25 Қыркүйек 2026, Жұма 14 Рабиғ әс-сәни 1448 һ.
Намаз уақыты
Күн 06:00
Бесін 12:11
Екінті 16:15
Шам 18:11
Құптан 19:38

Бүкіл дене мүшеңмен достыққа қызмет еткейсің!

Бүкіл дене мүшеңмен достыққа қызмет еткейсің!

Достық достардың зиянына емес, әрдайым пайдасына жұмыс істейді және әркім өзін досына қызметші санаумен кемел болады. Бүкіл дене мүшеңмен достыққа қызмет еткейсің!


Мысалы, көзбен. Оларға әрдайым қамқорлықпен қарау және кемшіліктеріне көз жұму арқылы. Олар саған бет бұрып, саған қарап сөйлеген кезде, көздеріңді олардан айырмауың керек.

Риуаят бойынша, Алла елшісі (с.а.с.) мәжілісте отырған барлық адамға қарап отыратын, осылайша бәріне өзінің жүзіне қарауына мүмкіндік беретін. Кімге қараса, соған ілтипат білдіретіні сондай – адам өзін мәжілісте отырғандардың ең қадірлісі санап қалатын. Алла елшісінің мәжілісі ұят, кішіпейілділік және қауіпсіздік мәжілісі болатын. Ол сахабаларды үнемі күлімсіреп қарсы алатын, сөздерін ұнатып, ынта қойып тыңдайтын. Сахабалар Алла елшісіне (с.а.с.) еріп, еліктеп әрі құрметтен мәжілісте қатты дауыстап күлмейтін, олардың күлкісі күлімсіреуден аспайтын.

Құлақпен. Достың сөзін көңілдің құлағымен, сеніммен және рақаттанып тыңдау керек. Қарсы келіп, тартысып және сөзіне араласып, ойын бөлмеу керек. Әлдебір кедергі шығып қалса, кешірім сұрап, жақсы көрмейтін сөздерді тыңдаудан сақтану керек.

Тіл. Достық жайлы тілдің міндеттерін түсіндірдік, қайталайтын болсақ, әңгіме ұзарып кетеді. Қысқасы, достарға дауыс көтеріп сөйлемеу керек және олар түсінетін сөздерді ғана қолдану қажет.

Қол. Қолдың міндеті оларға қолмен жасалатын барлық көмекте шет қалмау.

Аяқ. Аяқтың міндеті – олардың алдында емес, артында жүру. Олар өздері рұқсат берген шамада ғана алға шығып, жақындау керек. Олар келген кезде орнынан тұру және олар отырудан бұрын отырмау һәм отырған жерге әдеппен қайта жайғасу керек. Ортаға достық келісім орнаған кезде, достықтың міндеттерінен саналатын бір іс – орнынан тұрып кешірім сұрау және алғыс айту сияқты нәрселер арадан ығыстырылады. Себебі бұлардың астарында бөтендік бар. Бірлік пен бірге болу толық орныққан кезде, әртүрлі әбігершілік жойылып, тура жалғыз өзі отырғандай әрекетке көшеді.

Себебі, бұл сыртқы әдептер – ішкі әдептердің және жүрек тазалығының бастауы. Жүрек саф болып, шынайы достық қалыптасқан кезде, бұндай әбігершілікке қажеттілік болмайды. Назары басқалардың достығында болған адам бірде қисық, бірде түзу болады. Ал назары мен көңілін Аллаға байлаған адам іштей де, сырттай да тура жолда болады. Ішкі дүниесін Жаратушы мен жаратылғандарды жақсы көру арқылы, сыртын Аллаға ғибадат және Оның құлдарына қызмет ету арқылы безендіреді. Өйткені адамды Аллаға апаратын жол – тек қана көркем мінез. Құл көркем мінезімен күндіз ораза ұстап, түнде нәпіл намаз оқығандардың дәрежесіне және одан да биікке көтеріле алады.

материал «Ихия улумид-дин» кітабынан алынды, 

ummet.kz