17 Қараша 2026, Сейсенбі 8 Жумад ас-сәни 1448 һ.
Намаз уақыты
Күн 07:29
Бесін 12:04
Екінті 14:42
Шам 16:29
Құптан 18:01

Біздің Алладан сұрағанымыз неліктен кешігеді?

Біздің Алладан сұрағанымыз неліктен кешігеді?

Біздің көп сәтте қажеттерімізге жете алмай жүруіміздің басты себептерінің бірі осы истиғфардың аздығы. Әйтпесе Алла сенің қажетіңді неліктен бермейді дейсің?


Өзіңе сұрақ қой:

-Ол сараң ба еді?

-Жоқ.

-Кедей ме?

-Жоқ.

-Әлсіз бе?

-Жоқ.

- Ендеше біздің сұрағанымыз неліктен кешігеді?

Оның сыры мынада деп ойлаймын. Біз «Истиғфар дегенде тілмен жүз, екі жүз рет «астағфируллаһ» деп айтсам, жеткілікті, сосын мәселем шешіледі» деп ойлаймыз. Көпшілік мұсылман осы ойдың төңірегінде ойлайды. Алайда жүрекпен және амалмен жүзеге асатын истиғфарды тәрк етеді. Мысалы, біреу қолындағы билігін пайдаланып, өзіне қарасты жұмысшылардың ақысын жейді. Немесе бір кісі өзі тағайындалған салаға, ауданға инвестиция саламын деп келген кісіге келісім беру үшін оған шарт қойып, «Келісемін, бірақ түскен пайдадан маған 50 пайызын беріп отырасың,» дейді. Ештеңе істемей біреудің салған ақшасынан, еткен еңбегінен осылай пайдалануды әдет еткен адам аузымен «астағфируллаһ» деп жүз рет айтса, оны Алла кешіреді ме? Жүрек истиғфары қайда сонда?! Құлшылық жүрекпен байланыспаса, құры тілмен болмайды. Ал жүрекпен жүзеге асатын истиғфар адамға соған сәйкес амал еттіреді.

Жүректің деңгейінде кешірім сұрау деген жүрген қылмыс, күнәңді сезініп, тағы мұндайды жасамауға бекіну. Ал амал арқылы истиғфар ету болса, сол жүрегіңмен қайтқан күнәні енді іс жүзінде әрекетпен көрсету. Мысалы: әлгі жұмыс беруші кісі егер ауызбен айтқан истиғфарында шынайы болса, жүрегімен өзінің сол күнәсін мойындап, өкініп, өзіне қарайтын қызмет, жауапкершілікті адал істеуге көшуі керек. Әлгіндей дереу шешіп беруге әрекеттеніп, жұмыс көзін ашып, кәсіпкер немесе инвестор келгенде олардың мәселесін кеп тұрған мүмкіндік арқылы халықты жұмыспен қамтамасыз етер еді. Ал ескі ауруына салып: «Табыстың мынадай бөлігін маған бер, әйтпесе жоқ!» деп отырумен ауызбен айтқан мың истиғфарының еш көмегін көрмейді. Истиғфар ол хәл, яғни бір хәлден басқа бір хәлге ауысу, трансформациялану. Егер сен өзіңнің ескі хәліңді жаңа хәлге ауыстыра алсаң, онда жаңа хәлің арқылы табыстар келе бастайды. Құрандағы:

«Ақиқатында, Алла қайсыбір адамдардың жағдайын қашан олар өз-өздерін өзгертпейінше өзгертпейді,»59 - тың мағынасы сол. («Рағыд» сүресі), 11-аят.

материал Құрманғазы Садыбаевтың «BIL» кітабынан алынды,

ummet.kz