Бұрынғы мұсылмандар таң намазының уақытын күтпей тұрып мешітке баруға қарай асығатын.
Табиғиннен бір кісі былай дейді: «Бір күні таң намазының азаны шақырмай тұрып мешітке бардым. Барсам, менен бұрын Әбу Һурайра (р.а.) келіп отыр екен. Ол менен: «Ертелетіп неғып жүрсің?» – деп сұрады. Мен: «Намазға келдім», – дедім. Сонда Әбу Һурайра (р.а.): «Саған сүйінші, біз осындай уақытта мешітке келуді Алланың разылығы жолында ардақты Пайғамбарымызбен бірге жасайтын күрес деп санайтынбыз», – деді.
Әзірет Али былай дейді: «Әзірет Фатимамен (р.а.) ұйықтап жатқанбыз. Алла елшісі (с.а.с.) келіп мені түртіп: «Намазға тұрмайсыңдар ма?» – деді. Мен: «Уа, Расулалла! Біздің нәпсіміз Алланың құдіретті уысында. Ол қай уақытта қаласа бізді сол уақытта оятады, сол кезде тұрып оқимыз» деп жауап қаттым. Бұдан кейін Алла елшісі (с.а.с.) кетіп қалды. Кетіп бара жатып таңданып қолын тізесіне ұрып: «Адам баласы (ақиқаттың ашылуына бөгет жасайтын) талас-тартысқа тым әуес» деп айтқанын естіп қалдым».
Сосын таң намазының парызын бастағанға дейін дұға, истиғфар және тәсбихпен шұғылдану керек. 70 рет және 100 рет деп айтқан жөн. Бұдан кейін «Намаз кітабында» айтылып өткеніміздей, сыртқы және ішкі барлық әдептерін ұстана отырып парыз намазды оқу керек және намаздан соң күн шыққанға дейін қазір ұсынылатын тәртіп бойынша зікірлерді айтып мешітте отыру керек. Өйткені ардақты Пайғамбар (с.а.с.): «Таң намазын оқыған жерде күн шыққанға дейін отырып Алланы зікір ету мен үшін төрт құлды азат еткеннен сүйкімді», – деген.
Кейбір риуаяттарда ардақты Пайғамбарымыз күн шыққаннан кейін екі ракат намаз оқыған. Бұның көптеген артықшылықтарын баяндаған риуаяттар бар. Хасан Басри мурсал хадис ретінде ардақты Пайғамбарымыздан (с.а.с.) Алланың мейіріміне қатысты мына бір құдси хадисті риуаят еткен: «Уа, адам баласы! Таң және екінті намаздарынан кейін бір-екі сағат Мені зікір ет, осы екі уақыт аралығына Мен кепілмін». (Ибн Мүбарак "Зуһд" кітабында мүрсәл ретінде риуаят еткен).
материал «Ихия улумид-дин» кітабынан алынды,
ummet.kz