебіс немесе өкшесі кесіп тасталған аяқ киім киеді. Егер төменгі жақты орайтын изар табылмаса, шалбар киеді. (Бұған Ханафи мәзһабында бір қойды құрбандыққа шалып, кәффаратын өтейді). Белдік қолдануда, қол шатыр қолдануда әбестік жоқ. Бірақ қолшатыр жоғары тұруы керек және басына тимеу керек. Өйткені бас та ихрамда. Әйел кісі тек қана жүзін бүркемейді, бұдан басқа қалаған киімін кие алады. Оның ихрамы тек жүзіне ғана қатысты.
2. Денеге хош иіс себу (Ихрамға кірмей тұрғанда қалағанынша иіссу себе алады). Ихрамға кірген соң шыққанға дейін иіссу себінуге болмайды. Ақылды кісі иіссу дегеннің бәрінен бас тартуы тиіс. Егер иіссу себінсе және тігісі бар киім кисе, оның кәффараты ретінде бір қойды құрбандыққа шалады.
3. Шашты алдыру, қысқарту және тырнақ алу (тазалықтың бәрін ихрамға кірмей тұрып жасайды). Ихрамға кіріп шыққанға дейін шашты да, тырнақты да алмайды. Егер бұлардың бірін жасайтын болса, бір құрбандық шалуы тиіс болады. Моншаға жуыну, сүрме жағу, қан алдыру, шаш-сақалды тарау сияқты істерді жасауға болады.
4. Жыныстық қатынас. Бірінші ихрамнан шықпай тұрып, яғни Арафатта тұрғаннан кейін Минаға келіп, құрбан шалып және ақаба жамаратын (шайтанға тас лақтыру) жасап, шашын алдыртпастан бұрын жыныстық қатынас жасау қажылықты бұзады. Һәм бір түйе, бір сиыр немесе жеті қойды құрбандыққа шалады. (Имам Ағзамның көзқарасы бойынша, Арафатта тұрғаннан кейін жыныстық қатынаста болу қажылықты бұзбайды, бірақ оған тыйым салынған және тек құрбандық шалады.)
Егер жыныстық қатынас бірінші ихрамнан шыққаннан кейін, яғни Минада шашты алдырғаннан кейін және тауап зияратын жасамай тұрып болатын болса, қажылықты бұзбайды, бірақ бір түйені құрбандыққа шалуы тиіс.
5. Жыныстық қатынас жасаудың басы болған сүйісу, құшақтасу сияқты дәретті бұзатын және жалпы нәпсіні қоздыратын барлық нәрселерді істеуге тыйым салынған. (Бұлар Ханафи мәзһабында дәретті бұзбайды, бірақ сонда да тыйым салынған). Бұған да бір қойды құрбандыққа шалады, мастурбацияға (истимна) да үкім осындай. Ихрамда жүргенде үйлену мен некелесуге тыйым салынған.
6. Құрлықта өмір сүретін жеуге болатын жабайы аңдарды аулайтын болса, оны өтемі ретінде құрбан шалады. Ал теңіз аңдарын аулау адал, оның жазасы жоқ. (Ханафи мәзһабында аңшыға аңды көрсетуге де тыйым салынған).
материал «Ихия улумид-дин» кітабынан алынды,
ummet.kz