Хазіреті Омар ибн Хаттабқа бір әйел кісі келіп, өзінің күйеуі жайлы:
«Ол – дүниедегі ең ізгі адам. Әр түні таң атқанға дейін намаз оқып, әр күні кеш батқанға дейін ораза ұстайды», – деп мақтан келіп, ары қарай сөзін жалғастыруға әлдебір нәрседен ұялғандай болып қалады. Омар болса, оның күйеуіне риза екенін айтып, дұға тілеп, әйелді шығарып салады.
Сонда Омардың қасында отырған Кәһф ибн Саур атты ғалым: «Уа, мүминдердің әміршісі! Осы әйел өзінің күйеуіне шағым айтып келген жоқ па?», – деп сұрақ қойды. (Себебі әлгі әйел күйеуін: «Әр түні таң атқанға дейін намаз оқып, әр күні кеш батқанға дейін ораза ұстайды», – деп сипаттауының астарында «менің әйелдік ақымды бермей жүр» – деп айтқысы келген еді) Омар әйелді қайта шақыртып алып, Кәһфқа: «Бұл әйелдің айтқысы келген сөзінің астарын түсінген екенсің, енді әділ үкімін де өзің бер», – дейді.
Кәһф сәл ойланып қалып, әйелге: «Егер күйеуің үш түнін құлшылыққа арнаса, төртінші түні міндетті түрде сенің қасыңда қонсын», – деп үкім айтады. Әйел қуанған күйде шығып кетеді. Хазіреті Омар Кәһфтан бұл үкімді неге сүйеніп шығарғанын сұрайды.
Кәһф: «Алла Тағала Құран аятында: «Өздеріңе жаққан әйелдерден екі, үш және төртке дейін үйленіңдер» («Ниса», 3) – деп айтқан.
Ендеше әлдебір ер адамның төрт әйелі болса, әр әйелдің ақысы үш күнде бір айналып келеді. Бұл әйелдің күйеуінде жалғыз әйел болғандықтан, үш күнін құлшылыққа, төртіншісін әйеліне арнасын», – дедім», – дейді. Кәһфтың бұл ісіне риза болған Омар, оны Басра халқына қазы етіп тағайындайды («Әлфу қиссату уә қисса» (807), 497-498-бет).
материал «Көркем мінез» кітабынан алынды,
ummet.kz