27 Тамыз 2026, Бейсенбі 14 Рабиғ әл-әууәл 1448 һ.
Намаз уақыты
Күн 05:14
Бесін 12:21
Екінті 17:08
Шам 19:17
Құптан 20:54

«Фатх» сүресіндегі Пайғамбар (с.ғ.с) мәртебесі

«Фатх» сүресіндегі Пайғамбар (с.ғ.с) мәртебесі

Шүбəсіз, Біз саған (көптеген жеңістердің басы болған) ап-айқын жеңіс нəсіп еттік. Имам Нəсəфи (Алла оны мейіріміне бөлесін) тəпсірі: «Фатх» (жеңіс) – қаланы соғыс арқылы немесе бітіммен, шайқас арқылы не шайқассыз бағындыруды білдіреді. Өйткені қала алынбай тұрған кезде «жабық» сияқты болады. Ал бағындырылған кезде «ашылды (фатх етілді)» деп айтылады.


Бұл аяттағы «анық жеңіс» туралы бірнеше пікір бар: Меккенің алынуы. Аят Худайбия келісімінен кейін, Алла елшісі Меккеден қайтып келе жатқанда түскен. Бұл – алдағы Мекке жеңісі туралы сүйінші хабар еді.

Аятта жеңіс өткен шақпен («Біз жеңіс бердік») айтылған. Себебі оның жүзеге асатыны соншалық анық болғандықтан, болған оқиға секілді баяндалған. Бұл тəсіл Алланың уəдесінің ақиқаттығын əрі осы хабардың ұлылығын көрсетеді.

Худайбиядағы жеңіс. Онда үлкен шайқас болмағанымен, екі жақ бір-біріне жебелер мен тастар лақтырды. Мұсылмандар мүшріктерді кейін шегінуге мəжбүрледі. Содан кейін мүшріктер бітім сұрап, келісім жасалды. Сондықтан бұл оқиға «анық жеңіс» деп аталды. Əз-Зəжжажтың (Алла мейіріміне бөлесін) пікірі. Оның айтуынша, Худайбиядағы жеңістің бір айқын мұғжизасы болды. Ондағы құдықтың суы тартылып, бір тамшы да қалмаған еді. Сонда Алла елшісі (с.ғ.с) аузын сумен шайып, сол суды құдыққа төкті. Осыдан кейін құдықтан су мол шығып, барлық адамдар соған қанып ішті.

Хайбардың алынуы. Кейбір тəпсіршілер бұл аяттағы жеңіс Хайбардың алынуын меңзейді деген.

Тағы бір пікір бойынша, аяттың мағынасы: «Біз сенің пайдаңа Мекке халқы жөнінде анық үкім шығардық: келесі жылы сен жəне сахабаларың Меккеге кіріп, Қағбаны тауап етесіңдер». Мұнда «фатх» сөзі «əл-фəтəха» – үкім шығару, төрелік ету мағынасында қолданылған.

«Фəтх» сүресі, 2-аят

Міне, осылайша, Алла сенің өткен һəм келешек күнəларыңды кешіреді, саған берер нығметін тамамдайды жəне сені (Өзінің разылығы мен мəңгілік баянды бақытқа жеткізетін) тұп-тура жолға салады.

Имам Нəсəфи (Алла оны мейіріміне бөлесін) тəпсірі: «Алланың сенің күнəларыңды кешіруі үшін...». Ғалымдар бұл аяттағы жеңіс пен кешірімнің байланысын бірнеше түрлі түсіндіреді: Жеңістің өзі тікелей кешірімнің себебі емес. Мұндағы жасырын мағына: «Біз саған анық жеңіс бердік, енді кешірім сұра, сонда Алла сені кешіреді», - дегенді білдіреді. Бұл «Наср» сүресіндегі: «Алланың жəрдемі мен жеңіс келгенде... Раббыңды пəктеп, Одан кешірім сұра», деген аятқа ұқсайды.

Сондай-ақ, Меккенің ашылуы дұшпанға қарсы жасалған жиһад (күрес) болғандықтан, сол жеңістің өзі тікелей кешірімге себеп болуы да əбден мүмкін.

