17 Қараша 2026, Сейсенбі 7 Жумад ас-сәни 1448 һ.
Намаз уақыты
Күн 07:29
Бесін 12:04
Екінті 14:42
Шам 16:29
Құптан 18:01

Көлденең құлшылық деген не?

Көлденең құлшылық деген не?

Біл. адамдардың көбі амал-әрекетте, құлшылықта, жақсылық істеуде қателесіп тұрады. Біздің қателігіміз осы істерде басымдылықты (приоритет) ескермеуден. Мысалы, алдымен кімге жақсылық істеп, оған ұнау керек? Әрине, ең жақыныңа.


Ол жайында Мәшһүр Жүсіп атамыз:

«Қазақ сөзі айтады: «Әуелі өзіңнің үйіңе жақ, одан соң ауылыңа жақ, одан соң отан-аймағыңа, одан соң халқыңа жақ, содан соң барып Құдайыңа жақ!» – дейді екен. «Әне – дін, әне – өсиет, әне – қасиет», – деген.

Демек, жақсылық жасап, болысып, жәрдем беруде осы басымдылықтан айнымау керек. Дінімізде де «әуләуият» (басымдылықтар) деген ереже бар. Одан аттап кетуге болмайды. Мысалы, Ажар деген әйелге сыйлық беруден бұрын Маржан деген әйелден алған қарызыңды өтеп ал! Сыйлықтың сауабынан қарызыңнан құтылудың сауабы артық әрі Маржанның ақысы сенде басым. Бұл – вертикальді құлшылықтар арасындағы басымдылықты ескеру.

Ислам ғалымдарының ұстанымы бойынша, адамның ақысы мен құқықтары (қарым-қатынас мәселесі) Құдай алдындағы міндеттерден басым тұрады. Себебі, Алла Тағала өз мейірімімен құлдың ақысын кешпейінше кешірмейді. Құл ақысы міндетті түрде өтелуі тиіс. Және Алла – ештеңеге мұқтаж емес, бай. Ал адамдар, мақұлықтар, табиғат қашанда мұқтаж. Демек, жайында Абай атамыз вертикальдіден бұрын горизонтальдіні ескеру керек. Осы жайында Абай атамыз:

Мазлұмға жаның ашып, ішің күйсін,
Қарекет қыл, пайдасы көпке тисін,
Көптің қамын әуелден тәңірі ойлаған,
Мен сүйгенді сүйді деп, сүйсін, – дейді.

Осы өлеңді бірнеше рет оқып шық. Мұнда әуелі жәбірленушіге жәрдем бер. «Сосын әрекет еткенде осы істің көпшілікке не пайдасы бар?» – деген өлшеммен қарап, соған жауап ізде. «Егер көпшіліктің пайдасын көздеп, оларға жақсаң, Аллаға да жаға аласың», – деп, алдымен көлденең құлшылықты айтты. Сосын осы амалдың тік құлшылыққа айналып, Ол сенен разы болады.

Сол сияқты бір сөзінде:

Руза, намаз, зекет, хаж – талассыз іс,
Жақсы болсаң, жақсы тұт бәрін тегіс,
Бастапқы үшін бекітпей, соңғы төртті,
Қылғанменен татымды бермес жеміс, – дейді.

Бұл өлеңнің мағынасы: ораза, намаз, қажылық, зекет секілді тік құлшылықтарды орында. Оны орындау – парыз. Алайда сен қара, адамдардың ақын жеп, тіршілік иелеріне зұлымдық етіп жүрген жоқсың ба? Адамдардың көзінде әдемі тірлік жасап, қанша сүйікті болуға тырысып жүрсең де, оған мәз болма. Шын мәнінде осындай істеріңде Алланың разылығын тілеп жасап жүрсің бе? Әлде адамдар мені жақсы кісі деп мақтасын деп немесе қандай да бір мақсатыңа жету үшін орындап жүрсің бе? Байқа, Алла бәрін көріп тұр, ішіндегіні біледі. Егер әлгі ойлардан таза болсаң, онда шын жақсы болғаның. Егер шын жақсы болсаң, онда әлгі бес парыздың бәрін тегіс ұста. Бірақ мынаны біл, алдыңғы үшеуін бекітпесең, онда ораза, намаз, зекет, қажылық деген төрт амалдың саған күткен жемісіңді бере алмайды. Өйткені сен алдыңғы үшеуін дұрыстамағансың дейді. Ал алдыңғы үшеуі деген не? Ол үшеуі осы өлеңнің басында айтылған:

Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті,
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
Және хақ жолы осы деп әділетті, – деген сөзі.

Осы үш сүю: Алланы сүю, адамзаттың бәрін ала-құлаламай, танысым, туысым, құдам деп қарамай, әрбіріне лайықтылығымен қарап, жәрдемдес, басымдылықты ескер. Сол сияқты әділетті сүй, әр ісіңде оны сақта, сонымен өмір сүр. Сол кезде ғана вертикальді құлшылық саналатын ораза, намаз, зекет, қажылық өзіңе шынымен пайда береді.

Біздің жаман әдетіміз бар, ол біреу танысымыз болса, соны лайықсыз орынға, сыйлыққа ұсынамыз. Мысалы, лайықты емес, көрсеткіші төмен студентті жақының, досыңның баласы болғаны үшін бағасын көтеріп, оған шәкіртақы мен грантты пайдалануға жол ашып берсең, ал лайықты студентке сенің сол ісіңнің себепті шәкіртақы жетпей қалса, онда горизонтальді құлшылықты орындамаған боласың. Горизонтальді құлшылықта жасаған зұлымдығың үшін вертикальді құлшылықта орындаған адам саналмайсың. Сондықтан біз әуелі «қай құлшылыққа мән беру керек, қайсысы басымдылыққа ие?» – деген сұраққа алдымен көлденең құлшылықты бекіту керек дедік. Біздің қоғамда осы ереже көбінесе сақталмайды. Оған әрбіріміз жауаптымыз. Біздің халықтың үнемі айналаны, тағдырды кінәлай беруінде ескермейтін басты себебі – әрбіріміз жауапты болған көлденең құлшылықта жіберетін қателіктеріміз.

Біл. егер сен лайықты емесі танысым, туысым деп лайықтыға берілуі тиіс орын мен сыйлықты оған берсең, сен екі құлшылықта да қателескен адам болдың. Өйткені әуелгісінен (көлденең) қателесу кейінгісінен (тік) қателесуге себеп болады. Сондықтан саған үнемі шағым ететін өмір тағдырыңа жазылады.

Ал егер сен: «Жоқ, мен енді шағым ете беретін адам болғым келмейді», – деп шешім етсең, онда сен алдымен көлденең құлшылығыңды түзе. Яғни, сенің көлденең құлшылығың дұрыс болса, адамдар сенің ісіңнен шағымданады, зорлық көреді. Ал оларға көрсеткен зорлық пен шағымданатындай жағдай енді өзіңе қайтады.

Сондықтан сен әрдайым шағым етуші адам болмауды неден бастауың керек? Әрине көлденең құлшылықта, яғни адамдармен қарым-қатынаста олардың шағымына себеп болатын іс істеме. Егер олар шағым шағым ететін іс істеуді жалғастырсаң, онда сенің де шағым етуің жалғаса береді. Шағым ететін хәлінді шағым етпейтін хәлге ауыстырсаң, сенің де шағым ететін жағдайларың азаяды не тоқтайды.

Сондықтан Құранда: «Ақиқатында, Алла қайсыбір адамдардың жағдайын қашан олар өз-өздерін өзгертпейінше өзгертпейді» («Рағыд» сүресі, 11-аят), – дейді.

материал Құрманғазы Садыбаевтың «BIL» кітабынан алынды,

ummet.kz