03 Қазан 2026, Сенбі 22 Рабиғ әс-сәни 1448 һ.
Намаз уақыты
Күн 06:12
Бесін 12:08
Екінті 15:59
Шам 17:53
Құптан 19:19

Намаз бен оның алғышарты туралы хадистер

Намаз бен оның алғышарты туралы хадистер

Сахаба Әбу Умамадан (р.а.) жеткен хадисте Алла Елшісі (с.ғ.с) былай дейді:


«Аллаға тақуалық қылыңдар. Бес уақыт намаз оқыңдар. Рамазан айында ораза ұстаңдар. Малдарыңнан зекеттеріңді беріңдер. Басшыларыңа мойынсұныңдар, сол кезде жұмаққа кіресіңдер».

Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен хадисте Алла Елшісі (с.ғ.с): «Қиямет күні пенденің ең бірінші сұралатын амалы – намазы», – деген болатын.

Тағы бір риуаятта: «Менің үмбетім қиямет күні дәрет іздерінен маңдайлары жарқырап, денелері нұрланып келеді. Шамаларың жеткенше сол нұрдың жарығын ұзартыңдар».

Тағы бір риуаятта: «Намаз оқушы адам оқыған жерінде отырғанға дейін намаздың сауабын алады».

Тағы бір риуаятта: «Егер үмбетіме ауырлық болмағанда, әр намазға дәретті, әр дәретте мисуак қолдануды бұйырар едім».

Уқба ибн Амирден (р.а.) жеткен хадисте Алла Елшісі (с.ғ.с) былай дейді: «Араларыңнан біреуің жақсылап дәрет алып, дәреттен соң «Алладан басқа тәңір жоқ екеніне, Мұхаммед Оның құлы, әрі елшісі екеніне куәлік беремін», – десе, оған жұмақтың сегіз есігі айқара ашылып, қалаған есіктен кіре алатын болады».

Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен хадисте Алла Елшісі (с.ғ.с) былай дейді: «Аллаға ең ұнамды жер – мешіттер. Ең жағымсызы – базарлар».

Осман ибн Аффаннан (р.а.) жеткен хадисте Алла Елшісі (с.ғ.с) былай дейді: «Кімде-кім Алла үшін мешіт салса, Алла оған жұмақтан үй тұрғызады».

Әбу Дарда жеткізген хадисте Алла Елшісі (с.ғ.с) былай дейді: «Расында, Алла Тағала мешіттер үйіне айналған пенденің қиямет күні сират көпірінен аман өтуіне кепілдік береді».

Бурайда ибн әл-Хусейб әл-Әслами (р.а.) жеткізген хадисте Алла Елшісі (с.ғ.с) былай дейді: «Қараңғылықта мешітке көп барғандарды қияметтің нұрымен сүйіншілеңдер».

Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен хадисте Алла Елшісі (с.ғ.с) былай дейді: «Кімде-кім таңда немесе түскі уақытта мешітке барса, Алла оған әр барғаны үшін жұмақтан бір орын уәде етеді».

Абдулла ибн Омардан (р.а.) жеткен хадисте Алла Елшісі (с.ғ.с): «Жамағат намазы жалғыз оқыған намаздан жиырма жеті есе артық», – деді.

Әнас ибн Мәликтен (р.а.) жеткен хадисте Алла Елшісі (с.ғ.с): «Азан мен қамат арасындағы дұға қайтарылмайды», – деген болатын.

Жабир ибн Абдулладан (р.а.) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с) былай дейді: «Азанды естігеннен кейін: «Мына толық азан мен оқылатын намаздың Иесі! Хазіреті Мұхаммедке мүміндерге арқау болуды, артықшылық пен биік дәрежені бер. Әрі оны Өзің уәде еткен «Махмуд» шыңына жеткіз», – деген адам қиямет күні менің шапағатыма кенеледі».

материал «Сахих әл-Бұхари» кітабынан алынды, 

ummet.kz