Тағы бір түсіндірме бойынша: жеңіс тек кешірім алу үшін емес, нығметті толықтыру жəне үлкен үстемдік беру үшін нəсіп етілді. Алайда, Алла бұл нығметтерді атап өткенде, олардың қатарына ең ұлы нығметті – кешірімді қосақтады. Яғни, «Біз сен үшін бұ дүние мен о дүниенің абыройын (мақсаттарын) толық біріктіру мақсатында осы жеңісті бердік», деген мағынаны білдіреді.

«...бұрынғы жəне кейінгі күнəларыңды...». Бұл жердегі мағына: Сенен кеткен барлық ішінара қателіктерді немесе (тəпсірлерде келтірілгендей) Мəрияға қатысты оқиға мен Зəйдтің əйеліне байланысты туындаған мəселелерді толық кешіру үшін. «...жəне саған деген Өзінің нығметін толықтыру үшін...». Бұл нығметтің толықтырылуы – сенің дініңді үстем ету жəне басқа қалалар мен елдерді сенің қолыңмен (сенің себебіңмен) ашу арқылы жүзеге асады.

«...əрі сені тура жолға бастау үшін». Яғни, Алланың ризашылығына бөленген хақ дін үстінде сені берік етіп, тұрақтандыру үшін.

«Фəтх» сүресі, 3-аят

Сондай-ақ Алла сені қолдап, айтулы ұлы жеңіс нəсіп етеді. Имам Нəсəфи (Алла оны мейіріміне бөлесін) тəпсірі: Жəне Алла саған аса құдіретті жəрдеммен жəрдем етеді. Ол бұдан кейін ешқашан қорлық көрмейтін, мықты əрі берік қолдау.

«Фəтх» сүресі, 4-аят

Алла иманы күшейген үстіне күшейе түссін, деп, мүміндердің жүрегіне тыныштық ұялатып, көңілдерін орнықтырды. Күллі аспан əлемі мен жердің əскерлері Алланікі. Алла – Алим (қай істі қандай ниетпен істегендеріңді жақсы білетін шексіз ілім иесі), Хаким (барлық істері мен үкімдері хикметке толы асқан даналық иесі).

Имам Нəсəфи (Алла оны мейіріміне бөлесін) тəпсірі: Алла Тағала Худайбия келісімінің арқасында мүміндердің жүректеріне тыныштық пен сенімділік түсірді. Соның нəтижесінде олардың иманы бұрынғы иманына үстемеленіп, яқиндары арта түсті.

Тағы бір пікір бойынша, «сəкинə» мыналарды білдіреді: Алланың əміріне сабыр етіп, Алланың уəдесіне толық сену жəне Алланың бұйрықтарын ұлықтау. «Күллі аспан əлемі мен жердің əскерлері Алланікі» - Ол Өзінің шексіз білімі мен даналығына сай олардың бірін екіншісіне үстем етеді. Оның даналығының бірі – Худайбия бітімі кезінде мүміндердің жүректеріне тыныштық түсіріп, оларға алдағы жеңісті уəде етуі.

«Фəтх» сүресі, 5-аят

Мүмін ерлер мен мүмін əйелдерді ішінде мəңгі-бақи мекендейтін, (жайқалған бау-бақшаларының арасынан жəне зəулім сарайларының) түбінен өзендер ағып жататын жаннат бақшаларына кіргізу əрі олардың күнə-қателіктерін кешу үшін (Алла) олардың жүрегін орнықтырды). Міне, бұл – Алланың құзырындағы елеулі жетістік, орасан зор табыс еді.

Имам Нəсəфи (Алла оны мейіріміне бөлесін) тəпсірі: Мүмін ерлер мен мүмін əйелдерді астынан өзендер ағатын жұмақтарға кіргізуі үшін. Онда мəңгі қалатын. Жəне олардың күнəларын жарылқау үшін. Жəне бұл Алланың қасында ұлы жетістік болды.

«Фəтх» сүресі, 6-аят

Сондай-ақ Алла жайлы үнемі жаман ойда жүретін мұнафық ерлер мен мұнафық əйелдердің жəне мүшрік ерлер мен мүшрік əйелдердің сазайын беру үшін (Алла мүміндердің жүрегін орнықтырды). (Олардың мүміндерге тілеген) жамандықтары өздеріне бəле болып жабыссын!

