06 Қараша 2026, Жұма 26 Джумада әл-әууәл 1448 һ.
Намаз уақыты
Күн 07:10
Бесін 12:03
Екінті 14:57
Шам 16:45
Құптан 18:14

Құран оқығандағы жүрекке қатысты әдептер

Құран оқығандағы жүрекке қатысты әдептер

Құран оқығандағы жүрекке қатысты әдептер алтау:


1-әдеп: Оқып отырған нәрсесінің ұлылығын білу. Себебі ол – Алланың сөзі және қадим. Кейіннен жаратылған жоқ. Алланың сипаты. Затымен бар. Ал тілмен айтылатындар – әріптер. Тілмен «от» деп айту оңай және бәрі де мұны айта алады, алайда оттың өзіне шыдай алмайды. Құранның әріптерінің ақиқат мағынасы жарыққа шығарылса жеті қат көк пен жер бұл көрініске шыдай алмас еді. Сол себепті Алла Тағала «Егер Біз осынау (қасиетті де айбатты) Құранды тауға түсіргенімізде, оның (алыптығына қарамастан) Аллаға деген ерекше құрметі мен қорқынышынан бас иіп, күл-паршасы шыққанын көрер едің. Біз адамдар үшін жүйелі түрде ойланып, ғибрат алсын деп, осындай мысалдар келтірудеміз» дейді. Алайда тілдер мен жүректердің төзе білуі үшін Құранның әсемдігін және ұлылығын әріп түрінде жапқан. Оны осы әріптердің киіміне орап жіберуден басқаша жолдың болуы мүмкін емес. Бұл әріптердіңартында үлкен бір шындық жоқ дегенді көрсетпейді! Бұл мынаған ұқсайды: Жануарларды айдау, оларға су беру және жұмыс істету адамның сөзі арқылы жүзеге аспайды. Өйткені жануар адамның сөзін түсінбейді. Сол себепті адам сол малдың дауысына ұқсас дыбыстарды тауып, сол арқылы малды басқарады. Жануарлар осы дауысты естіп жұмыс істейді. Бірақ пайдасын білмейді. Соқаға жегілген өгіз топырақты жұмсартады. Алайда топырақты жұмсартудың, егістікті жыртудың хикметін, пайдасын, ауаның топырақтың арасына кіруі, сумен бірігуі және үшеуі қосылғанда тұқымды өсіретінін білмейді. Адамдардың көпшілігі Құраннан алатын нәсіптері дыбысы мен сыртқы көрінісінің мағынасынан тұрады. Тіпті кейбіреуі Құранды тек әріп пен дыбыстан тұрады деп санаған. Бұл – үлкен әлсіздік және босансушылық. Бұл біреудің оттың ақиқатын «о» және «т» әріптерінен тұрады деп ойлағаны секілді. Алайда от қағазға жақындаған кезде оны жағатынын және бұл әріптердің әрдайым қағаздың үстінде тұрып, оған еш әсер етпейтінін түсінбейді. Әрбір дененің, әр қалыптың өзіне ұқсайтын рухы болатыны секілді Құранның әріптерінің мағынасы рух секілді, ал әріптер қалып және сыртқы түр тәрізді. Қалып пен түрдің қадірі рухқа байланысты. Әріптердің қадірлі болуының себебі мағыналардың рухына, ақиқатына байланысты. Мұның барлығын бұл кітапта түсіндіру мүмкін емес.

2-әдеп: Құранды оқудан бұрын осы сөздің иесі болған Алланың ұлылығын жүрегінде ұстау. Кімнің сөзін оқып жатқанын және қандай қауіпте екенін білу керек. Себебі Раббымыз Құранда: «Оны (тәндік һәм рухани кірлерден толық арылған) таза жандардан өзгелер ұстай алмайды»³⁸ деген еді. Мусхафтың өзін дәретсіз ұстамайтыны секілді Алланың кәламының ақиқатын жүрегі жамандықтардан тазармаған, құрмет пен тағзым нұрымен безендірілмеген адам түсіне алмайды. Сол себепті әзірет Икрима (р.а.) қай кезде Құранды ашса да есінен айырылғандай болып, «Бұл – менің Раббымның сөзі, бұл – менің Раббымның сөзі» дейтін. Алланың ұлылығын білмеген адам Құранның ұлылығын түсіне алмайды. Бұл ұлылық Алланың сипаттары мен істерін ойламайынша жүректе орнықпайды. Аршыны, Күрсіні, жеті қат көкті, жерді және ол екеуінің арасындағы періштелерді, жындарды, адамдарды, жануарларды, жәндіктерді, тастарды, өсімдіктерді және барлық жаратылыстарды жүрегінде ұстап, ойланатын болса, бұл Құранның барлық осы айтылғандардың жаратушысы болған Алланың кәламы (сөзі) екенін біледі. Өйткені бәрін жоқ етсе оған зарар келмейді және ұлылығы кемімейді. Жаратқан, бар етіп тұрған және бәріне ризық берген – Сол. Осылай ойлаған кезде жүрегінде сол ұлылық біраз орнайды.

3-әдеп: Оқыған кезде жүрегімен беріліп оқу керек, ынтасыз болмау керек. Жүрегіндегі ойлар оны оқып жатқан нәрсесінен алыстатпау керек. Зейінсіз оқыған жерлерін оқыдым деп санамау керек, қайтадан оқу керек. Бұл адамның бір бақшаны тамашалауға кірісіп, ол жерден шыққанға дейін бақшадағы барлық әсемдіктерді ұмытып қалғанына ұқсайды. Себебі Құран мұсылмандар қарайтын жер және онда таңқаларлық қаншама нығметтер бар. Оларды ойлаған адам басқа нәрсемен айналыса алмайды. Олай болса Құранның мағынасын білмеген адамның одан алатын нәсібі аз болады. Алайда ойын шоғырландыру үшін оның ұлылығын жүрегінде ұстауы керек.

