16 Қазан 2026, Жұма 5 Джумада әл-әууәл 1448 һ.
Намаз уақыты
Күн 06:34
Бесін 12:05
Екінті 15:34
Шам 17:25
Құптан 18:51

Күн сайын адам осы жеті мүшесін есепке алсын

Күн сайын адам осы жеті мүшесін есепке алсын

Имам Мақдиси осы тақырыпқа әлде де тереңірек кіріп, былай деді:


«Нәпсімен шарттасу былай жүреді: адам таң намазынан кейін өзіне-өзі уәде береді: «Уа, нәпсім, бүгін сенің өміріңнің жаңа беті ашылды, бұл күн сенің дүниедегі соңғы күнің болуы мүмкін. Бүгінгі уақытыңды Алла разылығына лайық етіп өткіз, себебі әрбір тынысың қайта оралмайтын өмір маржаны. Егер бұл күнді бос өткізіп алсаң, оны ешнәрсемен қайтара алмайсың». Сол сәтте ол өзіне шарт қояды: «Мен бүгін көзімді, тілімді, құлағымды, қол-аяғымды және жүрегімді күнәдан сақтаймын. Әрбір мүшемді Алланың бұйрығына бағындырамын. Уақытымды бос өткізбей, пайдалы іспен толтырамын. Егер сен, нәпсім, бұл келісімді бұзсаң, ертең Алланың алдында мен саған қарсы шағымданамын».

Содан соң адам өзін бақылауға кіріседі. Әрбір сөзін, ісін, қимылын, тіпті ойының бағытын да қадағалайды. Күннің соңында, кешке жақын өзінен есеп сұрайды: «Бүгін мен не істедім? Алланың разылығын табу үшін қандай амал жасадым? Қай жерде уәдемді бұздым?» Осылайша адам күн сайын өзіне есеп беріп отырады. Күндізгі іс-әрекеті саудагердің саудасы сияқты, күн соңында ол табысын, зиянын есептейді. Егер ол рухани саудасында пайда тапса, Аллаға шүкіршілік етеді, егер зиян шексе, тәубе етеді.

Әрбір мүшенің өзіндік есебі бар. Көздің міндеті – харамға қарамау, Алланың жаратқандарына ғибратпен қарау. Құлақтың міндеті – бос әңгіме мен өсекті тыңдамау, пайдалы сөзге құлақ түру. Тілдің міндеті – ғайбат, өтірік, сөз таласынан тыйылып, зікір мен насихатқа жұмсалу. Қолдың міндеті – зұлымдыққа емес, жақсылыққа жұмсалу. Аяқтың міндеті – күнәға емес, ізгілікке апаратын жолда жүру. Іштің міндеті – халалға қанағаттану, харамнан аулақ болу. Жыныс мүшесінің міндеті – ар-намысты қорғау.

Күн сайын адам осы жеті мүшесін осылай есепке алады. Таңертең шарт қояды, күндіз бақылап жүреді, кешке есепке тартады. Осы үш амал бірігіп, нәпсіні тәрбиелейді, рухты тазартады, жүректі тыныштандырады.

материал «Саф жүрек» кітабынан алынды,

ummet.kz