Үйге әр кіріп шыққанда екі рәкат намаз оқу. Әбу Һурайра Алла елшісінің: «Үйден шығарда сені сырттан төнетін зұлымдықтан қорғайтын екі рәкат намаз оқып шық, үйге кіргенде де іште жиналған зұлымдықтардан қорғайтын екі рәкат намаз оқы», – деген хадисін риуаят еткен.
Кез келген маңызды істі бастағанда да екі рәкат намаз оқыған абзал. Ихрамға кіргенде, сапарға шығарда және сапардан қайтқанда үйге кірместен мешітке барып екі рәкат намаз оқудың мустахаб болуы осы себепті. Тіпті жеген бір түйір астың, ішкен бір жұтым судың шүкірі мен соған ұқсас барлық іс үшін екі рәкаттан намаз оқитын ізгі құлдар болған.
Негізі, ең дұрысы, барлық істі бисмилламен бастау керек. Істер үшке бөлінеді:
А. Үнемі қайталанып отыратын істер, мысалы, жеп-ішу сияқты. Бұларды «бисмилламен» бастаған дұрыс. Өйткені Алла елшісі (с.а.с.): «Кез келген бисмилласыз басталған маңызды істің берекесі болмайды», – деген.
Ә. Көп қайталанбайтын анда-санда болатын істер. Мысалы, неке қию, уағыз-насихат пен ақылдасуды бастау сияқты істер. Бұндай істерді шүкіршілікпен бастаған мустахаб. Мысалы, қыз беруші жақ: «Әл-хәмду лилләһи уәс-салату алә Расулиллаһи саллаллаһу аләйһи уә сәлләм» оқиды және бұдан кейін «пәленше қызды саған некеледім» дейді. Бұған жауап ретінде күйеу жақ тура солай шүкіршілік етіп, салауатты айтқан соң «Мен де бұл некені қабыл алдым» дейді. Сахабалар бұны дағдыға айналдырып, жолдауды, насихат пен ақылдасуды бастамас бұрын осылай Аллаға шүкірлік етіп, салауат айтып бастайтын.
Б. Жиі қайталанбайтын, бірақ болған кезде ұзаққа созылатын істер. Мысалы, сапарға шығу, ихрамға кіру, үй сатып алу және соған ұқсас істер. Бұлардың ішінде ең елеусізі үйден шығып, қайта келу. Бұл жақын қашықтықтағы сапарға жатады. Бұндай істердің алдында екі рәкат намаз оқыған дұрыс.
материал «Ихия улумид-дин» кітабынан алынды,
ummet.kz