Алла оларға қатты ашуланды һəм рақымынан аластады жəне олар үшін жаһаннамды дайындап қойды. Олардың ақыры һəм барар жері қандай жаман еді!

Имам Нəсəфи (Алла оны мейіріміне бөлесін) тəпсірі: кейбірінен үстем етеді. Жəне Оның үкімдерінің бірі — Худайбия бейбітшілігі арқылы мүміндердің жүректерін тынықтырып, оларға жеңіс уəде етуі. Ол бұл үкімді тек мүміндер оның ішіндегі Алланың нығметін танып, оған шүкір етіп, содан соң сауапқа кенелулері үшін шығарды. Жəне бұл уəдə етілген жеңіс оларға ауыр тиіп, жек көргендедері үшін кəпірлер мен мұнафықтарды азаптау үшін жасалды. Алла туралы жаман ойда болғандар. «Жаман ой» — қандай да бір нəрсенің нашарлығы, жарамсыздығы мен бұзықтығының сипаты. Бұл жердегі мақсат — олардың «Алла - елшісі мен мүміндерге жəрдем етпейді, олар Меккеге жеңімпаз болып қайта оралмайды əрі оны күшпен бағындырмайды», деген ойлары. Олардың өздеріне жамандық айналып келеді. Жəне Алла оларға ашуланды, əрі оларды лағнет етті. Жəне олар үшін Жəһаннамды дайындады. Жəне Жəһаннам қандай жаман баратын орын.

«Фəтх» сүресі, 7-аят

Күллі аспан əлемі мен жердің əскерлері Алланікі. Алла – Азиз (бəрінен үстем əрі ұлы), Хаким (əр ісі мен əр үкімі хикметтерге толы болған теңдесі жоқ даналық иесі). Имам Нəсəфи (Алла оны мейіріміне бөлесін) тəпсірі: Жəне көктер мен жердің əскерлері Аллаға тəн. Ол солармен Өз пайғамбарына (с.ғ.с) жəне мүміндерге дұшпандық еткендердің айла-амалын қайтарады. Жəне Алла — аса Үстем. Сол үшін, Оның азабын ешкім қайтара алмайды. Оның басқарған істері өте Дана.

«Фəтх» сүресі, 8-аят

(Уа, Мұхаммед!) Шүбəсіз, Біз сені (Алланың құдіреті күшті жалғыз жаратушы, Исламның хақ дін екеніне) куəгер, (иман келтіріп, игілікті істер істеген құлдарымызды) сүйіншілеуші əрі (ақиқаттың ауылынан алыстап, адасып жүрген құлдарымызға) ескертуші ретінде жібердік.

(Əй, адамдар мен жындар! Біз Мұхаммедті) Аллаға һəм Оның елшісіне лайықты түрде иман етулерің үшін, Алланың дініне қолдау көрсетулерің, Оған лайықты тағзым етулерің жəне ертелі-кеш Оны («Сен мінсізсің, кемелсің!» деп) дəріптеулерің үшін (пайғамбар етіп жібердік).

Имам Нəсəфи (Алла оны мейіріміне бөлесін) тəпсірі: «Аллаға жəне Оның елшісіне (с.ғ.с) иман келтірулеріңіз үшін». Бұл сөз Алла елшісіне (с.ғ.с) жəне оның үмбетіне қаратылып айтылған. «Жəне оны қолдауларыңыз» жəрдем беріп, дінін қолдау үшін. «Жəне оны ұлықтауларыңыз» қадірлеулеріңіз үшін. «Оны таңертең жəне кешке пəктеп дəріптеу үшін», яғни Алланы бар кемшіліктен пəктеу. Кейбір ғалымдар мұндағы сөзді намаз оқу мағынасында да түсіндірген. Бұл жердегі есімдіктердің барлығы Алла Тағалаға қатысты. Сондықтан «Алланы қолдау» дегеннің мағынасы – Оның дінін жəне елшісін (с.ғ.с) қолдау. Ал есімдіктердің алғашқы екеуін пайғамбарға (с.ғ.с) , соңғысын Аллаға қатысты деп ажыратқан пікірді автор əлсіз деп бағалаған. «Бүкратан» – таң намазының уақыты. «Асылан» – қалған төрт парыз намазының уақыттарын білдіреді.

материал  «Сәруар» кітабынан алынды,

ummet.kz