04 Қыркүйек 2026, Жұма 22 Рабиғ әл-әууәл 1448 һ.
Намаз уақыты
Күн 05:27
Бесін 12:18
Екінті 16:54
Шам 18:59
Құптан 20:32

Пайғамбардың (с.ғ.с) шаш күтімі және шашын бояуы

Пайғамбардың (с.ғ.с) шаш күтімі және шашын бояуы

Әнас ибн Мәлик (р.а) айтты: Пайғамбарымыз (с.ғ.с) шашын көп майлайтын (зәйтүн майын пайдаланған) еді, және сақалын тарайтын, (киімі майланбас үшін) мата байлап қоятын, оның киімі зәйтүн сатушысының киімі іспеттес май болып тұратын.


Осы зәйтүн майының пайдасы өте көп. Шаштың қатпауына және қайызғақтан да сақтайды екен. Сол себепті егер сүннет деп жататын болсаңыз сауап аласыз және денсаулығыңыз үшін де жақсы болады екен.

Айша анамыз (р.а) айтады: Пайғамбарымыз (с.ғ.с) дәрет алатын болса, шашын тараса, аяқ киім кисе оң жақтан бастағанды жақсы көретін.

Біз де қандайда бір жақсы іс болса, барлығын оң жақтан жасауға тырысуымыз керек. Оң қол мен оң қолдың өзіндік міндеттері бар. Оң қолмен тамақ жегенде, ал сол қол әурет жерді жуғанда, аяқты жуған кезде, жаман нәрсені ұстағанда пайдаланады.

Айша анамыздан жеткен хадисте «Мен етеккір келген уақытта Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) шашын тарадым» деді. Айша анамыз Алла елшісінің (с.ғ.с) шашын тарап беретін болған. Етеккір келу әйел адамды күйеуіне қызмет етуден тоспайды. Мешітке кіру, Құранды ұстау және оқу деген сияқты белгілі ғибадаттардан тосады.

Абдулла ибн Муғоффал (р.а) айтады: Пайғамбарымыз (с.ғ.с) шашты көп тараудан тыйған. Алла елшісінің көп тарауға тыйым салған себебі уақытымыздың барлығын осы нәрсеге беріп...

Әнас ибн Мәлик (р.а) «Мен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) шашының боялғанын көрдім», деп айтқан. (Сахих, Бухари 3547).

Абу Римса (р.а) айтады: Баламмен бірге Пайғамбарымызға (с.ғ.с) бардым.

– Сенің балаң ба? – деп сұрады,

– Куәлік етемін бұл менің балам.

– Ол сенің күнәң үшін, сен оның күнәсі үшін жауап бермейсің, – деп айтты. Мен сол кезде ақ шашының қызарғанын көрдім, – деп айтады. Демек шашын бояған. Себебі Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) шашы қара түсті болған.

Хадистен алатын ғибратқа келер болсақ, «Ол сенің күнәң үшін, сен оның күнәсі үшін жауап бермейсің» дегені сол уақытта біреудің күнәсін біреу көтереді деген түсінік бар еді. Біздің бір өлкемізде сондай бір түсінік бар екен. Адам қайтыс болса, бұл адамның күнәсін кім көтереді? деп сұрайды. Арасынан әрдайым айтатын бір екі қария бар екен, «мен көтеремін» деп айтатын. Сол адамдарға ірі қара береді екен. Бұл қате түсінік. Алла тағала Құранда «Біреудің күнәсін біреу көтермейді» (Нәжм сүресі, 38) деген аят бар.

Бұхари, Муслимде жеткен хадисте хижраның сегізінші жылы Мекке ашылған кезде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) алдына Әбу Кухафа келеді. Оның шаштары мен сақалдарына ақ түскен екен. Алла елшісі (с.ғ.с) «Мына шашыңды өзгерт, қарадан сақтан» деп ескерткен. Осы хадистен байқағандай, ер адамға қара түспен бояуға рұқсат жоқ. Бірақ бұл әйел адамдарға қатысты жоқ. Күйеуі бояуға рұқсат беріп, әйелі де оған ұнағысы келсе ешқандай тыйым жоқ. Егер шашты сүннет деп бояса соған қарай Алла нәсіп етсе сауабы болады.

Алла елшісі (с.ғ.с) «Иудей мен христиандар шаштарын боямайды, сендер керісінше бояңдар» деген. Басқа бір риуаятта «Шаштың ағуын өзгерту үшін қолданған нәрсенің ең жақсысы қына мен кетем» деп айтқан.

Башир ибн Хасасияның (р.а) әйелі Жандама айтады: Мен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) үйінен шығып шашын сүртіп жатқанын көрдім, ол жуынған екен, шашынан қынаның іздерін көрдім.

Дегенмен, шашты бояуға қатысты мынадай шарттар орындалуы тиіс:

1. Уақытыша шаш бояғыш болу. Егер тұрақты бояулар болса оны қолдануға болмайды.

2. Көзбояушылық, алдамшылықтан сақтану. Яғни жас жігіт өзін үлкен көрсету мақсатында шашын ақ түске бояуы дұрыс емес. Сол секілді қызды айттырысып жатқан жігіт шашының боялғанын ескертуі тиіс. Айттырып отырған қыз да жігітке шашының жасанды немесе табиғи екендігін ескертуі тиіс.

3. Тұрмыстағы әйел ерінен рұқсат сұрау. Егер рұқсат бермесе шашын бояуы дұрыс емес.

4. Денеге зиян келтірмеу. Осы ретте ескеретін жайт, екі қабат әйел құрамында химиялық қоспалары бар бояуды қолданбағаны дұрыс. Өйткені бояудың құрамындағы химиялық заттар теріге сіңіп, қан айналу жолдары мен кіндік арқылы құрсақтағы баланың денесіне енеді. Алайда бояу аяғы ауыр әйелге және оның құрсағындағы сәбиге зиян келтірмейтін болса қолданудың оқасы жоқ.

5. Ерi қайтыс болған әйел идда мерзімін күтіп отырған болу. Себебі, әйелге идда мерзімінде сүрме жағуға, боянуға, иіс су себінуге болмайды. Умму Атиядан жеткен риуаятта былай дейді: «Қайтыс болған үйде үш күн, ал күйеуі қайтыс болғандар төрт ай он күн аза тұтып, сүрме жақпай, әтір сеппей, болған киім кимеуші едік».

6. Әдептілік шеңберінен шықпау әрі қалыптасқан әдеп-ғұрыпқа қайшы келмеу. Яғни шашын әртүрлі түске боямау қажет.

материал  «Алла елшісін (с.ғ.с) көргім келеді» кітабынан алынды,

ummet.kz