06 Қараша 2026, Жұма 26 Джумада әл-әууәл 1448 һ.
Намаз уақыты
Күн 07:10
Бесін 12:03
Екінті 14:57
Шам 16:45
Құптан 18:14

Парыз және уәжіп намаздарының ниетіне қатысты шарттар

Парыз және уәжіп намаздарының ниетіне қатысты шарттар

Парыз және уәжіп намаздарының ниетіне қатысты шарттар:


1. Алдымен көңіліне қай парыз немесе уәжіп намазын оқитынын бекіту. Мысалы, намаз оқушы бесін, екінті намаздарының парызын немесе үтір намазын оқуды ойына алуы. Себебі парыз намаздарының саны көп әрі бір парыз намаз екінші парыз намазының орнына жүрмейді. Сондықтан тек қана парыз намазын оқуды ниет ету қай парыз намазы екендігін толық ашпайды. Ал қанша ракағат оқуды белгілеу міндетті емес. Өйткені әрбір парыз бен уәжіп намаздарының ракағат саны әуел бастан белгіленіп қойылған. Егер адам сүннет немесе нәпіл намазын орындауды ниет етсе, оның қай сүннет немесе нәпіл намазы екендігін нақтылау міндет емес, жалпы сүннет намазын оқуға ниет ету жеткілікті. Мысалы, бесін не құптан намазының сүннетін орындауды нақтылау шарт емес.

2. Ниетті тәкбиратул-ихрамнан (намазды бастау тәкбірі) бұрын немесе тәкбиратул-ихрам жасап жатқан кезде нақтылау керек. Егер намазхан ниетін нақтыламай, жалпы намаз оқуды ғана ниет етіп, тәкбиратул-ихрамнан кейін ғана оқып тұрған намазын парыз не уәжіп намазы деп ниетін бекітсе, ол  намазы парыздың да, уәжіптің де, парыз намазының қазасының орнына да жүрмейді. Ол намазы нәпіл намазы болып қалады. Ал парыз намазының ниетін жаңылысып не ұмытып, намазды жалпы ниетпен бастап кетіп, одан кейін жаңылысқаны есіне түсіп, тәкбиратул-ихрамды қайта алып, намазын қайта бастаса, намазы дұрыс деп есептеледі.

3. Ниетті дәл тәкбиратул-ихрамның алдында нақтылау шарт емес. Мысалы, бір кісі таң намазына тұрып, парызын оқуды ниет етіп, дәрет алып, киімін киіп болғаннан кейін, ниетті таң намазының парызы екенін нақтыламастан, намазын бастап кетсе, оның намазы дұрыс деп есептеледі. Бірақ мұнда ескертетін бір жайт бар: егер адам ниет еткеннен кейін намазға қатысы жоқ басқа іс-әрекеттермен айналысып кетсе, намаз оқудың алдында ниетін қайтадан нақтылауы қажет. Мысалы, таң намазын оқуға ниет етіп, сонан соң дәрет алып болғаннан кейін тамақтанса, ниетті қайта нақтылауы керек. Себебі тамақтану намазға қатысты талап етілетін амалдарға жатпайды (Әл-Муфассал фи әл-фиқһ әл-ханафи, I том, 132-133 беттер).

материал «Фиқһ әл-ғибадат» кітабынан алынды,

ummet.kz