Алланың алдындағы ең ардақтыларың – ең тақуаларың (яғни, Аллаға тағзым етуде, иман келтіруде әрі мойынсұнуда ең алда болғандарың)! Шүбәсіз, Алла – Алим (барлық нәрсені, соның ішінде, сендердің жай-күйлеріңді һәм не істеп, не қойып жүргендеріңді толық білуші), Хабир (бәрінен толық хабардар болушы).
Имам Нәсәфи (Алла оны рақымына бөлесін): «Расында, Алланың алдында ең ардақтыларың – ең тақуаларың». Хадисте: «Кім адамдардың ең ардақтысы болуды қаласа, Алладан қорықсын (тақуалық етсін)», – делінген. Абдулла ибн Аббас (Алла әкесі екеуіне разы болсын) былай деген: «Дүниедегі құрмет – байлық, ал ақыреттегі құрмет – тақуалық».
Риуаят етіледі: Мекке алынған күні Пайғамбарымыз Қағбаны тауап етіп, Аллаға мадақ пен мақтау айтты. Содан кейін:«Барлық мақтау Аллаға тән! Ол сендерден жәһилия дәуірінің менмендігі мен астамшылдығын жойды. Ей, адамдар! Адамдар екі-ақ топқа бөлінеді: Алланың алдында ардақты болған тақуа мүмін және Алланың алдында қор болған күнәһар бақытсыз», – деді. Содан кейін осы аятты оқыды.
Язид ибн Шәжарадан (Алла одан разы болсын) риуаят етіледі: Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Мәдина базарында келе жатып: «Кім мені сатып алса, менің бір ғана шартым бар: мені Алла Елшісінің (с.ғ.с) артында бес уақыт намаз оқудан тоспасын», – деп тұрған қара нәсілді бір жас құлды көрді.
Бір кісі оны осы шартпен сатып алды. Кейін әлгі құл ауырып қалғанда, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) оның көңілін сұрап барды. Ол
қайтыс болғанда, жерлеу рәсіміне де қатысты. Кейбір адамдар бұл жайында түрлі сөз айтқанда, осы аят түсті деп
риуаят етілген. «Расында, Алла – бәрін Білуші, барлық нәрседен толық Хабардар».
Яғни, Алла жүректердегі тақуалық пен қадір-қасиетті толық біледі. Сондай-ақ адамдардың өздерін дәріптеудегі ниеттері мен көкейіндегі мақсаттарынан да толық хабардар.
материал «Сүйінші» кітабынан алынды,
ummet.kz