Сынақ әлемінде қанша ғұмыр кешсең де, Ұлы Алланың сүйіспеншілігінде болуға тырыс. Себебі бұл ақиқат сенің жолыңды айқындайды.
Кім ғапылдыққа салынса, дүниеде қанша қиындық көрсе де, сол сынақтар оны тура жолға сала алмайды. Себебі ақылы таяз әйел баласынан айырылып қалса да, күліп, мәз болып жүре береді (сол секілді сен де күнә жасап, мәз болып жүрсің).
Түнгі намазға тұра алмасаң да, күндіз ораза ұстауға шамаң келмей қалса да, ол үшін денең ауырмайды, жүрегің сыздамайды (уайымдамайсың). Бұл – жүрегіңді ғапылдық өлтіргенінің белгісі. Себебі тірі адамға иненің ұшы кірсе, міндетті түрде ауырсынуды сезетін еді. Ал өлі денені қылышпен кессең де ештеңе сезбейді. Олай болса, сен – денең тірі болғанмен, жүрегі өлі адамсың.
Жәннатқа жетелейтін ілім мәжілістеріне қатыс, сонда ақиқатты өз үйіңнен табасың. Қанша күнә жасап жүрсең де, ілім мәжілістеріне барудан қалма.
«Күнәні тастауға шамам келмейді, бәрібір күнә жасап қоя беремін, ілім мәжілістеріне барғаннан не пайда?» деп айтушы болма. Себебі нысанаға дәл тигізе алмайтын кісі, қайта-қайта жебені лақтырып, жаттыға беруі керек: бүгін тимесе, әйтеуір ертең тиеді. Сол секілді ілім мәжілістеріне барып жүрген кісінің бір күні жүрегі ашылады.
материал «Тәжул-арус» кітабынан алынды,
ummet.kz