29 Қыркүйек 2026, Сейсенбі 18 Рабиғ әс-сәни 1448 һ.
Намаз уақыты
Күн 06:06
Бесін 12:10
Екінті 16:07
Шам 18:02
Құптан 19:28

Қымбаттым, сылдырлап аққан судай бол!

Қымбаттым, сылдырлап аққан судай бол!

Кемелдікке ұмтылған ізгі жандар бір-біріне: «Қымбаттым, сылдырап аққан судай бол!» – деп насихат айтады. Өйткені су әрдайым сарқырап ағады.


Үнемі әрекетте. Аққан сайын мөлдірлігін, тазалығын, тұнықтығын сақтайды. Басқаларға пайдалы болады. Ал ағынсыз, тоқтау судың тұнығы лайланып, борсып, саси бастайды. Сен де су секілді үнемі қозғалыста, әрекетте бол! Егер ақпай тоқтап қалсаң, су секілді тұнығың лайланады.

Аққан су өзінің жолын табады. Кездескен бөгеттерді айналып өтіп, жылға-сайды қуалай жылжып, мақсатына жетеді. Сен де өмірде кездесетін кедергілерді осылай айналып өт! Мақсатыңды жиып қойып, жолыңда кездескен адамдармен айтысып, тартысып, уақытыңды босқа өткізіп алма!

Су қандай ыдысқа құйылса да, сол ыдыстың формасына ыңғайланып, өз қасиетін жоғалтпастан пішінін өзгерте алады. Сен де су тәрізді жағдайға қарай ыңғайланып, қоғамға бейімдел. Бірақ су секілді сен де өз болмысыңды, ішкі құндылығыңды сақта!

Су өзгерістен қорықпайды. Ол бу болып аспанға ұшады. Бұлт болып жосылып көшеді. Жаңбыр, бұршақ болып жерге қайта жауады. Қар болып жапалақтайды. Мұз болып қатады. Су болып қайта ериді. Аяғында су су болып қалады. Ендеше, сен де су тәрізді өзгерістен қорықпа! Өзгерістің дәмін татқан адам ғана дамиды. Сондықтан өзіңді әрдайым жаңалап отыр! Сүрлеусіз өмірден, үнемі қайталана беретін әдеттен құтыл! Өзгеруден қорыққан адам ешқашан көгермейді. Басқа дәмді татпайды. Өзгені білмейді. Мұндай адам бойындағы қабілет-қарымын кемелдендіріп, оның өркендеуіне мүмкіндік бермейді.

Су – қанша сұйық болса да, ол дүниедегі ең тығыз әрі қатты дененің бірі. Ол сонысымен таудай алып кемелерді көтеріп тұр. Ендеше, сен де су сияқты қиындыққа төтеп бер! Қандай ауырлықты болмасын еңсере алар мықты бол!

Су әрдайым үлкен ағыстарға айналады. Арықтың суы өзенге қосылу арқылы көлге, теңізге, алып мұхитқа шығады. Ендеше, сен де су секілді үлкен ағыстан қорықпа! Тағдырдың табиғи ағысынан қашпағын. Басыңа түскен тағдыр тауқыметі қанша ауыр болса да, қабылда! Сен ұнатпаған оқиғалар артында пайдалы сырлар жатуы бек мүмкін. Сен ұнатпаған ағыстар сен күтпеген жақсылыққа бастап, сен оны біле бермеуің мүмкін.

Су қанша ластанса да, топыраққа сіңіп қайта тазарады, баяғы мөлдір қалпына оралады. Олай болса, адам баласы қандай да бір күнә мен қателікке ұрынғаннан кейін су сияқты тазара білуі керек. Судың жерге сіңгені секілді, сен де тәубенің топырағына сің, кір шалған рухыңды, тот басқан жүрегіңді тазала! Әу бастағы тап-таза қалпыңа қайта орал!

Су әрдайым кірді кетіреді. Былғанышты жуады. Тіпті алтынның өзін су шайып, саф қылады. Ендеше, сен де су секілді әрдайым қоғамның рухани ластығын тазала. Жүректердің кірін кетіріп, жамандықтың жууға жәрдем бер!

Су сырлар мекені. Теңіз – өз тұңғиығында қайнап жатқан небір тіршілікті, ғасырлар қойнауындағы қарт тарихты жасырып тұр. Сен де су секілді адам кемшілігін жасырып, сырларына берік бол.

Судың сылдыры, жаңбырдың тырсылды қандай ғажап! Адам жанына шипа, көңіліне керемет шабыт береді.

Сенің де сөзің сылдырап аққан су секілді тыңдаған адамға әрдайым жайлы да жағымды болсын! Көңіл сыйласын. Дертіне дауа болсын. Шабыттандырып, жігер берсін!

Қыста судың мұзы қалыңдаса да, астындағы ағысы тоқтамайды. Сырттан қараған адам тереңдегі ағысты байқамайды. Олай болса, шарттар мен жағдайлар аяз секілді қанша жерден қатал болса да, сен өз ағысыңды тоқтатпа, алға қарай жылжи бер! Ағысыңды жария етемін деп әуре болма!

Су тама берсе, тас теседі. Сен де үздіксіз жасалған аз әрекетіңмен үлкен жетістіктерге жетесің! Тамшы тәрізді тырсылдап тама бер, тоқтама!

Су ешбір қайтарым күтпестен басқаларға жәрдем береді. Кепкен ағашқа, қураған гүлге, шөлдеген жан-жануарға, ерні кезерген адамға шаттық сыйлайды. Су бар жерде – тіршілік бар. Ендеше, сен де су секілді айналаңа өмір сыйла, көңіл сыйла, мұқтаждың жәрдеміне жүгір, қолұшын бер, пайдалы бол! Оқырманым, мен де саған «әрдайым сылдырап аққан су секілді бол!» демекпін.

материал «Кемел адам» кітабынан алынды, 

ummet.kz