31 августа 2026, Понедельник 18 раби-уль-авваль 1448 һ.
Время намаза
Восход 05:21
Зухр 12:20
Аср 17:01
Магриб 19:08
Иша 20:43

Алланы ашуландыратын үш амал

Алланы ашуландыратын үш амал

Алланың ашуын келтіретін үш нәрсе бар. Олар:


Біріншісі – біреудің айыбын айту. Өзіңіздің айыбыңыз жетіп жатыр. Өзіңіздің кемшілігіңізбен күреспей тұрып, өзгені сынау – Алланың алдында өте ауыр іс.

Екіншісі – өзіне тамсантану. Айнаға қарап, өзіңді мақтап, тәніңе, фигураңа, сұлулығыңа тамсану да – жасырын тәкаппарлық.

Үшіншісі – амалды рия үшін жасау. Яғни, адамдар көрсін, білсін деп істеу.

Қазір әлеуметтік желіде Құран оқып, намаз оқып, зікір салып жүрген адамдар көп. Бірақ, егер ол Алла үшін емес, лайк пен мақтау үшін болса, ол амалдың сауабы болмайды. Себебі Алламен болған нәрсе тек сен екеуіңнің араңда қалуы керек.  Неғұрлым аз адам білсе, соғұрлым құлшылығың таза болады. Шын ықыласпен істеген амалдың нәтижесін Алла өзі көрсетеді. Сізді ешкім мақтамаса да, Алла сізге шапағатын береді.

Біреу «ол тақуа, иманды» деп айтса, сіздің ештеңеңіз өзгермейді. Өйткені сіздің мақсатыңыз адамдар емес, Алланың разылығы. Құдайға шын берілген адам ешқашан «менің дұғам қабыл болмады» демейді. Ол Алла бәрін көретінін, бәрін еститінін, тек уақыты келгенде беретінін біледі.

Қабірде жатқан әр адамның арманы – «Раббым, мені бір сәтке тірілтші» деу. Сағатқа емес, минутқа емес, бір ғана сәтке. Неге? Жақсылық жасау үшін. Сол үшін, біз тіріміз ғой, дәл қазір соны жасауымыз керек.

Тақуа екеніңізді ешкімге дәлелдеп әуре болмаңыз. Алла сыртыңызға, сөзіңізге емес, ішкі ниетіңізге, жүрекке қарайды. Жүрек – сыртқы орган емес, оны тексеру үшін МРТ керек. Бірақ иманның деңгейін өлшейтін құрылғы әлі жасалған жоқ. Сондықтан амалдың қабыл не қабыл еместігін біз білмейміз.

Бірақ бір нәрсе анық: бәрін Алла үшін істеңіз. Өйткені кім үшін істесеңіз, сауабы да соған жазылады. Егер Алла үшін істесеңіз, ол – мәңгілік. Егер адамдар үшін болса, сол адамдардың ғана мақтауын, лайк жинайсыз.

«Үш амал жасау арқылы адам жүрегіне махаббат ұялайды, кешірімге ие болады және “аспан отбасыларымен” бірге болады», – дейді. Аспан отбасылары дегеніміз – періштелер. Яғни, Аллаға сүйікті құлдардың дәрежесіне көтерілгендер.

Ол үш амал қандай десеңіз:

біріншісі – көркем мінез,
екіншісі – ықылас,
үшіншісі – кішіпейілділік.

Көркем мінез – адамды Алланың да, адамдардың да алдында сүйікті етеді.

Ықылас – істеген әрбір амалыңды тек Құдай үшін істеу, яғни тек Оның разылығы үшін арнау.

Ал кішіпейілділік – ең асыл қасиет. Кішіпейіл адам ешқашан қор болмайды. Кішіпейіл болғаның үшін сұрамайсың, ал тәкаппар болсаң, міндетті түрде сұраласын.

Омар ибн Хаттабтың: «Сенен есеп алынбай тұрып, өзің өзіңнен есеп ал», – деген керемет сөзі бар.

Егер адам күнде өзінен есеп алып отырса, ертең ақыретте есеп беруі жеңіл болады. Сол үшін кешкісін ұйықтар алдында: «Бүгін мен не істедім? Намазымды оқыдым ба? Құран аштым ба? Дұға еттім бе?» деп өз-өзіңізбен сөйлесіңіз.

Егер оқымаған болсаңыз, не себеп болғанын ойланыңыз. Мысалы, «дәрет алатын жер таппадым, бояуымды өшіретін су таппадым» десеңіз, ертеңіне сөмкеңізге су мен тазалағыш салып алыңыз. Яғни, ертең сол кедергіні болдырмаудың амалын жасаңыз.

Мұсылман адам үйінен шығарда тек жұмысын емес, намазын да ойлап шығуы керек. «Мен оны қалай, қай жерде орындаймын?» – деп жағдайын алдын ала дайындауы қажет. Қолдорбаңызға су салып алыңыз. Алладан: «Құдайым, бүгін маған намазымды оқуға жағдай берші», – деп тілеп шықсаңыз, Алла бәрін өзі реттеп қояды.

материал «Тәлімгер тағылымы» кітабынан алынды, 

ummet.kz