17 Қараша 2026, Сейсенбі 7 Жумад ас-сәни 1448 һ.
Намаз уақыты
Күн 07:29
Бесін 12:04
Екінті 14:42
Шам 16:29
Құптан 18:01

Адам өзінің көкірегін таза ұстау тәсілдері

Адам өзінің көкірегін таза ұстау тәсілдері

Адам өзінің көкірегін таза ұстау тәсілдері: Айналаға кешіріммен қарап, ақтап алуға жол іздеу. Ешкімнің тәніне, мүлкіне, арына зиян беретін сөз айтпау. Ойдың тазалығы.


Бірінші дауа:

«Айналаға» деп отырғанымыз адамдар мен қоршаған орта, табиғат, ауа райы. Кейбіреулер істерінің сәтсіздігіне, жолы болмағанына, шаршағанына ауа райын кінәлауға әдеттенген. «Бүгін ауа райы быт-шыт болып, еңсеп басылып тұр», «Дүйсенбі ауыр күн», «анау пәленді көрсем бар ғой, зығырданым қайнайды», «Қытайлық қоқыстар (көліктер) қаптап кетті! Менің 15 жыл болған аудиыма жетпейді осылар!» - деген секілді сөздер. Біл, әрбір сөздің өз салмағы бар. Қаншалықты зиян сөздер айтасың, өзіңе сол салмақпен оралады. «Табиғатта еш нәрсе жоқтан пайда болмайды және жоғалып кетпейді. Ол бір түрден екінші түрге айналады» (Джоуль, Майер). Бір құдси хадисте: «Дәуірді сөкпеңдер! Өйткені Алла - ол дәуір» - делінді. (Муслим 2246 87).

Мағынасы: Дәуір деген заманды, оқиғаларды, өлім-жітімді, ауыр жағдайларды, ауа райы құбылыстары деген мағынаны аңдататын сөз. Бұл жағдайлардың туралап келгенде адамның ісіне, жетістігіне, табыс табуына немесе таппауына, бақытты сезініп немесе сезінбеуіне еш қатысы жоқ. Ақша таппауыңды заманнан, істен де көрме, өзіңнен, нақты айтсақ, өзіңнің есеймегеніңнен көр. Ақшаны ересек адам табады, жасы үлкен болса да, әлі бала болып жүрген адам емес. Олардың қолына ақша берсең, сүйген тәттілері мен ойындарына жұмсап, бір аптада жоқ қылып жіберетін балалар секілді есі аз «ересектер» бар, ондайларды Құран есі жоқтар дейді. Аятта: «Сондай-ақ, Алла сендерге өзек еткен мал-мүліктеріңді ақылсыздарға бермеңдер» («Нисә» сүресі, 5-аят)  -дейді. Кейбір тәпсіршілер осы «ақылсыздар, ессіздер» дегенді балалар, әйелдер, есі жоқтар деп түсіндірген. Өйткені олар эмоцияға берілгіш. Ал эмоциясы тым жоғары, бағынуы қиындардың қолында ақша тұруы сирек. Себебі ол жағдай импульсивті сатып алуға апарады. Ал ақша болса, күшті энергия мен салмақты ой, ақылға қарай келеді. Жақсы, неліктен «Алла ол дәуір,»- деді? Өйткені бұларды жаратушы - Алла. Адамға келген дәуірдің сырлары бар. Ол оны барынша дұрыс пайдаланып, жақсыға істетемін десе, жақсыға мүмкіндік болады. Ал «Менің сорыма келген уақыт болды, кеше жақсы еді, бүгін жаманға айналды! Ауа райының себебінен сәтсіздікке ұшырайтын болдым,» - десе, мүмкін сол жағдай расымен болады.

Екінші дауа:

Көпшілік адамдар соңғы кезде деп айтсақ дұрыс болар, біреудің тәніне, мүлкіне қатысты сынап, мінеген сөздерді көп айтуға әдеттенген. Оның жеңіл болып кеткені соншалықты, тән иесі мен мал иесіне көңіліне ауыр тиеді деп ойланбай айтылады. Халқымызда: «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі,»- дейтін сөз барын білеміз. Ал енді «Ауырмай өлу» деп адамның өз ойы мен сөзінен өзінің таяқ жеуін айтады. Бұл шын мағынасындағы физикалық тұрғыда, тәннің өлімі емес. Бәлкім ол адамның өзінің аңдамай, сөзін салмақтай алмай сөйлеп қойып, сол сөзінің кесірінен сот алдында жауап беріп, жиған абыройы төгіліп, сол іште бықсып жатқан жаман ойын сыртқа айтамын деп, өз сөзінің зардабын шегіп жататындар бар. Осы жайлы пайғамбардың күйеу баласы Әли ибн Әбу Талиб: «Сенің сырың - ішіңдегі тұтқының. Қашан ауызыңнан шығарсаң, оның тұтқынына айналасың,»- деген. «Сырың» деп тұрғаны - адамның ішіндегі сөзі, өз ойы. Ал оны қашан адам тілімен айтса, ол сыртта материалданып, шынымен оның өміріне араласады. Егер жолың ашылып, ісің түзелсін деп шын қаласаң, екі елі аузыңа төрт елі қақпақ керек екенін біл!

