17 Қараша 2026, Сейсенбі 8 Жумад ас-сәни 1448 һ.
Намаз уақыты
Күн 07:29
Бесін 12:04
Екінті 14:42
Шам 16:29
Құптан 18:01

Намаз оқығанда оқылатын Құранға қатысты үкімдер

Намаз оқығанда оқылатын Құранға қатысты үкімдер

Қырағатқа (намаз оқығанда оқылатын Құранға) қатысты мәселелер мен үкімдер:


1. Қырағат уәжіп, сүннет және нәпіл намаздардың барлық ракағаттары мен парыз намаздардың алғашқы екі ракағатында – парыз. Ал парыз намаздардың басқа ракағаттарында қырағат уәжіп. Бұл туралы намаздың уәжіптері тарауынан толық оқи аласыздар.

2. Қырағаттың ең азы – әр ракағатта бір аят оқу. Әбу Юсуф пен Мұхаммед әш-Шәйбәни: «Қырағаттың ең азы – қысқа үш аят немесе ұзын бір аят», – деген (Әл-Ихтияр, I том, 94-бет). Бірақ тек бір аятты ғана оқудың үкімі «мәкруһ тахрими». Себебі «Фатиха» және бір сүре оқу намаздың уәжібіне жатады.

3. Қырағат дұрыс болу үшін оны өзіне естілер-естілмес дәрежеде оқу керек. Себебі дауыс шығару – қырағаттың шарттарының бірі. Бірақ шулы жерде намаз оқыған адамға өзі есту үшін даусын табиғи қалыптан жоғары көтеру шарт емес. Сондай-ақ тілді дауыссыз қозғалтып оқу да дұрыс емес (Әл-Муфассал фи әл-фиқһ әл-ханафи, 138-бет).

4. Мылқау және басқа да себепті тілін қозғалта алмайтын адам Құранды жүрегімен оқиды.

5. Әбу Ханифа мазһабында имамға ұюшы Құран оқымайды. Олар өз пікірлеріне мына хадисті дәлел еткен: Жәбир (Алла оған разы болсын): «Алла елшісі (с.а.с.): «Кімнің имамы болса, имамның қырағаты – оған қырағат», – деді», – деген  (Сунән Ибн Мәжәһ, Китәб иқама әс-салаһ уа әс-суннәту фиһә, 840).

Жәбир ибн Абдуллаһ (Алла әкесі екеуіне разы болсын): «Пайғамбар (с.а.с.): «Имамның артында оқылған (Фатихасыз) намаздан басқа, Уммул кітапсыз (Фатихасыз) оқылған намаз кем», – деді», – деген (Әд-Дарақутни, I том, 327-бет).

Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын): «Алла елшісі (с.а.с.): «Имам оған ұю үшін. Егер тәкбір алса, тәкбір алыңдар. Егер (Құран) оқыса, тыныш тұрыңдар», – деді», – деген (Әд-Дарақутни, I том, 327-бет).

Имам Ахмад, Сағид ибн әл-Мусайяб, Хасан, Ибраһим, Мұхаммед ибн Кағб және әз-Зуһри «Құран оқылса, оны тыңдаңдар және тынышталыңдар» «Ағраф» сүресі, 204-аят. деген аятты намазға қатысты түскен деп айтқан (Әл-Фиқһ әл-ханафи уә әдилләтуһ, I том, 154-бет).

Аятта екі амалға бұйрық бар. Біріншісі – Құранды тыңдау, екіншісі – тынышталу. Іштей оқылатын намаздарда Құранды тыңдау мүмкін болмағанмен, тынышталуға болады. Аяттың сыртқы мәніне сүйенсек, имам Құран оқығанда тыныштық сақтау керек деген мағына шығады.

6. Намазда Құран тек араб тілінде оқылады. Басқа тілге Құранның өзі емес, оның мағыналық аудармалары ғана жасалады («Не үшін Құран араб тілінде оқылады?» деген сауалға «Күдікпен күрес» және «Ислам ғылымхалы» атты еңбектерден толық жауап таба аласыздар).

материал «Фиқһ әл-ғибадат» кітабынан алынды,

ummet.kz