Айша анамыз (р.а.): «Алла елшісі (с.а.с.) сапарға шыққанда мына бес нәрсені өзімен бірге алып жүретін еді: айна, сүрме құтысы, қайшы, мисуак және тарақ», – деген. Ал басқа бір риуаятта алты нәрсе алып жүреді делінген. Олар: айна, иіс су құтысы, қайшы, мисуак, сүрме құтысы және тарақ.
Сағдтың (р.а.) анасы былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) сапарға шыққанда жанынан айна мен сүрме құтысын тастамайтын».
Сухайбтың (р.а.) риуаят етуінше, Алла елшісі: «Жатар кезде қара сүрме қолданыңдар, өйткені ол көздің көруін жақсартады және кірпікті өсіреді», – деген.
Бір риуаятта Алла елшісінің (с.а.с.) екі көзіне де үш мәрте, басқа бір риуаятта әуелі оң көзіне үш мәрте, содан кейін сол көзіне екі мәрте жаққаны айтылған.
Сопылар сапарда бұл алты нәрседен басқа тағы екі нәрсенің болғанын құп көрген. Олар: құман мен жіп. Тіпті сопылардың бірі: «Кедей жолаушының жанында құман мен жіптің болмауы оның дінінің әлсіз екенін көрсетеді», – деген. Бұларды өзімен бірге алып жүрудегі себеп, тазалыққа мән беру және жуған киімін жайып кептіру. Құман суды таза ұстайды, ал жіп жуған киімді жайып кептіру үшін керек. Бұған қоса, жіп құдықтан су тарту үшін қажет болады.
Негізінде, алғашқы мұсылмандар су табылмаған кезде тәяммум соғумен шектеліп, ол үшін су тасып жүруді қажетсінбеген. Олар нәжіс екені анық болмаған жиналған сумен дәрет ала берген. Бұған аса көңіл бөлмеген. Тіпті әзірет Омар (р.а.) христиан әйелдің құмырасындағы сумен дәрет алған. Сосын олар киімдерін кептіру үшін жіп іздеп жатпайтын, құм, топырақ не қойтастардың үстіне жайып кептіре беретін. Жіп алып жүру кейіннен пайда болған жақсы әдет, яғни, бидғат хасана (жақсы бидғат) болып саналады.
Негізі, шариғатта тыйым салынған бидғатқа сүннетке сай келмейтін нәрселер жатады. Діни ықтияттылыққа көмекші болатын бидғаттар бидғат хасана (жақсы бидғат) болып саналады. Тазалықта шектен шығудың үкімдерін «Тазалық» кітабында айтып өткен болатынбыз. Өзін толықтай дін жолына атаған адамның «рұқсат жолын» таңдағаны дұрыс емес. Керісінше, одан да маңызды ғибадатпен айналыспайтын болса, дәрет, тазалық мәселесіне көңіл бөлгені дұрыс.
Айтуларына қарағанда, хауастар нағыз тәуекел етушілер болумен қатар, жайшылықта да, сапар үстінде де төрт нәрсені жандарынан тастамайтын болыпты. Олар: құман, ине-жіп және қайшы. Әрі олар мұны дүние деп санамайды екен.
материал «Ихия улумид-дин» кітабынан алынды,
ummet.kz