31 Шілде 2026, Жұма 17 Сафар 1448 һ.
Намаз уақыты
Күн 04:33
Бесін 12:26
Екінті 17:43
Шам 20:08
Құптан 22:10

Әйелдің сыртқы және рухани тазалығы

Әйелдің сыртқы және рухани тазалығы

Ислам діні – мұсылман денесі мен киімін таза ұстауын, әрқашан ұқыпты болуын және өзін жақсы көруді талап етеді. Бұл мәселеге қатысты әйел баласының тазалығын сыртқы және рухани деп екіге бөліп қарастыруға болады.


Бірінші - рухани тазалық (адалдық – Аллаға, еріне, ісіне, тамағына т.б)

Екінші - сыртқы тазалық (Күтім – шаш, тіс, дене, денсаулық, сыртқы кейпі, имидж, әшекей мен сәндік
бұйымдар қолдану)

Адамзаттың асыл мұраты - Жаратушы алдындағы міндеттерін орындап, разылығына бөлену, бес парыз бен Пайғамбарымыздың жүрген жолы сүннетті ұстану. Кімде-кім Хақ жолында қызмет етсе, өмірі ізгілік пен иманға толары сөзсіз. Алланы тану - уақыт өткен сайын ілімді артыру, іздену, пайдалы дүние жасауға құлшынысты арттырып, ихсанға жетуге ұмтылу.

Балиғатқа толған еркек пен әйелдің дүниедегі үлкен несібесі – салиқалы, адал жар болу. Нәзік жандының ері алдындағы адалдығы - оның құқығын аяқ асты етпей, отбасылық сырды, ар – ұяттарын, отбасына тән абырой мен ері тапқан дүниені лайықты түрде сақтау. Сыр сақтауды үйрену аманатқа көз қарашығындай қарауды үйрену. Ал аманатқа адалдық - мүміндіктің шыңы. Себебі Алла Елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) екіжүзді адамның сипатын айтқан кезде "аманатқа қиянат жасау" деген еді.

Ісіне адал болу, тапсырылған жұмысты жауапкершілікпен атқару туралы айтайық. Іске адалдық - адамның табиғатынан бар қасиет, адамзаттың жоғарғы ерекшелігі, қоғам алдындағы парызы. Қоғамға пайдалы болып, тиімді еңбегімен адал тер-төгіп қарапайымдылықты сақтау - адамдықтың белгісі.

Адам болудың негізі – адалдықта, ал адалдық бастауы - халал астан. Мұсылман әйел өз денсаулығына аса мән беруі тиіс. Иманның кәміл болуы үшін астың адалдығы шарт екенін Омардың (Алла оған разы болсын) "Шектен тыс ішіп-жеуден алыс болыңдар. Әйтпесе ол денеге ауру шақырады, адамды еріншектік басып, құлшылықтан алыстатады" деген өсиетінен байқауға болады. Адамның ішкен асы мен ұйқысы дұрыс болуы өмір сүрудегі басты заңдылық. Себебі күнделікті қолданып жатырған ас адам бойына тарап, оның мінезіне, руханиятына әсер етіп, сыртқы келбетінде көрініс табады. Арам ас жеген адамның жүрегі қатайып, уақыт өте келе рухы да әлсірейді. Сонымен қатар кіндігінен тарайтын ұрпағына да ықпал етеді. Ал мұсылман әйел алдымен өзін, кейін ұрпағынның таза болуына мән беруі ләзім. Демек, адал ас адал қоғамның дамуына алып барады. Жалпы айтқанда, жүрек пен ақыл тәрбиесі дене мен тән арқылы орын алатынын Пайғамбар тәлімінен де білеміз.

Екінші - сыртқы тазалық. Күнделікті өмірде ерекше күтімді қажет ететін - шаш. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) әйелдерге шаш күтіміне мән беріп, ретке келтіру керек екенін айтқан. Әбу Хурайра (Алла оған разы болсын) жеткізген хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) "Кімнің шашы болса, соны күтсін" деп айтқан. Яғни, шашын жусын, тарасын, сәндеп, саулығына көңіл бөлсін деген. Себебі тазалық адамға өң береді. Жәбир (Алла оған разы болсын) жеткізеді: "Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) біздің үйге келгенде шашы ұйпа болған кісіні көреді де: «Бұл адам шашын тарайтын ештеңе таппады ма?» деп сұрады. Бұл хадис ер мен әйелге де байланысты. Ерлі-зайыптылар бір-бірі үшін әсемденуі керек. Күтім жасалған шаштар әйел адамның көркін одан сайын кіргізіп, күйеуінің алдындағы ажарын артыра түседі. Аллаһ Елшісі жұбайылары үшін шашын тарап, сәнденетін болған. Үмбетіне де осы әдетін сүннет етіп қалдырған. Бұл турасында Имам Тирмизи (Алла оған разы болсын) "Шәмаил Мухаммадия" атты кітабында келтірген. Аталмыш кітапта Пайғамбарымыздың шаш тарану жайында арнайы тақырып бар. Сол жерден оқысаңыз болады.

