10 Қараша 2026, Сейсенбі 30 Джумада әл-әууәл 1448 һ.
Намаз уақыты
Күн 07:17
Бесін 12:03
Екінті 14:51
Шам 16:39
Құптан 18:09

Дауыстап оқылатын намаздардың сипаты

Дауыстап оқылатын намаздардың сипаты

Дауыстап оқылатын намаздарда Құранды дауыстап оқу, іштей оқылатын намаздарда іштей оқу. Ханафи мазһабынан басқа мазһабтарда дауыстап және іштей оқу – сүннет.


Дауыстап оқылатын намаздар:
1. Таң намазы.
2. Ақшам намазының алғашқы екі ракағаты.
3. Құптан намазының алғашқы екі ракағаты.
4. Жұма намазы.
5. Екі айт намазы.
6. Тарауих намазы.

Бізге осы аталған намаздарда Құранды дауыстап оқудың сахабалардан (Алла оларға разы болсын) жеткені еш күмән туғызбайды. Себебі сахабалар өз шәкірттеріне намазда Құранды қай кезде дауыстап, қай кезде іштей оқу керек екендігін үйретіп кеткен.

Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын): «Алла елшісі (с.а.с.) жария оқығанды (1) сендерге жария оқыдық, ол (с.а.с.) жасырғанды жасырдық (2)», – деген (3).

Бесін және екінті намаздарын іштей оқуға мына екі хадис дәлел болады: Абдуллаһ ибн Әбу Қатада әкесінен: «Пайғамбар (с.а.с.) бесін және екінті намаздарының алғашқы екі ракағатында «Кітаптың Фатихасымен» (4) бір сүре оқитын. Бізге аятты анда-санда естіртетін. Соңғы екі ракағатта «Кітаптың Фатихасын» ғана оқитын», – деген (5).

Әбу Мағмар: «Хаббабтан (Алла оған разы болсын) Алла елшісі (с.а.с.) бесін мен екінті намаздарында (Құран) оқитын ба еді?» – деп сұрадық. Ол: «Иә», – деді. Біз: «Оны қалай білуші едіңдер?» – дедік. Ол: «(Пайғамбардың (с.а.с.)) сақалының тербелісінен», – деп жауап берді», – деген(6).

Бұл екі хадистен шығар қорытынды, Пайғамбарымыз (с.а.с.) бесін мен екінті намаздарында Құранды ішінен оқитын болған.
Ақшам намазын дауыстап оқуға қатысты дәлел: Ибн Аббастан (Алла әкесі екеуіне разы болсын), Умму әл-Фадл бинт әл-
Харис оның (Ибн Аббастың) «Уәл мурсәләти ъурфа» (7) оқығанын естіп: «Ей, «Ей, балақай! Сен осы сүрені оқу арқылы маған оның Алла елшісінен (с.а.с.) естіген ең соңғы сүрем екендігін есіме түсірдің. Ол (с.а.с.) оны ақшам намазында оқыған», – деген (8). Яғни Пайғамбар (с.а.с.) ақшам намазында зәм сүресін дауыстап оқыған.

Бұл хадистегі жай имамға қатысты айтылған. Ал намазын жеке оқыған адамның өз еркі өзінде. Қалауына қарап дауыстап немесе ішінен оқи алады. Имам қателесіп не ұмытып дауыстап оқылуы керек сүрені ішінен, керісінше, іштей оқылуы керек сүрені дауыстап оқып қойса, намаз соңында сәһу сәждесін жасауы керек. Күндіз нәпіл намазын оқыған адам Құранды ішінен оқыса, түнде нәпіл намазын оқыған кісі Құран аяттарын дауыстап та, ішінен де оқи алады. Себебі Пайғамбар (с.а.с.): «Күндізгі намаз үнсіз (дауыссыз), түнгі намаз екі құлағыңа естіледі», – деген (9).
Ал бекітілген сүннет намаздары тек іштей оқылады (10).

_______________________________________________________________________
1. Яғни дауыстап оқитын намазды.
2. Яғни іштей оқылатын намазды іштей оқыдық.
3. Сахих Муслим, Китәб әс-салаһ, 599. Муснад Ахмад, Китәб муснәд әл-муксирин, 773.
4. Яғни «Фатиха» сүресімен.
5. Сахих Муслим, Китәб әс-салаһ, 686.
6. Сахих әл-Бұхари, Китәб әл-әзән, 704. Сунән Әбу Дауд, Китәб әс-салаһ, 678.
7. «Мурсаләт» сүресін.
8. Сахих Муслим, Китәб әс-салаһ, 704. Сунән Әбу Дауд, Китәб әс-салаһ, 687. Муатта, Китәб ән-нидә лис-салаһ, 158.
9. Мусаннаф Ибн Әбу Шәйбә, I том, 401-бет.
10. Әл-Муфассал фи әл-фиқһ әл-ханафи, I том, 144-бет, Бәдәиғ әс-санаиғ, I том, 396-
бет.

материал «Фиқһ әл-ғибадат» кітабынан алынды,

ummet.kz