25 ноября 2026, Среда 15 джумад-уль-ахир 1448 һ.
Время намаза
Фаджр 06:07
Восход 07:42
Зухр 12:06
Аср 14:33
Иша 17:54

Қос қорқыныш пен қос амандық бір жерде болмайды

Қос қорқыныш пен қос амандық бір жерде болмайды

Құдси хадисте Алла Тағала былай дейді: «Құлымның бойында екі қорқыныш пен екі қауіпсіздікті бірге жинамаймын. Егер ол дүниеде Менен именіп, қорықса, Қиямет күні оны қауіпсіз етемін. Ал егер дүниеде ақыретіне деген уайымы жоқ болып, өзін толық қауіпсіз сезінсе, Қиямет күні оны қорқынышқа душар етемін».


Жоғарыдағы құдси хадистегі «Екі қорқыныш пен екі қауіпсіздік қатар берілмейді» деген өлшем – жүректі оятатын үлкен ескерту. Бұл дүниеде пенде «Намазым түгел, ораза ұстаймын, зекет беремін» деп амалына сеніп, өзін жұмақтықтардың қатарында санап, ақыреттегі жағдайын кепілдеп қойғандай жайбарақат жүрсе, бұл – үлкен ғапылдық.

Себебі амал – пенденің міндеті, ал оның қабыл болып-болмауы Алланың рақымына байланысты. Сондықтан мына дүниеде амалына сеніп, ақыретін уайымдамай ешқандай қорқынышсыз жайбарақат жүрген адамның ақыреті қауіпсіз болмақ емес. Ал, керісінше, өзінен үнемі есеп алып, амалының сапасы мен тереңдігіне көңілі толмай, уайыммен жүрген адам ақыретте қауіпсіз болмақ.

Хасан әл-Басри: «Мүмін жақсылық жасайды, бірақ оның қабыл болып-болмайтынын ойлап, уайымдап жүреді. Ал мұнафық күнә жасаса да, жұмақты кепілдікке алғандай жайбарақат жүреді», – деген мағынада терең ойлы сөз қалдырған. Бұл сөз жоғарыдағы құдси хадистің мәнін аша түседі.

Сахабалар үміт пен үрейдің терең түсініп, әрқайсысын орнымен қолданған. Әзірет Омар (р.а.) көзі тірісінде Пайғамбарымыз сүйіншілеген жаннаттық сахабалардың қатарында бола тұра, өзінің ақыреттегі жағдайын қауіпсіз санаған жоқ. Пайғамбарымыз Хузайфа атты сахабасына мұнафықтардың есімдерін сыр ретінде айтқан болатын. Әзірет Омар осыны білгендіктен Хузайфадан мұнафықтардың тізімінде өз есімінің бар-жоғын қайта-қайта сұрап алаңдайтын.

Міне, бұл – иманына күмәндану емес, өзінің ақыреттегі жағдайына алаңдап, өзін қауіпсіз сезінбеудің, нәпсісін күзетудің, өзін есепке алудың терең имани көрінісі болатын. Бірақ жүректегі бұл қорқыныш Омардың Алланың кешірімі мен рақымына деген үмітін жойып жіберген жоқ.

Әзірет Омардың (р.а.): «Егер бір жаршы “Жұмаққа барлық адам кіреді, тек бір адам ғана кірмейді” деп жар салса, сол бір адам мен болып қаламын ба деп қорқамын. Ал егер “Жұмаққа тек бір ғана адам кіреді” деп жар салса, сол адам мен болып қаламын ба деп үміттенер едім», – дегені мүмін жүрегіндегі қорқыныш пен үміттің тепе-теңдігін көрсетеді.

материал «Кемел адам - 2» кітабынан алынды,

ummet.kz