Намазда тік тұрған кезде жасалатын сүннеттер:
– Оң қолды сол қолдың үстіне қою, яғни оң қолдың алақанын сол қолдың үстіне қою немесе оң қолмен сол қолдың білезігін ұстау. Кейбір ханафи ғалымдары бұл екеуін біріктіріп, оң қолды сол қолдың үстіне қойып, бас бармақ және шынашақпен сол қолдың білезігінен ұстауды таңдаған. Дәлел ретінде төмендегі хадистерді келтіруге болады:
Қабиса ибн Һулб әкесінен. Ол: «Алла елшісі (с.а.с.) бізге имам болып, сол қолын оң қолымен ұстайтын», – деген.
Әбу Иса (имам әт-Тирмизи): «Һулбтың хадисі – «хасан», бұл хадиспен Пайғамбардың (с.а.с.) сахабалары, тәбиғиндер амал жасаған. Олардан кейінгі ғалымдар намазда оң қолды сол қолдың үстіне қояды деген пікірді ұстанған. Кейбіреулері (екі қолды) кіндіктің үстіне қояды десе, екіншілері кіндіктің төменгі жағына қояды және бұл (мәселеде) кеңшілік бар деген», – дейді (Сунән әт-Тирмизи, Китәб әс-салаһ, 234).
Пайғамбар (с.а.с.): «Үш амал пайғамбарлардың сүннетінен: ауызашарды асықтыру, сәресіні кешіктіру және намазда оң қолды сол қолдың үстіне қою», – деген (Әд-Дарақутни, әт-Табарани, әл-Бәйһақи).
Ханафи мен ханбали мазһабтарында қолды кіндіктен төмен, шафиғи мазһабында кеудеге қою – сүннет. Ал мәлики мазһабында намазхан намазда тұрғанда екі қолды байламайды. Ханафи мен ханбали мазһабындағылар мына хадиске сүйеніп тұжырым жасаған: Әли (Алла оған разы болсын): «Намазда (оң) қолды (сол) қолдың үстіне қойып, кіндіктен төмен ұстау сүннеттен», – деді (1).
Әл-Хажжаж ибн Хассан: «Әбу Мижләздан естідім (не сұрадым)», – дейді. «Мен (Оған): «(Қолды) қалай қояды?» – дедім. Ол: «Оң қолының алақанын сол қолының алақанының үстіне қойып, кіндіктен төмен ұстайды», – деді» (2). Хадистің иснады жақсы, ал хадисті риуаят еткендердің барлығы сенімді (3).
Уәил ибн Хужр: «Алла елшісінің (с.а.с.) оңын (оң қолын) солының (сол қолының) үстіне қойып, кіндіктің астына ұстайтын», – деген (4).
– Тәкбиратул-ихрамнан кейін, Фатиханың алдында «сәнә» дұғасын оқу – сүннет. «Сәнә» дұғасы: «Субханәкә Аллаһуммә уә бихамдикә, уә тәбәракәсмукә уә таъалә жаддукә, уә лә иләһә ғайрук».
Мағынасы: Уа, Алла! Барлық даңқ пен мадақ Саған тән! Сенің есімің берекелі, беделің жоғары әрі Сенен басқа құдай жоқ! Бұл дұғаны оқудың сүннет екендігіне төмендегі хадис дәлел болады:
Әбу Сағид әл-Худри (Алла оған разы болсын): «Пайғамбар (с.а.с.) намазды бастаса: «Субханәкә Аллаһуммә уә бихамдикә, уә тәбәракәсмукә уә таъалә жаддукә, уә лә иләһә ғайрук», – дейтін», – деген (5).
Сондай-ақ «сәнә» дұғасының орнына төмендегі дұғаны да оқуға болады. «Уажжаһту уажһи лилләзи фатарас-самауати уал-арда ханифа, уа мә әнә минәл-мушрикин. Иннә саләти уа нусуки уа махйә-йә уа мәмәти лилләһи раббил ъаламин. Лә шәрикә ләһ. Уа бизәликә умирту уа әнә минәл-муслимин».
Мағынасы: Шынайы түрде жүзімді аспандар мен жерді Жаратушыға бағыттадым. Расында, намазым, құлшылығым, тіршілігім, өлімім әлемдердің Раббысы Алланікі. Оның серігі жоқ. Соған бұйырылдым және мен – мұсылмандардың бірімін.
Бұл екі дұға бізге Пайғамбарымыздан (с.а.с.) жеткен. Ханафи мазһабында негізінен «сәнә» дұғасын, ал шафиғи мазһабында екінші дұғаны оқуға машықтанған.
Кейбір ханафи ғалымдарының пікірі бойынша, екінші дұға нәпіл намаздарында оқылады (6).
Егер намазхан бұл дұғаны ұмытып не қателесіп, бірден Фатиханы бастап кетсе, дұғаны қайта оқымайды және сәһу сәждесін жасамайды. Имам Құран оқып тұрған сәтте кешігіп келіп, имамға ұйыған адам «сәнә» дұғасын оқымастан, тәкбір алып, имамның артынан Құранға құлақ түріп, тыныш үнсіз тұрады. Себебі Құранды тыңдап, тыныш үнсіз тұру уәжіп, ал «сәнә» дұғасын оқу сүннет.
– Тек бірінші ракағатта «Фатиха» сүресінің алдында ағузуды және әр ракағатта бисмилләні айту. Ханафи мазһабында ағузу мен бисмиллә барлық намаздарда іштей айтылады. Ал шафиғи мазһабында жария оқылатын намаздарда бисмиллә дауыстап айтылады.
– «Фатиха» сүресін оқығаннан кейін «әмин» деп айту да – сүннет. Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын): «Пайғамбар (с.а.с.): «Егер имам «әмин» десе, «әмин» деңдер. Кімде-кімнің әмині періштелердің әминіне тура келсе, оның өткен күнәлары кешіріледі», – деген», – дейді.
Ханафи мен мәлики мазһабтарында әминді іштей айтқан абзал. Ал шафиғи мен ханбали мазһабтарында әминді жария намаздарында жария айту керек.
Ескерту: барлық мазһабтарда әминді айтудың үкімі – сүннет. Тек «Әминді дауыстап айтқан абзал ма, әлде іштен айтқан абзал ма?» деген сұраққа ғалымдар екі түрлі жауап берген. Жоғарыда айтылған шейх Фаузанның сүннет амалдарына қатысты пікірін қоштай отырып, әмин мәселесі мұсылмандар арасында іріткі тудырмау керектігін баса айту керек. Кімде-кім «әминді» дауыстап айтуды қаласа, оған тыйым салуға болмайтындығы секілді, әминді іштей айтқан адамға да «сен сүннетті тастап кеттің» деп кінә артуға болмайды.
_______________________________________________________________________
1. Сунән Әбу Дауд, Китәб әс-салаһ, 645.
2. Мусаннаф Ибн Әбу Шәйбә, I том, 427-бет.
3. Әл-Фиқһ әл-ханафи уа әдилләтуһ, I том, 162-163 беттер.
4. Ибн Әбу Шәйбә сахих иснәдпен риуаят еткен. Хадисті риуаят еткендер сенімді.
5. Сунән ән-Нәсәи, Китәб әл-ифтитах, 889. Осымен мағыналас хадистер Омардан және Айша анамыздан да риуаят етілген.
6. Әл-Фиқһ әл-ханафи уа әдилләтуһ, I том, 163.126
материал «Фиқһ әл-ғибадат» кітабынан алынды,
ummet.kz