11 Қараша 2026, Сәрсенбі 1 Жумад ас-сәни 1448 һ.
Намаз уақыты
Таң 05:48
Күн 07:19
Бесін 12:03
Екінті 14:49
Шам 16:37

Қонаққа құрмет – жылы жүз бен тәтті сөзден басталады

Қонаққа құрмет – жылы жүз бен тәтті сөзден басталады

Қонаққа деген құрмет – дастархан басында және кетерде оған жылы жүзбен қарап, жақсы мәміле жасау. Қонақтың қалайтыны жақсы сөз бен жайдары жүз, оларды солай қарсы алу керек.


Әузағиден:⁶⁶ «Қонаққа құрмет көрсету дегеніміз не?» – деп сұрағанда, ол: «Жылы жүз және тәтті сөз», – деген.
Язид ибн Әбу Зияд: «Абдуррахман ибн Әбу Ләйләнің⁶⁷ шаңырағына қашан барсақ та жақсы сөйлесетін және дәмді тағамдар ұсынатын», – деген.

Қонақ өзіне қажетті құрмет көрсетілмесе де, үй иесіне разылығын білдіріп, жылы жүзбен есіктен шыққаны жөн. Осылай жасау – көркем мінез бен қарапайымдылықтың белгісі. Өйткені Алла елшісі (с.а.с.): *«Шындығында, адам көркем мінезі арқылы күндіз ораза, түнде құлшылық етуші адамдардың дәрежесіне жетеді»*⁶⁸, – деген.

Ілгергі кісілердің бірі үлкен дастархан жайып, қонақ шақырады. Бірақ қонақтарының арасынан бір кісіні таба алмайды. Уағында келе алмаған әлгі адам шақырғанын кейін естіп, кешігіп болса да келеді. Үйдің иесі:

– Не қалайсың? – деп сұрайды. Әлгі адам:

– Мені шақырған екенсіз. Кеш естідім. Содан келгенім... – дейді. Үй иесі:

– Жақсы. Бірақ бәрі бітті, қонақтар тарап кетті, – дейді. Әлгі кісі:

– Артылған ештеңе қалмады ма? Бір үзім нан болса да жетер еді, – дейді. Үй иесі:

– Өкінішке орай, ештеңе қалмады, – дейді.

Сонда:

– Олай болса қазанды алып келіңіз, соның жұғынын жейін, – дейді. Үй иесі:

– Өкінішке орай, оны да жуып тастадық, – дегенде, қонақ: «Әлхамду лиллаһ» деп үйден кетеді. Кейін әлгі кісіден сол қонақасы жайлы сұрағандарға:

– Үйдің иесі бізді ізгі ниетпен шақырды. Үлгере алмадым. Бірақ артынан барғанымда, тағы да ізгі ниетпен кері қайтарды, – деп жауап береді.

Міне, қарапайымдылық, көркем мінез дегеніміз осы. Мынадай бір оқиға болған: Жүнәйд Бағдадидың ұстазын бір бала төрт мәрте әкесінің үйіне қонаққа шақырады. Бірақ әр жолы әкесі ол кісіні қуып жібереді. Әр жолы баланың көңілін жықпау үшін баланың шақыруын қабыл алып, әкесінің айтқанын тыңдап кері қайтады.

Міне, осындай адамдар жамандықты Раббысынан деп есептеп, Алла үшін қарапайымдылықпен қорлыққа шыдап, таухидпен тыныштық тауып, қабылдау мен қабылдамауды Алланың сынағы деп біліп, адамдардың ілтипатынан дандайсып кетпегені секілді, олардың қорлауына да назар аудармай, барлығын Алладан деп сенген. Сол себепті бір кісі: «Менің шақырған жерге барғым келмейді. Бірақ жұмақтағы тағамдарды еске түсіргім келгендіктен барам. Жұмақтың тағамдары дәмді, жеңіл және есеп сұралмайды. Қонаққа жайылған дастархан да сондай», – деген.

_____________________________________________________________________________

⁶⁶ Әузағи – Шамдық үлкен фиқһ ғалымы Абдуррахман ибн Омар.
⁶⁷ Ансар. Көптеген риуаят жеткізген. Тайпасы оны патша секілді құрметтеген.
⁶⁸ Табарани «Кәбир»-де Әбу Умамадан риуаят еткен. Хаким Әбу Һурайрадан (р.а.) риуаят етіп, Бұхари мен Мүслимнің шарттарына сай «сахих» деп бағалаған.

материал Имам Ғазалидің «Тамақтану әдептері» кітабынан алынды,

ummet.kz