Дәрігер адамды емдемес бұрын оның қандай аурумен ауыратынын анықтап, диагноз қояды. Дертті анықтамай тұрып, оны емдеу мүмкін емес.
Сол сияқты жаман мінезді жөндеп, көркем мінезді қалыптастыруымыз үшін алдымен бойымызда қандай жаман мінез, кемшілік бар екенін анықтауымыз қажет. Адам өзінің табиғатына салса, көбіне өз кемшілігін көрмейді, керісінше өзгенің тез байқағыш, көргіш келеді. Өзгенің кемшілігін айту арқылы нәпсі сусінеді, бірақ біреу оның кемшілігі туралы айтса, ренжиді. Нәпсімізге ұнамаса да, сол кемшіліктерімізді анықтап, біліп алуымыз қажет. Ахлақ ғалымдары адамға өз мінін білудің мынадай төрт негізгі жолы бар екенін айтқан:
Бірінші: Қасиетті Құран аяттары мен ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетінде келген нәпсі тәрбиелеу жолын жақсы білетін ізгі де тақуа ұстаздан тәлім алу.
Адам бойындағы рухани дерт әртүрлі болып келетіндіктен, Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) насихат сұраған сахабаларының әрқайсысына әртүрлі насихат айтқан. Бір адамға ашуланбауды, енді біріне тақуалықты, тағы біреуіне тіліне ие болуды өсиет еткен. Өйткені Хақ сардары адамдардың жүрегін рухани емдеуші еді. Алла Елшісін өнеге еткен рухани тәрбиелеуші ұстаз да шәкірттеріне қажетті насихат айтып, нәпсі қалауынан ажырап, рухани кемелденуіне себепші болады.
Екінші: Өзін жақсы танитын досынан, дін жолындағы бауырынан бойындағы кемшіліктерді айтуын сұрап, өтіну. Бұл – бұрынғы өткен ізгі адамдардың істеген амалы. Халил құмызы «Дос жылатып айтады, дұшпан күлдіріп айтады» демекші, нағыз Алла жолындағы дос адамның кемшілігінің жөнделуіне жәрдемші болып, қажетті насихат айта алуы қажет. Хазіреті Омар: «Менің айыбымды өзіме сүйсінә тартып мақтаған адамды Алла рақымына алсын», – деген екен. Ол кісіге бір адам кемшілігін айтса, оған ренжу былай тұрсын, оны сый деп қабылдаған.
Адам мансапты, дәулетті болған сайын қасындағы адамдар кемшілігін жасырып, оған жағу үшін артықшылығын көбірек айта тырысады. Көбіне бойында жоқ қасиеттерді бар етіп, асырып та айтып жатады. Ал бұл іс дұрыс адамның өзін құрдымға кетіруі мүмкін. Дәуіт ат-Таи дейді екен: «Менің қасымдағы адамдардан алшақтап кеткен екен. Сонда таныстары одан: «Неліктен көрінбей кеттің?» – деп сұрағанда: «Айыбымды жасыратын адамдардың арасында не істеймін?» – деген екен.
Үшінші: Өзін ұнатпайтын, сын айтатын адамдардың сөзіне мән беру. Адамның барлық адамға жағуы мүмкін емес. Ең бастысы әлемдердің Раббысы Алла Тағала ұнамды іс істесе болды. Осы ретте кез-келген адамды жақсы көретін, бағалап, сыйлайтын жандармен қатар, істеген ісіне сын көзбен қарайтын, сыртынан сөз айтатындар да кездеседі. Ойлана білген жан үшін сын айтушылардың ішінде кейбір жақындарының артық пайдалы кеңес беретіндері болады. Әдетте, біреу сын айтса, адам баласы ашуланып, ол адамның өзіне қарсы сөз айтуға дайын тұрады. Бірақ өз кемшіліктерін жөндеп, бойында көркем мінезді қалыптастыруды қалаған жан оған қарсы айтылған сын сөздерге мән беріп, ойланып, дұрыс айтып жатқан болса қабылдап, сол олқылықты жөндеуге тырысады. Бұрыс айтылған сөз болса, оған мән бермей, өз ісін жалғастырғаны жөн.
Төртінші: Адамдардың теріс қылығын көргенде, өз бойына назар аударып: «Менің бойымда сондай жаман қылық жоқ па екен?» – деген сұрақ қоюы қажет. Лұқман Хакімнен: «Мұнша әдепті кімнен үйрендіңіз?» – деп сұрағанда, «Әдепті жоқ адамнан үйрендім», – деп жауап берген екен.
материал «Көркем мінез» кітабынан алынды,
ummet.kz