05 Қараша 2026, Бейсенбі 25 Джумада әл-әууәл 1448 һ.
Намаз уақыты
Күн 07:08
Бесін 12:03
Екінті 14:58
Шам 16:47
Құптан 18:16

Сүннет пен нәпіл намаздарына ғана қатысты үкімдер

Сүннет пен нәпіл намаздарына ғана қатысты үкімдер

Сүннет және нәпіл намаздарының үкімдері парыз намаздарының үкімдерімен бірдей. Тек аздаған айырмашылықтары бар.

Олар:

1. Парыз намаздарында қиям (тұру) – парыз. Парыз намаздарын түрегеп тұрып оқуға шамасы келетін адамның отырып оқуына болмайды, ал отырып оқығанымен, ол намаз дұрыс болып саналмайды. Ал сүннет және нәпіл намаздарында қиям парыз емес. Ол намаздарды отырып оқуға болады. Бірақ оның сауабы түрегеп тұрып оқыған намаздың жарты сауабына тең болады. Имран ибн Хусайн (Аллаһ оған разы болсын): «Пайғамбардан (с.а.с.) отырып оқыған адамның намазы жайлы сұрадым. Ол (с.а.с.): «Кімде-кім тұрып оқыса, сол абзал. Отырып оқыған адамға тұрып оқыған адамның жарты сауабы (жазылады). Жатып оқыған адамға отырып оқыған адамның жарты сауабы (жазылады)», – деді», – деген (Сахих әл-Бұхари, Китәб әл-жумға, 1049).

Сүннет не нәпіл намазды отырған күйде оқығысы келген адам әт-тәхият (тәшәһһуд) дұғасын оқуға отырғандай отырып, тәкбір айтады. Сосын тіке тұрғандағыдай екі қолын кіндіктің астына не үстіне байлайды. Рукуғке барғанда екі қолын тізесінің үстіне қойып еңкейеді. Егер намазды тіке тұрып бастағаннан кейін отырып аяқтаса, оның намазы дұрыс болып саналады.

2. Сүннет пен нәпіл намазын бастаған кісі намазын міндетті түрде аяқтауы керек. Ал ол намазын аяқтамаса, оны қайталап оқу: ханафи мазһабында – уәжіп, ал шафиғи мазһабында – мандуб. Себебі Алла Тағала Құранда «амалдарыңды жоймаңдар» деп, мұсылмандарға бастаған жақсы амалдарын аяғына жеткізуді бұйырған. «Ей, иман келтіргендер! Аллаға бағыныңдар әрі Елшіге бағыныңдар және амалдарыңды жоймаңдар» («Мұхаммед» сүресі, 33-аят), – деген.

3. Күндіз және түнде оқылатын барлық рауатиб намаздар іштей оқылады. Ал рауатибтан басқа сүннет және нәпіл намаздар күндіз оқылса, іштей оқылады. Ал түнде болса, намаз оқушының еркіне қарай іштей немесе дауыстап оқи береді.

4. Жоғарыда айтылғандай, негізі, нәпіл намаздар екі-екі ракағатты болып оқылады. Ал төрт ракағатты етіп оқығанда бір намазға екінші намазды жалғастырған болып есептеледі. Сол себепті ондайда төмендегі жайттарға мейлінше көңіл бөлген жөн:
– Алғашқы екі ракағаттағыдай соңғы екі ракағатта да «Фатиха» сүресінен кейін зәм сүресін қосады. Себебі соңғы екі ракағат жеке намаз іспетті болғандықтан, оған жеке намаздың үкімі беріледі. Ал жеке намазда Фатихаға тағы бір сүре немесе бірнеше аяттар қосып оқиды. Бұл үкімді білмейтін адамның бұрынғы намаздары дұрыс болып саналады. Ал бұл
үкімді білетін адам қателесіп не ұмытып орындамай кетсе, намаздың соңында міндетті түрде сәһу сәждесін жасауы керек.

– Төрт ракағатты сүннет не нәпіл намаздың соңғы екі ракағатын бұзып алған адам алғашқы екі ракағаттың барлық парызы мен уәжіптерін дұрыс орындаса, оның намазының алғашқы екі ракағаты дұрыс деп есептеледі.

– Сүннет не нәпіл намазын төрт ракағатты етіп оқуға ниеттенген адам намазын екі ракағатпен ғана шектесе, қалған екі ракағатты оқымауына болады. Себебі соңғы екі ракағат жеке намаз болып есептеледі және намазхан оны бастамаған болып саналады.

5. Түнгі (тәһәжжуд) намазында ұзақ тұру көп сәжде еткеннен абзал. Ұзақ оқылған алты ракағатты намаз, қысқа оқылған сегіз ракағатты намаздан абзалырақ.

6. Сүннет және нәпіл намаздары адамның өз еркінде, яғни қалауына орай не оқиды, не оқымайды. Ал парыз намаздарды оқу әрбір мұсылман баласына міндеттелген.

7. Сүннет және нәпіл намаздарды адам өзінің еркі мен күш-жігеріне байланысты қалауынша оқиды. Ал шаршаған кезде басқа іспен айналысуына болады.

материал «Фиқһ әл-ғибадат» кітабынан алынды,

ummet.kz