10 Қараша 2026, Сейсенбі 30 Джумада әл-әууәл 1448 һ.
Намаз уақыты
Күн 07:17
Бесін 12:03
Екінті 14:51
Шам 16:39
Құптан 18:09

Ханафи мазһабында намаз оқу мәкруһ уақыттар

Ханафи мазһабында намаз оқу мәкруһ уақыттар

Ханафи мазһабында намаз оқу мәкруһ уақыттарды екіге бөледі:


1. Мәкруһ тахрими: харамға жақын мәкруһ. Яғни намаз қабыл болмайды және оқыған намазына сауап жазылмайды.

2. Мәкруһ тәнзиһи: халалға жақын. Яғни намазы дұрыс, оған сауап алады, бірақ мәкруһ уақытта оқығандықтан сауабы аз болады.

Мәкруһ тахрими уақыттар

Төмендегі үш уақытта намаз оқу мәкруһ тахримиге жатады:

1. Күннің шеті көкжиектен көрінгеннен бастап, найза бойы көтерілгенге дейін. Қазіргі кезде ол шамамен жиырма минуттай деп есептеліп жүр.

2. Күн тас төбеде тұрған уақыттан бесін намазының уақыты кіргенге дейін.

3. Күн қызарып, оған жалаң көзбен тік қарауға болатын уақыттан бастап, толық батқанға дейін.

Пайғамбар (с.а.с.) бұл уақыттарда намаз оқуға тыйым салған. Абдуллаһ ибн Омардан (Алла әкесі екеуіне разы болсын), Омар ибн әл-Хаттаб (Алла оған разы болсын): «Күн шығатын және бататын уақытта намаз оқуға тырыспаңдар. Өйткені шайтанның екі мүйізі күнмен бірге шығады және (күнмен) бірге батады», – дейтін және адамдарды ол намазды (яғни күн шығып келе жатқанда және батып бара жатқанда) оқығандары үшін ұратын.

Уқба ибн Амир әл-Жуһәни (Алла оған разы болсын): «Алланың елшісі (с.а.с.) бізге үш уақытта: күн шығып көтерілгенге дейін, дәл төбеде тұрған кезде және күн батуға жақындағаннан батқанға дейін намаз оқуға, мәйітімізді жерлеуге тыйым салатын», – деген.

Амр ибн Абәсә (Алла оған разы болсын): «Уа, Алланың елшісі! Басқа уақытқа қарағанда жақынырақ немесе қалаулы уақыт бар ма?» – деп сұрады. Ол (с.а.с.): «Иә, Алла құлына түннің соңғы бөлігінде жақын болады. Егер Алланы сол уақытта еске алушылардан болуға шамаң келсе, бол. Себебі (ол уақыттағы) намазға күн шыққанша (періштелер) қатысады. Күн шайтанның екі мүйізінің арасында шығады, ол – кәпірлердің намазының уақыты. Күннің шуағы тарқап, найза бойы көтерілгенге дейін намаз оқыма. Содан соң күн найзаның тіктігіндей күндіздің жартысында, дәл төбеге келгенге дейінгі намазға (періштелер) қатысады. Ол – жаһаннамның есіктері ашылып, лаулайтын уақыт. Ол кезде көлеңке ауғанға дейін намазды қой (оқыма). Одан кейін күн батқанға дейінгі намазға (періштелер) қатысады. Ол (күн) шайтанның екі мүйізінің арасында батады. Ол – (кезде оқылған намаз) кәпірлердің намазы», – деген (Муатта, Китәб ән-нидә лис-салаһ, 462).

Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын): «Сафуан ибн әл-Муғаттал Алла елшісінен (с.а.с.): «Уа, Алланың елшісі! Мен сенен өзің білетін, мен білмейтін бір нәрсе сұрайын», – деді. Пайғамбар (с.а.с.): «Ол не?» – деді. Ол: «Күндіз не түнде намаз оқуға мәкруһ уақыт бар ма?» – деді. Пайғамбар (с.а.с.): «Иә, егер таң (парыз) намазын оқысаң, күн шыққанға дейін намазды қой (оқыма). Өйткені ол шайтанның екі мүйізінің арасында шығады. Содан кейін күн тас төбеңде найза сияқты тік болғанға дейінгі намазға (періштелер) қатысады әрі қабыл болады. Күн тас төбеңде найза секілді тік болғаннан оң жағыңа ауғанға дейін намазды қой (оқыма). Себебі ол – жаһаннам жағылып, есіктері ашылатын уақыт. Егер күн ауса, екінті намазын оқығанға дейін намаз қабыл болады, (періштелер) қатысады. Одан кейін күн батқанға дейін намазды қой (оқыма)», – деді», – деген.

Абдуллаһ ибн Омар (Алла әкесі екеуіне разы болсын): «Алланың елшісі (с.а.с.) күннің шығуымен немесе батуымен бірге намаз оқудан қайтарды», – деп айтқан  (Сунән ән-Нәсәи, Китәб әл-мауақит, 561, сахих хадис).

материал «Фиқһ әл-ғибадат» кітабынан алынды,

ummet.kz