Әбу Дәуіттің «әз-Зуһд» еңбегінде Абдулла ибн Масғуд (р.а.): «Алланың тағдырымен болған іске: «Өткен, былай болмағанда ғой...» - деп айтқаннан, аузыма шоқ алып, ол суығанша тістеп тұрғанды артық көремін!» - деген екен.
Иманның шындығы — жүрегіңмен «бәрі Алланың жазуы» деп сену. Өйткені, Пайғамбар (с.ғ.с): «Қаламдар жазуды тоқтатты, парақтар кеуіп кетті», - деген.
Яғни, бәрі әлдеқашан тағдырда бекітілген.
* Саған тиген соққы — болмай қалуы мүмкін емес еді.
* Сен жоғалтқан нәрсе — жоғалмауы мүмкін емес еді.
* Сен жетпеген мақсат — ешқашан сенікі болмаған.
* Саған жеткен жақсылық — ешкім тоқтата алмайтын нығмет еді.
* Саған тиген қиындық — ешкім қайтарып ала алмайтын сынақ еді.
Ал осыны жүрекпен қабылдай алған адам ғана шын тыныштық пен сенімді табады.
Тағдыр — сені сындыратын емес, өсіруге жіберілген ұстаз. Әр қиындық — сабырды үйретеді, әр жоғалту — тәубеге шақырады, әр кідіріс — сенің уақытың емес екенін ескертеді. Сенің өміріңде кешіккен ешнәрсе жоқ, бәрі Алланың есебімен дәл уақытында орындалады.
Кейде сенің жоспарларың бұзылады. Өйткені, Раббың сені одан жақсы жолға бұрып жатыр. Кейде «неге бұлай болды?» деп күресіп шаршайсың, бірақ бір күні «жақсы болған екен» деп шүкір етесің.
Кейде «неге жоғалттым?» деп жылайсың, бірақ бір күні «осының ар жағында хикмет бар екен» деп түсінесің.
Тағдырды түсінбеген адам үнемі өкініште өмір сүреді.
Тағдырға разы болған адам — жүрегі тыныш, жүзі нұрлы, ойы анық. Қабыл ету — Аллаға толық сенудің белгісі.
Өмір — жазылған кітап. Ал сен — оның кейіпкерісің, бірақ авторы — Алла Тағала.
Сен не болып жатқанын түсінбесең де, Ол не жазып жатқанын жақсы біледі.
Сен тағдырыңды өзгертем деп жанталаспа — тағдырдың сырын түсінуге ұмтыл. Себебі, сенің қолыңда — амал ғана, нәтиже — Раббыңның құзырында.
ТАҒДЫРҒА КӨНУ — ШАРАСЫЗДЫҚ ЕМЕС!
материал «Сен керексің!» кітабынан алынды,
ummet.kz