25 ноября 2026, Среда 15 джумад-уль-ахир 1448 һ.
Время намаза
Фаджр 06:07
Восход 07:42
Зухр 12:06
Аср 14:33
Иша 17:54

«Садақаның жақсысы – кек сақтап жүрген туғанға берілген садақа» (хадис)

«Садақаның жақсысы – кек сақтап жүрген туғанға берілген садақа» (хадис)

Мүслимнің риуаяты бойынша, бір сахаба Пайғамбарымызға (с.а.с.) келіп:


«Уа, Алланың Елшісі, менің бірнеше бауырым бар. Олармен қарым-қатынасқа жақсы көңіл бөлем, бірақ олар арамыздағы туыстық ақыларға немқұрайды қарайды. Мен оларға жақсы мәміле жасаймын, олар болса жамандық жасайды. Қалай жасайын?» – деп сұрайды. Адамзаттың Асыл Тәжі (с.а.с.) оған: «Егер жағдай сенің айтқаныңдай болса, сен олардың жүзіне ыстық күл шашып жатырсың. Оларға сондай мәмілеңнен танбасаң, оларға қарсы Алланың қолдауы демеп тұрады», – деп жауап береді.

Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Садақаның ең жақсысы – кек сақтап жүрген туғанға берілген садақа», – деп айтқан. Табарани мен Хакимнің риуаяты бойынша, Алла Елшісі (с.а.с.): «Кімде сол үш сипат бар болса, Алла оны жеңіл сұрақтан кейін пейішке жібереді», – дейді. Сахабалар: «Ол қандай мінездер?» – деп сұрағанда, Пайғамбарымыз (с.а.с.):

1). Сенен байлығын аяғанға садақа беруің;

2). Туыстығын үзіп қойғандармен қарым-қатынасты жалғастыруың;

3). Саған әділетсіз мәміле жасағандарды кешіруің. Міне, сол үш сипат сенде болса, Алла сені пейішке кіргізеді», – деп жауап береді.

Ахмад ибн Ханбалдың айтуы бойынша, Уқба ибн Амир (р.а.) айтады: «Бір күні Пайғамбарымызбен (с.а.с.) кезігіп қалып, қолын ұстап тұрып: «Уа, Алланың Елшісі, маған ең жақсы іс қайсы екенін айтшы», – деп өтіндім. Ол маған: «Уа, Уқба, туыстық мәмілесін үзгендерге жақсы мәміле жасай бер, сенен малын аяғандарға сен аяма және саған әділетсіздікжасаған кісіні кешір», – деп жауап берді. Хакимнің риуаяты бойынша, Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Сөзіме құлақ сал! Өмірі ұзын, ризығы кең болуын қалағандар туыстық ақыларына көңіл бөлсін», – деп аяқтаған.

Табаранидің риуаяты бойынша, Пайғамбарымыз (с.а.с.) бір сахабаға: «Бұл дүние мен ақыретте ең пайдалы мінез туралы айтайын ба? Мәмілесін үзген жақыныңа туыстық мәміле жаса, құр қол қайтарғандарға бер және саған жамандық жасаған кісіні кешір», – деген.

Табаранидің басқа бір риуаятында Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Ең жақсы сипат – байланысын үзіп қойған жақындарыңа туыстық мәміле жасауың, қолыңды құр қалдырғандарға беруің, саған көңіліңді қалдыратын сөздерді айтқандарды кешіруің», – деп айтқан.

Табаранидің тағы бір риуаяты бойынша, Алла Елшісі (с.а.с.) былай дейді: «Алла мемлекеттерді ұлы қылып, пенделерінің дәрежелерін биіктетуіне себеп болған мінездер туралы айтайын ба?» – деді. Сахабалар: «Уа, Алланың Елшісі, айтыңыз», – деп құлақ түріп қалды. Пайғамбарымыз (с.а.с.):

«1). Саған жаман мәміле жасағандарды дұрыс түсінуің;

2). Әділетсіздік жасағандарды кешіруің;

3). Сенен малын аяғандарға беруің;

4). Туыстық мәмілесін үзгендермен байланыста болуың» – деп жауап қайтарды.

Ибн Мажаның риуаяты бойынша, Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Сауабы бұл дүниеде ерте берілетін жақсылықтар – ата-анаға жақсылық жасау және туыстық мәмілені сақтау. Ал енді ең ерте жазасы берілетін жамандықтар – ата-ана мен басқа туыстарға жамандық жасау және туыстық мәмілені үзу» (Ахмад ибн Ханбал, Муснад, 15191; Табарани, Муғжамул кәбир, 20/188), – деп жауап қайтарды.

Табаранидің риуаяты бойынша, Пайғамбарымыз (с.а.с.) былай дейді: «Ақыретке сақталған жазасынан тысқары бұл дүниеде жазасы берілуіне ең лайық жамандықтар – туыстық мәмілені үзу, аманатқа қиянат жасау және жалған айту. Ал енді сауабы өте тез берілетін жақсы іс – туыстық мәмілелерге мән беру. Бір бала-шаға мүшелері моралдық жақтан бұзық болса да туыстық мәмілесін жақсы сақтаумен мал-мүлкінің көбеюінтілесе, мал-мүлкі көбейеді» (Тирмизи, 2511; Әбу Дәуіт, 4902; ибн Мажа, 4211).

материал «Жүрек сырлары» кітабынан алынды,

ummet.kz