01 Қазан 2026, Бейсенбі 20 Рабиғ әс-сәни 1448 һ.
Намаз уақыты
Күн 06:09
Бесін 12:09
Екінті 16:03
Шам 17:58
Құптан 19:24

Дос – анасы бөлек бауырың

Дос – анасы бөлек бауырың

Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ұрпағы Әбу Жағфар Мұхаммед былай дейді:


«Әкем маған: «Балам! Бес түрлі адаммен еш уақытта жолдас болма. Олармен әңгімелеспе және жолда серік етпе», – деді. Сонда мен: «Әке, ол бесеуі кім?» – дедім. Әкем: «Пасықпен жолдас болма, бір асқа бола немесе одан да аз нәрсе үшін сатып жібереді», – деді. Мен: «Әке! Одан да азы деген не?» – дегенімде: «Дәметіп, қолы жетпеген дүниеге сатады», – деді. Мен: «Екіншісі кім?» – дедім. Әкем: «Сараңмен жолдас болма! Саған ең керек кезде мал-дүниесін бермейді. Мен: «Үшіншісі кім?» – дедім. Әкем: «Өтірікшіні жолдас етпе! Сағым сияқты жақынды сенен алыстатып, алысты жақын етіп көрсетеді», – деді. Мен тағатсыздана: «Әке, төртіншісі кім?» – дедім. Әкем: «Ақымақпен жолдас болма. Пайда беремін деп зияны тиеді», – деді. Мен: «Әке, бесіншісі кім?» – деп сұрадым. Ол: «Туысқанымен ара-қатынасын үзгенмен жолдас болма! Ондай адам Құранда үш жерде лағынеттелгенін көрдім», – деген екен.

Жақсы дос – адамның арқа сүйер бауыры, жанына демеу болатын жолдасы. Доспен әңгіме-дүкен құрудың өзі жүрекке рақат сыйлайды. Кеңшілік күнде қуанышқа ортақ, қиыншылық шақта қайғы бөлісетін шынайы доспен адам бақытты болады. Жаман дос көлеңке сияқты, шуақты күнде жаныңнан бір елі қалмайды. Ал, басыңа бұлт үйіріле қалса, таппайсың.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисте: «Жақсы дос пен жаман дос қош иіс су сатушы мен көрік үрлеуші темір ұстасы іспетті. Қош иіс су сатушы саған иіс суын сыйға береді немесе өзің сатып аласың, яки болмаса жанында тұрып, қош иісті сезесің. Ал, көрік үрлеуші сенің киіміңді күйдіреді немесе жанында тұрып, сасық иіс сезесің»¹, – дейді.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дос жайлы ақиқатты терең мағына, ерекше теңеумен түсіндіруде. Бұл хадисте жақсы дос қош иіс су сатушыға теңелген. Әтір сатушының маңайына жақындаған кісі өз үлесін алады. Тым болмағанда үстіне қош иіс сіңіп қалады. Жаман дос темір ұстасы іспетті. Үнемі от жанып тұрғандықтан ұстахана қабырғасына ыс пен жаман иіс сіңіп қалады. Темір соғып тұрған ұстаның маңайына барсаң от ұшқыны киіміңді, не денеңді күйдіреді. Біршама алшақ тұрсаң да құтыла алмайсың. Үстіңде сасық иісі қалады. Теміршінің оты адамның тек киімі мен денесін күйдірсе, жаман жолдастың мінезі адамның жан-дүниесін жаралап, көңіліне сызат түсіреді. Міне, сондықтан да адамға досының мінезі жұғатынын, жақсыдан шарапат, жаманнан кесапат тиетінін бұрынғылар айтып кеткен. Дәуід пайғамбар баласы Сүлейменге (оларға Алланың сәлемі болсын): «Балам! Бір дұшпанды азсынба, мың досты көпсінбе», – деген екен. Бұл әкелік ақылды да көпті аңғартады.

¹ Бухари, Муслим хадистер жинағы.

материал «Мұсылман мотивациясы» кітабынан алынды, 

ummet.kz