4-әдеп: Түсінгенге дейін әр сөздің мағынасын ойлауы керек. Бір оқығанда түсіне алмаса қайтадан оқу керек. Егер бір ләззат алса, тағы бір рет оқу керек. Бұл көп оқудан да артық нәрсе. Әбу Зәрр (р.а.) айтады: Расулалла (с.а.с.) бір түні таңға дейін намазда мына аятты қайта-қайта оқыды: «Егер оларды азаптаймын десең, шүбәсіз, олар Сенің құлдарың. Ал егер оларды кешірсең, Сен ұлысың, бәрінен үстемсің һәм (әр ісің мен әрбір үкіміңде талай хикмет болған) асқан даналық иесісің»³⁹ деп бисмилләні жиырма рет қайталады. Саид ибн Жүбәйр (р.а.) бір түнді мына аятты оқып өткізді: «Әй, күнәға белшесінен батқан күнәһарлар! Қане, бүгін өзгелерден араларыңды үзіп, оқшауланыңдар!»⁴⁰ Бір аят оқылып, басқа аяттың мағынасын ойласа, ол аят оқылмаған болып саналады.

Амир ибн Қайс ішіндегі күмәндарына (уәсуәса) шағымданды. Басқалар «Ол дүниелік істен болады» дегенде, ол: «Намазда дүниелік істерді ойлаудан жүрегіме пышақ сұққандары маған жеңіл тиеді. Алайда жүрегім Алланың құзырына қалай шығуды және ол құзырдан қалай кетуді ойлаумен болады». Намазда оқылатын әр сөздің мағынасынан басқа ештеңені ойламау керек. Дінге қатысты ой болса да басқа ойлардың бәрі уәсуәса делінеді. Демек, әр аятты оқығанда оның мағынасынан басқа ештеңе ойламау керек. Алланың сипаттарын көрсететін аяттарды оқығанда сипаттардың сырын ойлау керек. Қуддус, Азиз, Жәббар, Хаким және осы секілді сипаттардың мағыналарына терең ой жіберткен абзал. Алланың әрекеттерін, істерін көрсететін (Жерді және көктерді жаратты)⁴¹ деген секілді аяттарды оқығанда жаратылған нәрселердегі адам ақылы жетпейтін істерден Жаратушының ұлылығын түсінеді. Оның ілімі мен құдіретінің кемелдігін біледі. Тіпті неге қараса да Хакты көретін және көреді. «Шүбәсіз, Біз адам баласын (ер мен әйелден бөлінген, сан алуан элементтерден құралған) құрама тамшыдан жараттық»⁴² деген аятты оқығанда бір тамшы судан қалайша ет, тері, тамыр, сүйек және сол секілді нәрселер туындайды? Сосын одан бас, қол, аяқ, көз, тіл және басқа ағзалардың жаратылғанын және көру, есту, өмір сүру және басқа да ғажап халдердің қалай жаратылғанын, қалай пайда болғанын ойланады.Алланы еске алу

Құранның барлық мағынасын түсіну қиын. Бұларды айтудағы мақсатымыз – Құран бойынша қалай ойлану керектігін көрсету үшін. Құранның мағынасын үш адам түсіне алмайды: Біріншісі – бұрын Құранның сыртқы тәпсірін оқымаған және араб тілін білмейтін адам. Екіншісі – үлкен күнә істеуді жалғастырып, сенімде бидғат жасауға жол беріп, бидғат пен күнә арқылы жүрегі қарайған адам. Үшіншісі – кәлам іліміндегі сенуі қажетті нәрсені оқып алып, соның сыртқы көрінісіне қадалып қалған, оған сай келмейтін бір нәрседен жиренетін адам. Ол адамның осы сыртқы мағынадан арылуы мүмкін емес.

5-әдеп: Аяттардың мағыналары өзгеретіні секілді жүрегі де түрлі қалыптарға енуі керек. Қорқытып ескертетін аяттарға келгенде жүрегімен шынайы қорқуы керек. Рақымдылық аяттарына келгенде жүрегі мен жүзінде қуаныш пен шаттық байқалу керек. Алланың сипаттарын естігенде дереу бойсұнып, жүрегі мойынсұнуы керек. Кәпірлердің Алла Тағала туралы айтқандарын, «серігі және баласы бар» деген сияқты мүмкін емес нәрселерін естігенде даусын бәсеңдетіп, ұялып оқуы қажет. Сол сияқты әр аяттың бір мағынасы бар және мағынаның да қажет ететін нәрсесі бар. Сол сипатқа бөленіп, сол аятқа сәйкес түрде оқу керек.

6-әдеп: Құранды Алладан естіп тұрғандай етіп тыңдау керек. Сол сәтте Содан тыңдап тұрмын деп ойлауы қажет. Ұлылардың бірі айтады: «Мен Құран оқитынмын, бірақ одан ләззат ала алмайтынмын. Оқыған Құранымды Расулалладан тыңдап тұрмын деп ойладым. Содан кейін ләззат ала бастадым, көтеріле бастадым. Жәбірейіл аләйһис-сәламнан тыңдап тұрғанымды ойладым, одан да көп рахат алдым. Тағы да көтеріліп, жоғары мақамға жеттім. Енді тікелей Алладан естіп тұрғандай боламын. Осыған дейін сезінбеген ләззатты сезінудемін».

³⁸ Уақиға, 79

³⁹ Мәида, 118

⁴⁰ Йәсин, 59

⁴¹ Ахқаф, 33

⁴² Инсан, 2

материал Имам Ғазалидің «Бақыт формуласы» кітабынан алынды,

ummet.kz