Үшінші дауа:

Басқалардың шаруасына араласа беруді доғару. Егер сенен насихат, кеңес сұрамаса, онда өзіңнен-өзің адамдардЫҢ ісін сынап, қателігін бетіне баса берме! Мысалы, «Мǝǝ, қытайдың көлігін бекер алдың ғой, жапондық, немістің көлігін алмадың ба, ақша қосып?!», «Сен қыз қашан шығасың байға? Жүре бересің бе осылай?!», «Ее, анау кісі ме, үстіндегі әнебір ескі пиджагын тастамайды екен!» деген сөздерің - өзіңе қазып жатқан орың екенін біл!

Біреудің мінін тергенше,

Жамандығын көргенше,

Өз ойыңды мазалап,

Өз бойыңды тазалап,

Өзіңмен күрес өлгенше.

(Шәкәрім)

Демек, іштегі қоқыс болған ойыңды айтсаң, сыртқы жағдайың, айналаң қоқыстанатынын білдің. Ал қалай ойлайсың, егер сол іштегінің өзін тазартсаң? Адамның жолы болмауының, ісі өрге домалаудың орнына, сайға құлдырауының басты себебі оның ішінде орын алған жаман ойы. Адамның жаман ойын мен үйдің астындағы жер төледе қолданылмай тұрған газ балонына ұқсатамын. Ол газ балонның үйде жұмсалмай сақталып тұра беруі - өте қауіпті. Кез-келген уақытта жарылып, үйді төңкеріп жібере алады. Не ол газды игілігіңе пайдалан, әйтпесе оны пайдаланатын адамға садақа ет! Екеуінің біреуін таңда. Сол сияқты іштегі сөзің - жаман ойыңнан тазалан. Яғни, біреуге кегің, ашуың, ренішің болса, оны жылма- жыл сақтап жүрме. Ол қордаланған жаман энергия тәніңе ауруды тудырады. Қалайша тезек өзінің жағымсыз иісімен шыбындарды тартады. Іштегі сасыған жаман ойың да ауруды өзіне сол секілді тартады. Ендеше іштегі бітпейтін адамдарға ренішің мен олардың ісін шексіз түрде талқылауың сол тезек секілді.

Қазіргі кезде әлеуметтік желіде адамдар өзі білетін емес, білмейтін тақырыпта болсын, бейненің астына ойларына келген сөзді жаза береді. Ал сол білімге негізделмеген пікірлерді жазып, өзі танымайтын кісінің арына нұқсан келтіретін сөздері арқылы олар өздерінің дініне, жанына, тұлғалығына кір келтіруде. Ал сондай үлгідегі пікірді жазатындардың көбісі - тіпті барлығы дерлік тапшылық жағдайында өмір сүріп жатқан адамдар. Рухани һәм материалды бай болған кісі ондай пікір жазуға оған уақыты мен ары рұқсат етпейді. Құранда: «Уа иман еткендер, ойдың көбінен аулақ болыңдар! Шындығында кейбір ойлар күнә» («Хужурат» сүресі, 12-аят) - делінді.

Ал хадисте: «Кісінің исламды жақсы ұстануы оның өзіне қатысы болмаған нәрсені тәрк етуімен» - делінді.

Олай болса, қазіргі жаман ойларыңнан, іштегі кірден өз еркіңмен өзіңді тазарт. Әйтпесе, Алла басыңа ауырлықтар бере бастайды. Неге? Сені сол кірден тазартып, ғапылдықтан ояту үшін. Сені моншаға кіргізіп, денеңдегі кірді біреудің тазалап беруін тілер ме едің? Егер «жоқ» болса, онда өз жаман ойыңнан өзің құтыл, бойыңнан ол кірді өзің тазарт! (Тирмизи 2317, Ибн Мәжә 3976).

материал Құрманғазы Садыбаевтың «BIL» кітабынан алынды,

ummet.kz