26 ноября 2026, Четверг 16 джумад-уль-ахир 1448 һ.
Время намаза
Восход 07:43
Зухр 12:06
Аср 14:32
Магриб 16:19
Иша 17:54

Пайғамбар (с.ғ.с) мұғжизасы: Тамақтың тасбих айтуы

Пайғамбар (с.ғ.с) мұғжизасы: Тамақтың тасбих айтуы

Имам әл-Бухари Ибн Масғудтан (Алла разы болсын) келесі хадисті келтірген:


«Біз мұғжизаларды береке деп білетінбіз. Ал сендер оны қорқытуға балайсыңдар. Бірде біз Пайғамбармен (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бірге сапарға шықтық. Суымыз таусылуға қарады. Сонда Пайғамбар (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) судың қалдығын табыңдар деді. Біреулер ыдыстың түбінде қалған азғантай су тауып әкелді. Ол (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қолын ыдысқа тықты да: «Берекелі дәрет алуға келіңдер! Береке Алладан!» деп дауыстады. Сол кезде мен оның саусақтарының арасынан су ағып жатқанын көрдім. Біз кейде желініп жатқан тамақтың тасбих айтқанын да еститінбіз» (Әл-Бухари).

Имам әл-Бухари мен әт-Тирмизи Ибн Масғудтан (Алла разы болсын) «Біз Пайғамбардың (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қасында тамақтың тасбих айтқанын еститінбіз» дегенін келтірген.

Әл-Қади Ияд «Әш-Шифа би тағрифи хуқуқ әл- Мустафа» кітабында Жағфар ибн Мухаммадтан, ол әкесінен келесі риуаятты келтірген: «Бірде Пайғамбар (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ауырып қалды. Жәбірейіл (Алланың сәлемі болсын) оған тостақанға анар мен жүзім салып әкелді. Пайғамбар (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жемістерден жегенде жемістер тасбих айтты». Әбу әш-Шейх Әнәс ибн Мәликтен келесі риуаятты келтірген: «Бірде Пайғамбарға (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көже берілді. Пайғамбар (Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мына тамақ тасбих айтып жатыр ғой!» деді. Біреу: «Ей, Алланың елшісі! Сен оны түсінесің бе?» деп сұрады. Пайғамбар (Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Иә», деді де, қасындағы адамға: «Табақты ана кісіге жақындатшы», деп табақты

беріп жіберді. Ол табақты қолына алып, ішіне құлағын салып тыңдады да: «Иә, ей, Алланың елшісі! Тамақ тасбих айтып жатыр!» деді. Сосын Пайғамбар (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) табақты қайтып алды» (Ибн Халифа. «Муғжизат ән-Наби әл-Мухтар мин сахих әл- Ахбар», 95-бет).

Имам әл-Бухаридің риуаятындағы Ибн Масғудтын (Алла разы болсын) «еститін едік» деген сөзі айтылып отырған мұғжизаның бірнеше рет қайталанғанын білдіреді. Бұл мұғжиза Пайғамбарымыздың (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) басқа пайғамбарларда болмаған мұғжизаларынан саналады.

Хафиз ибн Хажар «Фатх әл-Бари» 129 кітабында «Біз желініп жатқан тамақтың тасбих айтқанын еститінбіз» деген хадис жайында былай деген: Ол көбіне Пайғамбарымыздың (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) заманында болған. Оны әл- Исмағилидің келесі риуаятынан байқауға болады: «Біз Пайғамбармен (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бірге тамақ жеп жатқанымызда желініп жатқан тамақтың тасбих айтқанын еститінбіз».

Осыған қатысты хафиз әл-Байһақи «Далаил ән-Нубуа» кітабында Ибн Әбу Хазимнен келесі риуаятты келтірген: «Әбу әд-Дарда мен Сүлеймен бір-біріне хат жазғанда «Табақтың мұғжизасымен ант етемін!» деп жазатын болған. Неге десеңіз, бірде екеуі тамақ жеп отырғанда табақ пен ішіндегі тамақтың тасбих айтқанына куә болған».

материал «Мұғжиза» кітабынан алынды,

ummet.kz