29 Шілде 2026, Сәрсенбі 15 Сафар 1448 һ.
Намаз уақыты
Күн 04:30
Бесін 12:26
Екінті 17:45
Шам 20:11
Құптан 22:13

Әдемі киінгенді жақсы көремін, бұл тәкәппарлық па?

Әдемі киінгенді жақсы көремін, бұл тәкәппарлық па?

Иә, тәкаппарлық «кәбір» деп аталатын бұл қасиет әрқайсымыздың бойымызда бар. Бірақ одан арылу үшін аса көп күштің қажеті жоқ. Тек аздаған білім мен жүріс-тұрысыңды түзету жеткілікті. Өзіңді сырттан бақылап, бір жағдайға түскенде кімнің сөзі немесе әрекеті сенің тәкаппарлығыңа тиді, міне, соған мән беріп үйрен. Уақыт өте келе дәл сол адамға алғыс айта алатын дәрежеге жетесің.


Өйткені өміріңдегі әрбір триггер, яғни жүрегіңді тырнап кеткен әр адам – Алланың саған жіберген ұстазы. Ол сенің тәкаппарлығыңды ашып, саған сабыр мен кішіпейілдікті үйрету үшін келді. Сондықтан әр ренжіткен адамды сынақ емес, тәрбиеші деп қабылда.

Бір кісі Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келіп:

– Уа, Алланың елшісі, мен таза, әдемі киінгенді жақсы көремін. Осы нәрсе тәкаппарлық па? - деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деп жауап береді:

– Алла – әдемі, әрі әдемілікті жақсы көреді. Егер Алла пендесіне нығмет берсе, Ол сол нығметтің ізін оның үстінен көргісі келеді. Ал тәкаппарлық – күшімен басыну және өзгелерді менсінбеу (Сахих Муслим).

Яғни бұл жерде мәселе киімде, көлікте немесе үйде емес, ішкі мәміледе. Егер сіздің қымбат киіміңіз, көлігіңіз немесе байлығыңыз жүрегіңізге әсер етіп, сонымен мақтанып, өзгелерді төмен санай бастасаңыз, міне, бұл – тәкаппарлық. Ол сіздің рухыңызды улайды. Ал егер біреу сізді мақтаса да, даттаса да, жүрегіңіз сабырлы, бір қалыпта қалса, Әлхамдулиллә, бұл дүние жүрегіңізге кірмегені деп білеміз.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кім аяқ киімін өзі жөндесе, киімін жамаса, шекесін Аллаға сәжде етіп былғап алса, тәкаппарлықтан пәк болады», - деген.

Аяқ киімін тазалау, шұллығын жуу – бұл ең бірінші адамның тәкаппарлығын сынайтын істер. Қазір біз шұллығымыз жыртылса, тігіп кимейміз, киім жамасақ ұяламыз. Бірақ хадисте айтылғандай, осындай қарапайым істер адамның тәкаппарлығын жоятын амалдар екен.

Кейде Алла бізге тәкаппарлығымызды сындыру үшін дәл осындай сынақтар мен адамдарды жолықтырады. Егер сіз дүниемен, киіммен, жағдаймен мақтанып кетсеңіз, өзіңізді сынап көріңіз. Жұпыны киініп, ескі көлік мініңіз, қарапайым ортада жүріңіз. Егер сол кезде де жүрегіңіз тыныш болса, онда шүкір, дүние жүрегіңізге кірмегені.

Хадисте: «Кім тоқылған киім, пальма жапырағынан жасалған аяқ киім кисе, есек мініп, қойдың сүтін ішсе, отбасымен бірге отырып тамақтанса және міскіндермен етене араласса, Алла оның жүрегінен тәкаппарлықты алып тастайды», - делінген (Мауқуф хадис).

Сол үшін Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деп айтады: «Өзіңнен дүние жағынан төмен адамға, ал дін жағынан өзіңнен жоғары адамға қара» (Сахих Бұхари).

Бұл – өмірдің тепе-теңдігін ұстайтын ең үлкен қағида. Дүние табу жолында шек жоқ. Көп болса, тағы да көбірек алғың келеді. Бірақ дәл сол сәтте өзіңнен төмен адамдарға қарасаң, шүкіршілік етуге себеп табасың. Ал дін жолында, егер «мен бес уақыт намазымды оқып жүрмін ғой» десеңіз, түнімен тахажжуд намазын оқитын адамды көріңіз. Сонда сіздің рухани дәрежеңіз өсіп, дүние өздігінен артта қалады.

материал «Алламен сырласу» кітабынан алынды, 

ummet.kz