Тіс тазалығы. Айша (Алла оған разы болсын) әрқашан тістерін мисуакпен тазалайтын болған. Урвадан (Алла оған разы болсын) "Айша анамыздың өз бөлмесінде тіс тазалағанын еститінбіз" деп келеді. Сонымен қатар Айша анамыздан жеткен хадисте «Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) дәрет алмастан бұрын таң мен кеште міндетті түрде тісін мисуакпен тазалайтын» деп келген. Басқа хадисте Алла Елшісі үйге кірер бойда мисуак қолданғандығы айтылады. Мисуак ауыз қуысын зиянды заттардан сақтайды, жағымды иіс беріп, тістің етін қатайтады. Жалпы алғанда ауыз қуысындағы барлық нәрсеге ем, әрі тазартқыш құрал боп табылады. Мисуак ағашы зиянды бактерияларға қарсы күресетін
элементтерге бай. Мисуак жасалатын ағаштың қасиеті туралы ғалымдарымыздан "мисуак – ауыздың тазалығы,

Рабынның ризалығы" деген сөз жеткен. Хадис кітаптарында мисуакпен оқылған намаз мисуаксыз оқылған намаздан
жетпіс есе артық екендігі айтылады. Тіпті, мисуактың есте сақтауды жақсартатын қасиеті бар екенін Әли ибн Абуталиб
(Алла оған разы болсын) өзі жеткізген. Имам Ағзам Абу Ханифа (Алла оған разы болсын) "мисуак - діннің сүннетінен" деп айтқан. Ғалымдарымыз осы бір кішкентай тазалық құралының пайдасы мен абзалдығы туралы бірнеше кітаптар жазып, бізге қолдануды өсиет қып қалдырған. Қазіргі таңдағы ұмыт боп бара жатырған сүннеттердің бірі екендігі жасырын емес. Мисуакқа байланысты ханафи мәзһабының ғалымы Абдулғани Ғунаймидің "Тухфатун нусак" атты кітабын оқуды кеңес
етеміз.

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ерекше мән берген мәселесі - дене тазалығы. Мұсылман дене тазалығына мән беріп, жиі суға түсіп, дәретпен жүруге тырысуы керек. Алла Елшісі Мұхаммад (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) "Лас болмасаңдар да, әр жұма сайын ғұсыл алып, бастарыңды жуыңдар" деген. Фиқһ кітаптарында жұма, айт намаздарына ғұсыл құйынып бару сүннет екендігі айтылады. Тазалыққа деген махаббат мұсылманмен тікелей
байланысты. Біріншіден, тазалық – иманның бір бөлігі. Муслимнің жинағында келетін хадисте Алла Елшісі "Тазалық - иманның жартысы" деген. Екіншіден, тазалық - Аллаға деген махаббат пен отбасының саған деген ықыласы мен махаббаттын артыратын себеп. Пайғамбарымыз Мұхаммадтің өсиетінде "Алла тазалықты ұнатады. Үй- жайыңызбен, жүретін жолдарыңызды таза ұстаңыздар" деп келеді.

Сыртқы кейіп. Алла Елшісі адамдардың ішіндегі ең қарапайымы бола тұра әрдайым таза, жинақы, үйлесімді киініп, отбасы мен сахабаларының алдында ең әсем күйде жүрген. Сонымен қатар "Алла өз мейірімін құлдарының үстінен көргісі келеді" деп үнемі айтатын болған. Омар (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Омардан (Алла оған разы болсын) жаңа киімін алып келуін өтінген және киген күйде "Осы киіммен әуретімді жапқызып, үстіме әшекей еткен Аллаға шүкір" деп барша үммбетіне тағы бір үлгі көрсетіп кеткен. Сахабалар және оның артыннан ерушілер сыртқы келбеттің маңыздылығын жақсы білген. Ұлы ғұлама Әбу Ханифа әрдайым әдемі киініп өзгелерге де соны насихаттаған. Имам Ағзам өзінің шәкірті Әбу Юсуфке көркем киінуді өсиет қылған. Жоғарыда айтылған мысалдарды есте сақтап, сол ниетте мұсылман ер мен әйел таза, ұқыпты әдемі жүру арқылы Пайғамбарымыз Мұхаммад Мұстафа (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сүннетін жаңартып, шексіз сауапқа кеңелетіні сөзсіз.

материал «Исламдағы әйел» кітабынан алынды,   

ummet.kz