«Мама, сен басқа балаңды менен қатты жақсы көресің» дейтін балалардың жиі айтатын сөзі бар ғой. Қай ана баласын бөліп-жарушы еді, оның аналық жүрегі қайсының әлсіз, қайсының аурушаң екенін біліп шырылдамай ма?
Сол сияқты Әл-Муқсит те барша адамды бірдей жақсы көреді, бірақ араларында кім әлсіз, кімнің жүрегі жаралы, Өзіне кім көбірек жалбарынып, шырылдайтынын, кім жиірек садақа беретінін – бәрін-бәрін біледі ғой. Неге оған көп береді дегеннің алдында, Алланың таразысын бір көрсең ғой, бәлкім, сонда түсінер ме едің?
Қасиетті кітаптарда 130 жыл өмір сүрген Исмайл деген кісі туралы айтады. Мұның сыры неде деп сұраса, дәрі ішкем жоқ, алайда ешкімнің ризығын қызғанған емеспін дейді екен.
Мұнаббих деген ғалым бар. Сол кісінің кітабын оқып шықтым. Сонда ол бір күні түсіне шайтан кірді дейді. Сөйтіп: «Әй, Алланың жауы, сен кімдерді жолдан тайдырасың, айтшы?» дегенде, сараңды, қызғаншақты және Алланың ісін асықтыратындарды дейді екен.
Ал егер осының бәрі бір адамның бойынан кездессе, ондай адамды қырсық деуге келеді. Ал қырсықтарға жетістік кешігіп жететінін өзің де білесің ғой.
Әл-Муқситті қайталап дұға еткен сайын жүрегіңнен көреалмаушылық кетіп, баланс, таразы атаулының басы кімнің қолында екенін түсінесің.
Әл-Муқситтің саған ғана арналған жоспарынан қашсаң да құтылмайсың, жоспары басқа болса, қусаң да жете алмайсың.
материал «Жүрек білмеген есімдер» кітабынан алынды,
ummet.kz