Бір күні Пайғамбарымызға (с.а.у.) тақыр кедей кісі келіп қайыр тілейді.
Пайғамбарымыз оған: «Үйіңде қандай дүние бар?» – дейді. Әлгі кісі: «Үстімізге киетін әрі төсеніш ретінде пайдаланатын бөз бен су ішетін ыдыс бар», – дейді.
Алла елшісі (с.а.у.) үйіндегі сол екі затты алып келуін талап етеді. Сахаба заттарын бірден алып келіп, Пайғамбарға табыстайды. Алла елшісі: «Мына заттарды кім сатып алады?» деп сахабаларына ұсыныс тастайды. Бір кісі тұрып: «Мен бір дирһамға сатып аламын», – дейді.
Пайғамбарымыз: «Кім көбірек ақшаға сатып алады?» – деп тағы да екі-үш рет сұрайды. «Мен екі дирһамға аламын», – деп ниет білдіреді басқа бір сахаба. Заттар сол кісіге сатылады.
Алла елшісі екі дирһамды кедей кісіге беріп: «Бір дирһамына отбасыңа азық ал. Ал екіншісіне базарға барып балта сатып әкел», – дейді. Базардан балта сатып алып әкелген адамға Пайғамбарымыз: «Енді орманға барып отын шауып, соны сат. 15 күн бойы мен сені мына арадан көрмейтін болайын», – дейді.
Әлгі кісі Пайғамбар айтқандай отын шауып, оны базарға сатып, 10 дирһам ақша табады да, отбасына азық-түлік, киім-кешек сатып алады. Мұны көрген Алла елшісі: «Міне, бұлай жасауың қиямет күні қайыршылық салдарынан жүзің қара дақ болып келуінен әлдеқайда қайырлы», – дейді.
материал «Кемел адам» кітабынан алынды,
ummet.kz