Таң ата бере әлем жаңа өмірге оянып жатқанда, бір ананың көзі тағы да ұйқысыз түннен ашылады. Таңғы самал терезені сипап өтсе де, оның жүзіне әлсіз күлкі мен алаң бар. Өйткені, ол жай ғана ана емес – ол ерекше баланың анасы. Оның өмірі – әр күні емхана мен үміттің арасында, әр сәті – күрес пен дұғаның арасында өтеді.
Ол аналар – өмірдің ең батыр адамдары. Олар үшін әрбір күн – күрес. Күрес өз тағдырымен, қоғамның түсінбеушілігімен, ең бастысы — баласының ауырлығымен. Бірақ сол күрестің ішінде олар мейірімді жоғалтпайды. Олар уайымның арасынан үміт іздейді. Олар сабырды үйренген, сабырды өмір сүрудің тынысына айналдырған.
Кейде шаршайды. Кейде жылайды. Бірақ бәрібір тұрады, себебі артында кішкентай көздер қарап тұр. Сол көздерде – сенім, махаббат және «анашым, сен менің қаһарманымсың!» деген үнсіз сөздер бар.
Ол аналар ешкімге шағымданбайды, тек Аллаға мұңын шағады. Күн сайын жүрегінен: «Иә, Раббым, күш-қуат бер! Сенсіз мен сондай әлсізбін», – деп өтінеді.
Сол сәтте оның жанында Құдайдың нұры бар екенін сезеді, өйткені: «Сенің сабырың – Алланың ғана көмегімен» («Нахл» сүресі, 127-аят).
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с): «Сабыр — нұр», – деген.
Тағы бір мүбәрак хадисінде: «Кімде-кім сабыр етсе, Алла оған сабыр береді. Алладан артық және кең сый ешкімге берілген емес».
Сен – Алланың ерекше таңдаған құлысың. Басқа адам сенің орныңда бола алмайды. Саған берілген баланың ерекше болуы – сенің ерекше екеніңнің дәлелі. Саған сенім артылды, себебі сенде жүрек бар, мейірім бар, сабыр бар.
Есіңде болсын, сен жалғыз емессің!
Сенің әрбір тамшы жасыңды Алла көреді, әрбір ауыр деміңді естиді. Сабыр ет, сабырдың соңында шексіз жақсылық бар.
материал «Сен керексің» кітабынан алынды,
ummet.kz