Фақиһ ғалымдар намаз ішіндегі адамның иманын арттыруға септігін тигізетін бірнеше әдептерді атаған. Олар:
1. Егер ас ішу мен намаз оқу уақыттары сәйкес келіп қалса және намаз оқуға уақыт жеткілікті болса, алдымен тамақтанып алған жөн. Әнәс ибн Мәлик (Алла оған разы болсын): «Алла елшісі (с.а.с.): «Егер кешкі ас келсе және намаздың уақыты кірсе, шам намазын оқымас бұрын одан (кешкі астан) бастаңдар және кешкі асты асықтырмаңдар», – деді», – деген (Сахих Муслим, Китәб әл-мәсәжид, 867).
2. Дәрет қыстаса, дәретті жаңарту. Абдуллаһ ибн әл-Арқам (Алла оған разы болсын): «Пайғамбар (с.а.с.): «Егер намаздың уақыты келсе және біреу әжетханаға барғысы келсе, әжетханадан бастасын», – деді», – деген (Сунән әд-Дәрими, Китәб әс-салаһ, 1391).
3. «Хаия алас-салаһ» деген сөзді айтқанда, тұрып, намазға дайындалу. Себебі бұл сөз «намазға жүріңдер» немесе «намазға асығыңдар» деген, яғни намаз оқуға үгіт-насихаттау мағынасын береді.
4. Намаз оқу барысында көзін әр нәрсеге сала бермеу керек. Мәселен, тұрған кезде басының сәждеге тиетін жеріне, рукуғте тұрғанда аяғына, отырған кезде төмен, сәлем берген кезде иығына қарау.
5. Мүмкіндігінше есінеуді басу керек. Есінеуді басуға шамасы келмесе, аузын жеңімен немесе қолымен жабуға рұқсат етіледі. Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын): «Пайғамбар (с.а.с.): «Намазда есінеу шайтаннан. Егер біреулерің есінесе, оны шамасы келгенше тыйсын», – деді», – деген (Сунән әт-Тирмизи, Китәб әс-салаһ, 338).
Әбу Сағид әл-Худри (Алла оған разы болсын): «Пайғамбар (с.а.с.): «Егер біреулерің намазда есінесе, қолын аузына қойсын. Өйткені шайтан есінеумен кіреді», – деді», – деген (Муснәд Ахмад, Китәб бәқи муснәд әл-муксирин, 10895). Адий ибн Сәбитке әкесінен, ал оған атасынан жеткен хадисте Пайғамбар (с.а.с.): «Намазда түшкіру, қалғу, есінеу және хайыз, құсу мен мұрыннан қан ағу шайтаннан», – деген (Сунән әт-Тирмизи, Китәб әл-әдәб, 2672, дағиф хадис).
6. Мүмкіндігінше жөтелмеуге тырысу керек.
7. Әр нәрсеге алаңдамай, көңілін оқып тұрған намазына бөлу керек. Әбу Зарр (Алла оған разы болсын): «Алланың елшісі (с.а.с.): «Құлы бетін бұрғанша, Алла оның алдында, егер ол жүзін бұрса, одан бұрылады», – деді», – деген (Сунән әд-Дәрими, Китәб әс-салаһ, 1387).
Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын): «Бір күні Алла елшісі (с.а.с.) бізбен намаз оқыды. Намаз аяқталғаннан кейін: «Ей, пәленше! Намазыңды жақсартпайсың ба?! Намазхан өзінің қалай намаз оқып тұрғанына қарамай ма?! Ол намазды өзі үшін оқиды. Алламен ант етемін, мен сендерді алдымнан көріп тұрғандай артымнан да көремін», – деді», – деген (Сахих Муслим, Китәб әс-салаһ, 642). Яғни намазға бар ынтасымен берілу керек.
материал «Фиқһ әл-ғибадат» кітабынан алынды,
ummet.kz