Зекет пен садақаны жасырын беруде мынадай бес пайда бар:
1. Садақа алушының білінбеуіне себеп болады. Жария беретін болса, алушы адам да жария алатын болғандықтан, арланып-намыстанады, мұқтаж екендігі жария болады. Оны бай деп ойлайтындардың алдында абыройынан айырылып, өзін төмен санап қалады.
2. Садақаны жасырын беру садақа алушыға деген қызғаныш, жаман ой туындатпайды. Егер садақа бергенін біреулер көрсе, «бай бола тұра ол не үшін садақа алды» немесе «өзіне тиесілі ақысынан артық алып қойды» деп садақа алушыны қызғанып, жаман оймен ғайбат жасай бастайды. Бұл көре алмаушылық, жаман ой, ғайбат секілді үлкен күнәларға жол ашады. Сондықтан адамдарды осындай күнәдан қорғау үшін жасырын берген абзал.
Әбу Әйюб Сахтияни: «Көршілерім маған қызғанышпен қарамасын деп, жаңа киім кимейтін болдым» деген екен. Тақуалы құлдардың бірі «Көршілерімнің “оны қайдан алды және кім берді” деп жаман ойламауы үшін көптеген нәрселерді қолданудан бас тарттым», – деген.
Ибраһим әт-Тәймия: «Үстіңдегі көйлекті қайдан алдың деп сұрағанда, “Бұны маған бауырым Хайсама берген. Егер оның бергенін үйіндегілердің білмейтінін білсем, бұл көйлекті кимес едім” деп айтқан екен.
3. Садақа мен зекетті жасырын беру амалдың сауабы тұрғысынан берушіге көмек болады. Өйткені жасырын садақа беру жария садақа беруден артық.
Садақа мен жақсылықты аяқтауға көмектесу де садақа және жақсылық болып есептеледі. Садақаны жасыру тек садақаны беруші мен алушы арасындағы келісім арқылы мүмкін болады. Ешбірі жария айтпайды. Егер біреуі айтатын болса, жария болып кетеді.
Бірде бай кісілердің бірі ғалым кісіге садақа бермекші болады. Сонда ғалым садақаны алмай кері қайтарады. Бірнеше күннен кейін баяғы бай адам сол ғалымға тағы да сол садақаны қайта бермекші болғанда, бұл жолы ғалым ол кісінің садақасын қабыл алады. Бұл істің мәнісін сұраған байға ғалымның жауабы: «Алғашқы бергеніңде әдепсіздік жасап жария бердің, мен сол себепті қабыл алмадым, екінші мәрте жасырып бердің, сол үшін қабыл алдым».
Тағы бірде бай адамның бірі сопылардың біріне жария садақа ұсынады. Сопы садақаны алудан бас тартады. Әлгі кісі: «Алла тағаланың саған жібергенінен неге бас тартып тұрсың?» – деп сұрайды. Сонда сопы: «Сен Алла үшін берілетін нәрседе тек Алланың білгеніне місе тұтпай, оны жария беріп рия жасап, басқаларды бұған серік еттің. Мен де осы серік қосуыңды өзіңе тапсырдым», – деген.
Тағы бір адам ариф құлға сыйлықты жария берді, ариф алмады. Әлгі кісі тура сол сыйлықты жасырын берген кезде ариф қабыл алды. Бұл істің мәнісін сұраған кісіге арифтың жауабы: «Алғашқы бергеніңде сен рия жасап Аллаға асылық таныттың, мен де саған көмекші болмадым. Ал жасырын бергеніңде (тек Алланың ризалығын алуды мақсат еткенің үшін) Аллаға бағындың, садақаны қабыл алып, мен де саған көмекші болдым», – деген.
Суфиян Сәури: «Егер мен біреудің маған берген садақасын әр жерде айтпайтынына сенімді болсам, дереу оның садақасын алар едім», – деген.
4. Садақаны жария алуда қорлық пен кемсітушілік бар. Негізінде, мұсылманға қор болған жараспайды. Кейбір ғалымдар жасырын берілген садақаны алып, жария берілген садақаны алмайтын. Жария берілген садақаны алуда ілімді кемсіту және иесін қорлау бар болғаны үшін ілім мен ғалымның абыройын түсіріп дүниелік нәрсені жоғары көтермейміз дейтін.
5. Садақаны жасырын алғанда басқалардың ортақ болуына қатысты күмәнді алып тастайды. Өйткені ардақты Пайғамбарымыз: «Біреуден келген сыйлықта, жиындағылардың ортақтығы бар» деген. Осы хадисті басшылыққа ала отырып күмістің өзін жеке сыйлағанмен ол да сыйлық болып есептеледі. Жария беру мәкруһ. Егер екі тараптың келісімімен болса, зияны жоқ. Әйтсе де жасырын берілетін болса, осы шүбәлерде күмәндардың ешбірі болмайды.
материал «Ихия улумид-дин» кітабынан алынды,
ummet.kz