Хафиз әл-Байһақи мен Ибн Мажа Мәлик ибн Рабиға әс-Сағидиден келесі хадисті келтірген:
«Алла елшісі (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Аббасқа: «Ей, Әбу әл-Фадл! Өзің де, балаларың да мен келгенше үйлеріңде болыңдар. Менің сендерде шаруам бар», - деді. Олар үйлерінде Алла елшісін (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) күтті. Алла елшісі (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сәскеден кейін келді де, үйге кіріп: «Әссәләму әлайкум!» деді.
Олар: «Уа алайкас саламу уа рахматуллаһи уа баракатуһ!» деді. Алла елшісі (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оларға: «Қалайсыңдар?» – дегенде: «Жақсы, Аллаға шүкір!» деді. Алла елшісі (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оларға жақындаңдар деген соң барлығы жапа-тармағай жақындады.
Алла елшісі (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оларды шапанымен бүркеп: «Я, Раббым! Мынау менің көкем. Ол маған әкемдей. Ал мыналар –менің әулетім. Менің оларды шапаныммен қорғап тұрғанымдай Сен де оларды тозақтан қорға», - деп дұға қылды.
Сол кезде есіктің табалдырығы мен үйдің қабырғалары әмин десті. Яғни, арабша «әмин» деп үш рет айтқан». Аббастың балалары: әл-Фадл, Абдулла, Убайдулла, Кусам, Мағбад, Абдурахман, Сағид және Умму Хабиба. Бұл оқиғаны Ибн әл-Жаузи де «әл-Уафа би ахуал әл- Мустафа» кітабында келтірген.
«Әмин» сөзі «Я, Алла! Қабыл ете гөр!» деген мағынаны білдіреді. Имам ән-Насафи тәпсірінде мынадай хадисті келтірген: «Алла елшісі (Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Жәбірейіл (Алланың сәлемі болсын) маған «Фатиха» сүресін оқып болған соң «әмин» деп айтуды үйретті. Ол кітаптың мөрі сияқты», деді».
«Әмин Алла Тағаланың көркем есімдерінің бірі» деген де пікір бар. Сондай- ақ «әминнің» осы үмбеттің ерекшелігі екенін білдіретін риуаяттар бар (Ибн Халифа. «Муғжизат ән-Наби әл-Мухтар мин сахих әл- Ахбар», 102-бет).
материал «Мұғжиза» кітабынан алынды,
ummet.kz