Садақаны пақыр-кедейге міндетсіну және кемсіту мақсатында бермеу керек. Өйткені Алла Тағала: «…Берген садақаларыңды міндетсіну немесе (садақа алған жандарды) ренжітетін сөздермен әрекеттерге бару арқылы зая қылмаңдар» («Бақара» сүресі, 264) деген.
Тәпсіршілер «мәнн» және «әза» сөздерінің мағыналарына қатысты пікір қайшылығына түскен. Біреулер «мәнн» берген садақаны еске түсіру, «әза» оны жария беру десті. Суфиян Сәури: «Кімде-кім берген садақасын міндетсінетін (мәнн ететін) болса, садақаның сауабын түгелдей жойып жібереді» деді. Одан: «Міндетсіну (мәнн) қалай болады?» деп сұралғанда, ол: «Садақа берген адамға мен саған ананы, мынаны бердім деп есіне салу мен соны айтып отырумен болады», – деген.
Екіншілер: «Мәнн» – садақа берген адамды өзінің істеріне қолдану, «әза» – оның кедей екендігін бетіне басып айыптау деген. Үшіншілер: «Мәнн» – садақа берген адам кедей адамның алдында тәкаппарлануы, «әза» – сұраушы адамға ауыр сөздер айтып, кемсіту», – деген. Ардақты Пайғамбар: «Алла тағала берген садақасын міндетсінген адамның садақасын қабыл етпейді» деген.
Міндетсіну (мәнн) қалай болады:
Менің ойымша, міндетсінудің пайда болатын негізі мен түбірі бар. Бұлар – жүректің халі мен сипаты. Кейіннен осы түбірден бірқатар бұтақтар пайда болады. Олар да тіл мен басқа дене мүшелерінде көрініс береді. Бұның негізі, зекет беріп тұрған адам өзін кедейге қамқор болып, жақсылық жасап тұрмын деп ойлайды. Негізінде, ол жақсылықты өзінен емес, сараңдықтан тазалап, тозақтан құтқаратын Алланың ақысы болған зекетті қабыл еткен пақыр-кедейден деп білуі керек.
Егер ол пақыр қабыл алмағанда бұл парыз мойнынан түспес еді. Ендеше, істің ақисы пақырға міндетсіну емес, керісінше, берілген зекетті қабыл алған пақырға алғыс айту керек. Өйткені Алла тағаланың ақысын қабыл алуда пақырдың қолы Аллаға өкілдік етеді. Өйткені ардақты Пайғамбар (с.а.с.): «Пенде қолын садақа беру үшін созғанда ол садақа сұраушының қолына жетпестен бұрын Аллаға берілгендей болады», – деген.
Сондықтан зекет пен садақа беруші Алланың ақысын беріп тұрмын деп ойлауы керек. Аллаға берген соң пақыр ризық-несібесін Алладан алатын болады.
Біреу асырап отырған қызметшісіне «Пәленшеде қарызым бар еді, мына ақшаны соған апарып бер десе, қызметшінің бұл ақшаны беріп тұрған кезінде алашаққа міндетсінеді деп ойлау ақымақтық болады. Өйткені қызметші – арадағы дәнекер. Ал ақшаны иесі беріп жіберді. Қызметшінің ешкімге міндетсінуге ақысы жоқ. Зекеттің парыз болуының хикметінде түсіндіргеніміз үш мағына немесе олардың бірін білетін зекет берумен, мал-дүниесін садақа етумен иләһи сүйіспеншілікке бөленуі немесе сараңдықтың жаманшылығынан тазалануы және артуын сұрау үшін нығметке шүкіршілік етуі тұрғысынан тек қана өзін-өзі жақсылық жасап тұрғанын оңай түсінеді.
Қандай жағдай болмасын, ақиқатында, өзін пақырға жақсылық етушілерден санайтындай, пақыр мен өзінің арасында қатынас жоқ қой. Бай-дәулеттілер осы ақиқатты ұғынбай садақа-зекет беріп тұрғанда өзін пақырға жақсылық жасап тұрмын деп көретін болса, «мәнн» сөзінің мағынасында түсіндірген бұтақтар пайда болады. Олар жария етіп беру, бергенін бетіне басып айту және садақа берген пақырдан алғыс, дұға, қызмет, құрмет, ұлықтау, әміріне бағыну және өзін алға өткізу сияқты нәрселерді күтеді. Міне, бұлардың барлығы міндетсінудің жаман және нашар жемістері мен нәтижелері. Ал міндетсінудің жасырын мағынасы жоғарыда айтып өткендеріміз.
материал «Ихия улумид-дин» кітабынан алынды,
ummet.kz