Күшті иман – депрессияны емдеудің ең тиімді жолдарының бірі, әрі одан сақтайтын сенімді қорған.
Неміс психологы Франк: «Өзіңді қаншалықты жалғыз сезінсең де, шын мәнінде, сен ешқашан жалғыз емессің. Сен жолдың шетінде сүрініп, әлсіреп тұрсаң да, жүрегіңде «Алла менімен бірге» деген нық сенім болса, сол жеткілікті», – дейді.
Бір батыс жазушысы жаңа жылды қарсы алар сәтте есік алдында тұрған күзетшіге:
– Маған қараңғы жолда жүруге жарық берші, – дейді.
Сонда күзетші: – Өзіңді Аллаға тапсыр, сонда Ол сені тура жолға бастайды, – деп жауап береді.
Ал адам өзін жалғыз сезінгенде Раббысының мына аяттарын естен шығармасын: «Шығыстың да, батыстың да иесі бір Алла. Жүздеріңді қай жаққа қаратсаңдар да, Аллаға бет бұрған боласыңдар. Шүбәсіз, (күллі жаратылысты мейіріміне бөлеген) Алла өте кең, бәрін білетін шексіз ілім иесі»¹⁸.
«Ол аспан әлемі мен жерді алты күнде жаратты, содан кейін Аршқа «истиуа» етті (яғни, Аршқа шексіз билігін жүргізді, Аршпен бірге күллі жаратылыс атаулыны толық меңгеріп, шексіз үкімін жүргізді). Ол (жауын суы мен егілген тұқымдар сияқты) жерге енген нәрселер мен (су және өсімдік сынды) жерден шыққан нәрселердің, сондай-ақ (жауын-шашын, жарық және періштелер сынды) көктен түскен нәрселер мен (бұл пенделерінің дұғалары мен құлшылықтары сынды) көкке көтерілген нәрселердің бәрін біледі. Әсілі, сендер қайда болсаңдар да, Ол сендермен бірге. Алла сендердің не істеп, не қойып жүргендеріңді толық көріп тұрады»¹⁹.
Мұны пайғамбарлар да терең сезінген. Мұса пайғамбар өз қауымына: «Жоқ, Раббым сөзсіз менімен бірге, Ол маған тығырықтан шығар жолды көрсетеді», – деді²⁰.
Ал Пайғамбарымыз (с.ғ.с) үңгірде серігіне: «Қайғырма, Алла бізбен бірге», – деп айтқан.
18 «Бақара» сүресі, 115-аят
19 «Хадид» сүресі, 4-аят
20 «Шұғара» сүресі, 62-аят
материал «Өзіңді және өзгелерді бақытты ет» кітабынан алынды,
ummet.kz